Табылдың әні


Табылдың әні
Cөзі мен әні автордыкі

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
Қозым-ау деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме, 2 рет
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам.

Оянбай қалам, бұл шындық, ұрыспа қарғам,
Шөлмек-тірліктің белгілі құлай сынары...
Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған, 2 рет
Бауырыңа басып егіліп, жылайсың әлі.

Жүректе - ызғар, баста - мұң, көңілде - қырау,
Оңай ма жаным кеудеңді қайғы ауыртқасын.
Жүретін кезім болды ма өмірде мынау, 2 рет
Шараптан емес, шаттықтан айналып басым.

Басымнан ұштың, бақытым, базарым едің,
Ақ арман неге қол бұлғап шақырмайды алдан.
Отырам сосын тұнжырап, сазарып өңім, 2 рет
Оқтаулы мылтық секілді атылмай қалған...

Атыңды сенің айтамын ән қылып неге,
Қозым-ау деші күлімдеп Баяндай маған.
Тірлікті мынау, жаным-ай, мәңгілік деме, 2 рет
Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам.