Қазақ едім дегенше...


Қазақ едім дегенше...
Қазақ едім дегенше, құсалықпын десеңші,
Тұзағына талайдың тұсалыппын десеңші.
Сәкен, Ілияс, Бейімбет - үш арысты бір түнде,
Арамыздан ап кеткен («Үш әріппін» десеңші.)2 р.

Қазақ едім дегенше, бастық едім десеңші,
Самар асқан составпен астық едім десеңші.
Өзіме өзім, дүние-ай, қас қып едім десеңші,
Қырып салған халқымды (аштық едім десеңші.)2 р.

Қазақ едім дегенше, нар едім ғой десеңші,
Бар дәулетті шашуға бар едім ғой десеңші.
«Кемелденген кездерде» 50 миллион болып,
Құла түзде мыңғырған (мал едім ғой десеңші.)2 р.

Қазақ едім дегенше, дарын едім десеңші,
Әуелетіп «Айдайға» салып едім десеңші.
Бойдан қуат кеткенде ұл-қызыммен қоштасып,
Қарттар үйі алдында (қалып едім десеңші.)2 р.

Қазақ едім дегенше, өлім едім десеңші,
Басындағы әркімнің бөрігі едім десеңші.
Шәкәрімдей шыңырау тектілерді шыңғыртып,
Алпыс жылдай архивке (көміп едім десеңші.)2 р.

Қазақ едім дегенше, бөлтірік ем десеңші,
Шаш-етектен талайға қарыз едім десеңші.
Мың жылда бір туатын Мұқағали секілді,
Алыбымды «абайсыз» (өлтіріп едім десеңші.)2 р.

Қазақ едім дегенше, нағыз едім десеңші,
Шаш-етектен талайға қарыз едім десеңші.
Қолым «қышып» кеткенде ер-азамат үстінен,
Астанаға жазылған (арыз едім десеңші.)2 р.

Қазақ едім дегенше, дінсіз едім десеңші,
Қазақ едім дегенше, құнсыз едім десеңші.
Өзбегіме мал сатып, шашылығын сыраға,
Қосып жеген, дүние-ай, (мұңсыз едім десеңші.)2 р.