Табылдының Айнамкөзіне және т.б.


Табылдының Айнамкөзіне
Неліктен мені қабылдамадың,
Сыйладың солай қабырғама мұң?!.
Сен жайлы білем бәрін қарағым,
Қызы емессің бе, Табылды ағаның?

Әркімге кетті әттеген есем.
Бақытсыздарға бақ бере ме шен?
Көріп кеткенмін мен сені қалқам,
Келіп-кеткенде Ақтөбеге Сен!

Табылды досым ерлер кешегі,
Елім деп әкең өлген деседі.
Табыл ағамның күйеу баласы,
Болғым кеп кетті көргенде сені.

Мен сені нәзік көрем бе гүлдей,
Күлімдеп қойшы төбемде күндей?
Қалқатай неткен әдемі едің,
Табыл ағамның өлеңдеріндей?!

Жаратқан жар ғой қорыққан құлға,
Көркіңді сенің көріп таңмын ба?
Жырыңа ғашық едім Табылдың,
Қызына ғашық болып қалдым ба?!

Сені ойлап атты таңым арайлы,
Сыйлама бірақ бағыма қайғы.
Мен сені қалқам солай сағынам,
Қалай сағынсам Табыл ағайды.

Ұнатпайсың-ау жаным бәсеңді,
Үміт үзіліп, бағым да сөнді.
Өзіңді әрең іздеп таптым ғой.
Өтінем қалқам қабылдашы енді.


Табылды аға-оу...
О-о-о, Табылды, тау талант, дүр сері,
Сергелдеңге салады осы кім сені?
Батырлардың аяқталар майданы,
Ақындардың таусылмайды-ау мұң-шері.

Ақындарға өмір-қымбат, ұйқы-арам,
Аға, жырың құйқылжиды құйқадан.
Ұйықтап жатып қалғасын сен оянбай,
Жалғызсырап қалды қара гитараң.

Елесіңді мәңгі сақтап енді еске,
Өлеңіңді-әніңді айтам мен кеште.
Енді бізге таптырмайсың Табылды,
Ешкімге айтпай кетіп қалдың келмеске.

Ақын-сәби ел-бесікке тербелген,
Мәңгі-бақи тұрақ таптың Дендерден.
Атыраудың таудан биік - Табылы,
Жер астына қалай сыйды өр кеудең?

Жырың қалай жүректерді жібітпес,
Қайда сол бір сіз ән салған тұнық кеш?
Жалмап еді Мұқағали ақынды,
Сізді де алды қарғыс атқыр «қырық бес».

Атаққа түк қызықпаған мәрт ақын,
Қалар мәңгі «тұңғыш әнші бард» атың.
Жартысына келген соң ба қырықтың,
«Қырық бестен» болдым менде қорқатын.

Ұйықтап жатып оянбауың шер еді,
Табыл аға, ақын неге өледі?
Бейуақытта ұйықтап қалам, себебі,
Сізге қарай барып-қайтқым келеді.


Керісінше болса
Тәңірден дұға тіледім,
Өзіңмен қырат асуға!
Мен сені жұбатып едім,
Сен мені жылатасың ба?

Жанымды жылатпа менің!
Сезімді құлыптадың ба?
Мен сені ұнатқан едім,
Сен мені ұмытқаның ба?

Бағыңды қоймай тіледім,
Басқамен сайран құрдың ба?
Мен сені ойлайтын едім,
Ойымды ойран қылдың ба?

Біздегі баяғы ай-күн ғой,
Жанымды саялайсың ба?
Мен сені аялаймын ғой,
Сен мені аямайсың ба?

Жатамын жамылып жыр-мұң,
Жанымнан табылмайсың ба?
Мен сені сағынып жүрмін,
Сен мені сағынбайсың ба?

Мен үшін ұдайы алғашсың,
Келерсің аңсаған күні !!!
Мен құсап шыдай алмассың,
Керісінше болса барлығы.