Бардтық өнердің түп тамыры – жыраулық дәстүр

Әңгімелескен Жұмабай Құлиев


Табыл ДОСЫМОВ:
Бардтық өнердің түп тамыры – жыраулық дәстүр
Табыл Досымыз, сөз жоқ, бүгінгі ән өнеріндегі танымал тұлғалардың бірі. Өйткені, ол қазақтың тұңғыш бард-ақыны. Аз уақыттың ішінде үлкен абыройға жеткен, өз өнерімен тыңдаушы сапасында ерекше ой-сезім тудырған өнерпазбен сұхбаттасуды жөн көрдік.
- Табыл Аяшұлы, өнердегі алғашқы қадамың қалай басталды, біреу гармон, біреу домбырамен бағын ашады. Ал, сенің қолыңа тұңғыш рет гитара қалай түсті?
- Біздің балалық дәурен баяннан гитараға ауысқан уақыт еді ғой. Шалғайда жатқан қазақ ауылында не бір ғаламаттар бола бермей ме? Менің әкем Аяштың туған інісі Новосібір аймағында әскерде боп, сол жақтан мондолина аспабын алып келіпті. Тәтем Ізекен 1936 жылғы. Оның заманының аспабы-мондол. Оны біз көріп қалдық. Сондықтан менің де қолыма сол аспап түсті. Оның ерекшелігі – домбыраға қарағанда музыкалық кеңістігі өте бай, мүмкіндігі мол... Менің мондолдан гитараға құлаш ұруыма себеп оның әуезділігінде, саздылығында еді.
- Қазақта әншілер жыртылып-айырылады, бірақ бардтық өнерді таңдағандар жоқтың қасы. Мұны қалай түсіндірер едің?
- Қазақта небір музыка зерттеуші, мамандар, немесе тағы сондай әуен құрылысына қатысты адамдар БАРД өнерінің ерекшелігін әңгіме қылғанда менің айтпағым;
Егер ол өнердің бір ерекшелігі деп айтар болсақ – оның түп тамыры – жыраулық дәстүр. Бірінші планда сөз, ал оны тыңдарманға жеткізуші құрал – ән.
Мен бұл өнерді ғайыптан таңдаған емеспін, біздің тұрғыластарға В.Высоцкий өте қатты әсер етті. ҚазМУ, қала берді Алматыдағы талантты ақындарды көре тұра өзімнің сара жолымды іздегенім де өтірік емес қой. Оның бәріне студенттік күндердің небір қызықты думанның бірге кешкен бір өзің куә емессің бе? Көп ақынның бірі болғанша елге ерекше әсер етер соны өнерді дамытқым келгені де шындық. Және солай болған да болар.
-          Сенің әндеріңде адамды бей-жай қалдырмайтын терең ой,
қамырыққан мұң, тағдырлық пайым бар. Оны өзіңдей орындау оңай емес. Талай ағаларымыз шәкірт дайындай алмай арманда кетті. Осыған не айтасың?
-          Мен бұл сұрақты екіге бөлер ем:
1.Біреудің шығарған әнін біреулер орындау міндет емес, тыңдап қана қанағат алар, ләззатқа, сезімге шомылар дүниелер болса керек. Менікі – сондай.
2.Шәкірт даярлау, оны өзіңдей етіп айттыру міндет емес. Біреудің ішкі сезімін ешқашанда басқа біреу сондай етіп бере алмасы анық. Өнер қайталанбас құбылыс. Ол сонысымен құнды.
- Табылды, алғаш рет «Ұнатамын мен сені» әніңмен «Тамашада» жарқ ете қалдың да, содан кейін Атырауда, бара-бара Дендерге тығылып жатып алдың. Алматыдағы аламан дүбір ән байқаулары сені елеңдетпей ме?
Қателесесіз! «Тамашада» алғаш «Ештеңе де керек емес» деген Есенғалидың сөзіне жазылған әнмен көрінгенім рас. Өзіңіз де білесіз, аламан думан, ат-көпір жиыннан қашықтау, Қорабай салған серілік-салқалдық сара жолмен менің де саяқтау тірлік кешіп келе жатқанын өтірік емес. «Құс ұясын аулаққа салады». Мен Алматыда тұрып (жүріп) жатқан ақындарды кейде аяймын. Менде бәрі бар:
Кеңістік, Бостандық, Азаттық. Ең бастысы – Азаттық! Өйткені мен – Далалықпын. Мені мұнда әлдилейтін кең жазира бар. Былайша айтқанда, бұл жерге Аманханның да аяғы жетпейді. Бұл күнде мен Алматыны емес, Алматыдан мені іздеп келушілер қатары көбеюде. Бұл, негізі, тазалыққа, ақтыққа ұмтылудың басы деп білем, хош келеді!
