Атырау өлкесінің қай аймағын алып қарасаң да таланттылардың ошағы деп оң баға бересің. Дарындылардың дариясы болған Дендер ауданы – Табылдының да туған жері. Ел азаттығы үшін күрескен Исатай мен Махамбеттің, Сырым Датұлының, ақберен ақын Мұрат Мөңкеұлының, сөзі дуалы Малайсары мен Жиембет сынды тарихи тұлғалардың табаны тиген қасиетті жерден таланттардың шықпауы да мүмкін емес.Осындай ұлы талантардың жалғасы Доспамбет, Шалкиіздей жыраулардың сарқыты – қазақтың жалғыз бард әншісі Табылды Досымов - 1965 жылы 15 шілдеде Атырау облысының Индербор кентіндедүниеге келген. 1982 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдады. Табылдының әншілік, сазгерлік, ақындық (бард) таланты осы университет қабырғасында қалыптасып, қалың жұртшылыққа жарқырай көрінді.Әні құлақ құрышын қандырып, өлеңі өмір тынысын танытып, өзі сахнаның сәніне айналып еді.
Желтоқсан көтерілісі Табылдыны да айналып өткен жоқ.
Оқудан шығып қалып, кейін қайта жалғастырды. Оқуды бітіргесін, Табылды елге
оралды. Мамандығы журналист болса да, өнерді мұрат тұтты.Шығармашылығы да
шарықтай түсті.
Атырау облыстық телерадиокомитетте, облыстық филормонияда
редактор, әнші бола жүріп, «Желтоқсан жебесі» жас дарындар тобының жетекшісі
қызметін атқарды. Индер ауданындағы Махамбет қорығын, Тіл басқармасын басқарды.
Өмірінің соңғы ондаған жылдар шамасында
Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы болып қызмет
атқарды.
Табыл – қазақ әнінің тарихынан мол мағлұматы бар эрудит
сазгер, жырау. Оның әуезінен баяғы серілер заманындағы қазақ әнінің биік рухы сезіліп
тұрушы еді. Сонымен қатар, терең сағыныш,ел алдындағы жауапкершілік, перзенттік
борыш, нұрлы сезім, тәкаппар намыс атойлайды. Ол «Жанарымның жарқылы»,
«Ұнатамын мен сені» атты үнтаспалары, «Биіктік», «Мен қазақпын», «Табылдың
әні», «Қазақ едім дегенше..», «Сәйгүлік», «Аманғалидың әні» «Жанарымның
жарқылы» (2000), «Ұнатамын мен сені» (2002) жыр жинақтарының авторы.
Республикалық «Үкілі үміт» байқауының дипломанты,
облыстық Жастар сыйлығының лауреаты (2000), Қазақстан Республикасы Мәдениет
және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталған
(2003).
Қазақтан шыққан тұңғыш
өршіл рухты, тарлан талантты бард ақын, композитор, әнші, Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Индер аудандық мәдениет
және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Табылды Аяшұлы Досымов небәрі 45 жасында
жасындай жарқ етіп, 2010 жылы қазанның
18-жұлдызында фәниден бақиға озды.
Қайталанбас ақындығымен, әншілік шеберлігімен қалың жұртқа кең танылған өнер
тарланының әлі де шығармашылығы шырқау биікке шығар тұста сұм ажал құрығын
салып ортамыздан мезгілсіз алып кетіп отыр. Ол қазақ дәстүріндегі сал-серілік
өнерді жаңғыртып, оны бүгінгі заманға өзінше лайықтап, ерекше мәнерімен жалпақ
жұртқа кеңінен танылған сегіз қырлы, бір сырлы жан еді.
Жыраулық поэзияның өзегінде жатқан қаһармандық рух, ел
мен жерге деген шексіз сүйіспеншілік, көкейдегі арманды кесек сөзбен толғай
жеткізу – Табыл өлеңдеріне тән басты ерекшелік.
Сөздің тек асылын теріп, алмастай өткірін саралай білген, талғамы биік,
кесек бітімді ақын Табылды Досымов
бабадан мұра болған жыраулық поэзияны батыстың бардтық өнерімен
үндестіріп, ұлт жырының әлем поэзиясынан артық болмаса кем түспес тегеурінін
танытып, мына жаңа заман көрігінде қорытып, жұртына жарқыратып ұсына білді.
Қазақтың өлеңіне батыстың гитарасын жұп етіп, кешегі жырау ұстаған қобыз бен
домбыра шанағында толқыған «тұманың тұнық суындай» мөлдір жырды гитара әуенімен
тыңдарман жүрегіне сіңірген Табылды ақынның соңындағы
көлемі жағынан аз болғанымен көркемдік қуаты жағынан салмақты мұрасы ұлттық
өнеріміздің қазынасына айналары сөзсіз.