Табыл досыма

Табыл досыма

Сөзін жазған: Б.Қалмағанбетов
Әнін жазған: Қ. Көбентай

Ол қашан отты жырдан тосылыпты,
Сапына жайсаңдардың қосылыпты.
Индерборда мықты ақын бар деуші еді,
Осы жұрт біле ме екен Досымовты?!

Атырауды теңселткен арынды үні,
Әрине, халқы ұлықтар дарындыны.
«Алмас қылыш жатпайды қын түбінде»,
Неге, неге білмесін Табылдыны.

«Заман мынау, қалайша жайланайын»,
Мақпал түнде сыр айтқан айға дәйім.
Достарына жайылған дастарқан боп,
Дұшпанына қадалған найзадайын.

Кінә да артпас, жаман деп өткенді де,
Сын садағын тартады дөп келді ме.
Ағаттығын шыжғырып бетке басар,
Хан-қара ма, шенді ме, шекпенді ме!

Маңдайыңнан қазір кім сипаласын,
Көңілдерге сәулелі күй тарасын.
Дегендейін кей сәтте оңаша қап,
Іліп-тартып отырар гитарасын.

Ұласса да сұлу ән арты мұңға,
Берілмеген күйректік, жалқы мұңға,
Махаббат па, ата-ана, кісілік пе
Бәрі бар «Жанарымның жарқылында».

Еске салып, балалық, киік-күнін,
Арулардың сезімін иітті кім?!
Жырларында Жайықтың тереңдігі,
Дарытқандай Алатау биіктігін.

Уақыт шіркін алға асып зымырады,
Көлеңкесін өмірдің кім ұғады?
Төске түскен темірдей ақын ғана –
Корчагинше құрыш боп шынығады.

Аңсап тұрған асаудай паң даланы,
Сауырға қамшы тисе шамданады.
Айтқызбай-ақ ойлы жас ұғар бәрін,
Шын ақын қажет етпес жарнаманы.

Құйғытқанда терлік те тақымда іріп,
Тұлпарды байқамаймыз жақын жүріп.
Ойланыңдар, пенделер, бірақ-бірақ –
Мықтыны да мойындау ақылдылық.

Ақынның да қолдайтын жақтасы бар,
Кейде, бәлкім, тасадан оқ та атылар.
Жұдырықтай жүректе – бүкіл әлем,
Тыншымастан беймәлім жаққа асығар.

О дүниеде даңғаза, дүрмегің де,
Қажет емес жайлы өмір сүргенің де.
Ақын деген жүрегі нәзік халық,
Бағалайық жер басып жүргенінде!