-          Рухани жалғыздық дегенді қалай түсіндірер едің?
           -   Жалғыздық – ол тазару! Жалпы бәріміз де жалғызбыз. «Адам жалғыз -Жер жалғыз, Құдай жалғыз – мен жалғыз», - деп Әубәкір дос (Смайылов) кезінде өлең жазған. Ал, оны түсінбей жүрген Қалдархан қалпе ғана...
- Ана бір жылдары Манғолияға шығармашылықпен сапарлағаныңды білеміз. Ол жақтан не түйіп оралдың?
- Иә, болдық қой. Қазақтың қазақтығын сонда білдік. Неше бір шұрайлы, шалғынды мекендерді тастап, «сұмындарды» (ауылдары) иесіз қалдырып көшкелі жатқаны – Қазақстан. Біз соларға елдік құшақ жая алдық па?
- Өнер адамына мемлекеттік қызметтің берері бар ма?
- Бар, өте бар. Шын, шынайы шығармашылық иесінің жүретін-ақ жері. Мен сол ортада «Нан тауып» жүргеніме қуанам.
-Жалпы, бардтық әндер қалай туады, бұл жерде оқыс әсердің әлде бір оқиғалардың септігі тие ме?
- Бардтық әндер де қазақтың қарапайым әндері секілді туа салады-дағы. Тек құдай келер жерін кең қылсын.
-Өткен жылы радиодан берілетін «Әкеме», «Қоштасу», «Жас қалам», әндерімен тыңдарманның құлақ құрышын қандырған шандоз гитарашы Қорабай Есенов ағамызға арнайы қонаққа барып қайттың. Алған әсерің де аз болмаған шығар?
- Қорабай Есенов – біздің тұрғыластардың арманы, адамилыққа, мөлдірлікке бет түзеген маягы. Қазақта, мен білсем әні тарап, зор махаббатқа ие боп, халық жүрегінде тербеліп аты-жөні белгісіздеу қалған бір әнші-сазгер болса, ол – Қорабай. Бүгінгі ұрпақ Қорабайды танымайды, ал, оның әнімен ер жетті. Ол ерте танылды. Қазіргі әнсүйер жас буын оны әлдеқашан жарық жалғаннан көшкен, бұрынғы заманның әншісі деп ойлары хақ. Ол болса ауылында бұйығы ғұмыр кешіп жатыр. Қорабай – арман. Аңыз, тірі аңыз... Оның тірі аңыз боп жүруі мені де тәнті қылады. Менің поэзиядағы тәңірім – Светқали, әндегі патшам – Қорабай. Олардың екеуі де тірі аңыздар... Мен де олар секілді тірі аңызға айнала алсам деген ой жанымды мәңгі жай таптырмайды.
- Кейде консерватория мұғалімдері шәкірттеріне «саусақтарың қатып кетеді, ауыр қол жұмысын істемеңдер» деп ақыл айтып жатады. Ал, сенің дөрекі, қатқыл, жуан саусақтарың гитара ішегіне тисе болды, нәзік әуендер төгіле жөнеледі. Мұның сыры неде және болашақта өз әндеріңді қан, сөлін жоғалтпай жеткізетін өнерпаздар шығады деп ойлайсың ба?
- Ай, ақкөкірек ағам-ай, ештеңе білмегендей, дым көрмегендей сұрауыңа жол болсын...
Мондолинаның нәзік шектерінің «шекесін шерткен» менің добал саусақтарым гитарада жаңылыспай жорғалайтынын өзің сол бір шақтардан көріп «өстің» ғой.
Ал, біреудің әнін біреу, біреудің сазын, тәсілін әлдекім аудармай қайталар деген пайымға қарсылық білдірем. Жалпы, біздің елде «Тақ-тақтың түбі тақ-тұқ» деген сөз бар. Бір туылған бала дүниеге қайтадан сол қалпында келмейді ғой. Сондықтан: Таланттың түбі – жалғыздық...
Журнал оқырмандарына не айтасыз дегендей жауыр сауалдың бірін қоймағаныңызға рахмет айтам! Сізбен сырласқан әрқашан мен үшін рахат! Сұхбатымыз үзілмесін.