ТАБЫЛ – КӨҢІЛДІҢ ҚОҢЫР МҰҢЫ

ТАБЫЛ – КӨҢІЛДІҢ ҚОҢЫР МҰҢЫ
Бірінші сөз
        Табыл – қазақ поэзиясының табысы. Табыл өлеңдерінің табиғаты – Табыл табиғаты. Өйткені мұнда жасандылық жоқ. Ол – оқырманның науқандық жасампаз ұрандармен жауыр ететіндердің сапынан емес. Бұл – бір бүтін, тұтас ақын. Ақын – Табыл, адам – Табыл ажырамастай бірге. Өйткені өмір-дана, көңіл-нала, бала-шаға Табыл-көңілді, сері-көңілді өз сырларына ерте үңілдірді, мүмкін, кейде түңілдірді, кім білген... Әйтеуір, Табыл поэзиясының мөлдірлігі, тазалығы рас.
        «Жанарының жарқылын» әлі де болса, жасандылық жаулап үлгермеген топ ақын қалса, солардың санатынан Табылды да табарыңыз хақ. Себебі студенттік партадан біз білген Табыл – көңілі ақ, пәк, мәрт болатын. «Жанарының жарқылы» - деп аталған жинақтан сол асылдардың көңіл қамбасының қазынасынан әлі де болса абыройлы орында екенін сезініп, көңіл қуанды.
        Табыл – табиғаты қызық ақын.Жинағында атап көрсеткендей, «қазақтың бард ақыны» дейді де. Бұл – тұп-тура ақын ерекшелігіне берілген атау. Өйткені Табыл – орындаушы, Табыл – сазгер. Табыл – тіпті оранжировка шебері (мысалы, Е.Раушанов «Жолданбайтын хат», М,Мақатаев «Ұнатамын мен сені» т.б.). Ол – әнді орындауда жаңа стиль тудырушы да. Ол – еліктегіш ақын емес, өзіне еліктетін ақын. Жастар арасынан Табылды үлгі етіп, оның дауысты әдемі созу, қарасөзбен баяндап отырғандай түсінікті, көркем тақпақтай келіп сазды қоңыр үнмен көмкере салу, сиқырлы жымиыс, өлеңге бітім-болмыспен қызмет етуі...тағысын тағыларды өздеріне айнытпай көшіруге тырысушыларды жиі кездестіреміз. Әйтеуір, бұл – даңқ-дәрежесін уақыт патша белгілейтін, соңынан шағын да болса өзіндік мектеп қалдыра алар өнер үлгісі. Енді «бард» сөзіне оралайық: «бард» сөзін тура мағынасында алар болсақ, көне кельттер тілінде «ақын», «жыршы» деген ұғымды танытады. Және қосымша, келтірінді мағынасы – батырлық, ерлік жыршысы, жырлау. Яғни, бард – ежелгі кельттердің халық поэзиясының өкілі, жыршы, ақын. XVIII ғасырдан бастап термин мағынасы кеңейіп, «ақын» сөзінің баламасы ретінде қолданылған. Осы секілді, орыс поэзиясында В.Высоцкийдің де «бард ақын» аталуы «бард» сөзінің ежелгі ұғымына, ойды беру стилі тұрғысынан сәйкес келеді. Ал В.Высоцкий мен Табыл поэзиясын бір-біріне ұқсас, жақын етіп тұрған – сөздерге жаңа мағына жүктеу, ерекше мінезді тентек тіркестер, асау ой, адами бүтіндік, серттілік, мәрттік, шартпа-шұрт сәттік найзағай шабыт маржанын күн немесе күнгей демей, дауыл деп елемей шашып өтер ақ жаңбыр сезімдер.
        Сонымен, ой зертханасына салып сараптар болсақ, мәселе стильге келіп тірелетіндей, яғни қасқайып тұрып мәрт айтылар ақиқаттың ақ сөзінің жыршысы. Ешқандай идеологияға мойынсұнбай, жаратылыс пен болмыс туралы«өзіндік» ой сомдаушы тұлға. Жалпы, теориялық тар қалып талант табиғатын жан-жақты аша ала ма? Өйткені Табыл поэзиясына стильдік тұрғыдан келер болсақ, бұл «серілік» өнерден де алшақ емес. «Сері» сөзі, бәлкім, арабтың «сир» (сейір) – «қыдыру», «кезу» деген сөзінен туып, серуен, сайран салу мағынасына айналып, сонан «сері» ұғымы қалыптасқан болуы мүмкін. Ал В.В.Радлов «сир» (сейір) қазақ, татар тілдерінде «серігу», «тынығу» мағынасында екенін, сонымен бірге сарын – сарнау (төлеуіт, сағай, қайбал тілдерінде де), өлең, ән айту, жырау мәніндегі сөздерге жақындығы барын ескертеді. Қазақта сал-серілер аз болмаған. Олар ақындығынан да гөрі елге әндерімен, сауық-сайранымен, ерке, ерекше мінезімен, әншілігімен етене жақын. Дәл осы қасиет – сегіз қырлылық Табыл табиғатына да жат емес.
          Сөз түйініне келер болсақ, қай ақынның да я «бард», я «сері» боламын деп сөз саптамасы хақ. Бұл – табиғат үлесі. Шын мәнінде де, ҚазМҰУ-де, көркейте қолдансақ, Алматыда Табыл жырларын ауыздан-ауызға таратқан «Табыл жылдары» салтанат құрған уақыт та өтті бір кезде. Осылай ауызша таралу – XX ғасыр өкілінің өзіндік ерекшелігі демеске де, амал жоқ.

Екінші сөз
                                               Ей, оқырман, төрешілік – салт ұлы,
                                               Пайымдарсың, болса сендік ар тірі.
                                               Мынау жырлар, шамырқаған шақтарда
                                               Бір жалт еткен жанарымның  жарқылы», -
деп әдемі инверсиялық ораммен оқырман қауымға салмақ тастай басталатын ақын сөзіне бұл мақала сын айтып, мін тағуды да, төрешілік құрып үкім шығаруды да мақсат етпейді. Біздегі үлкен тілек – жауырынды жырдың жолы болып, жинаққа айналып, жүректерге жылу құйғанына қошемет білдіру. Сағынған көңілдің қоңыр мұңымен табынған жүректің  тәтті армандарын жанардағы жазудан оқып, тануға ұмтылу. Жалпы, белгілі бір ақынның шығармашылығын зерттеуде жылнамалық жүйемен сатылай отырып, ақын дүниесінің өсу, дамуын сыртқы қоғаммен байланыстыра қарау тиімді. Табыл поэзиясының тақырыптары, тіпті өлеңдегі көңіл-күйінің өзі сан қилы астарлы болып келетіндіктен де, қолымен көрсетілген уақыт, яғни бір ғана цифр ақын шығармашылығының тарихын өзіне жинақтап тұрар еді, мүмкін, ақын қолжазбасында бұл таңбалар бар болар. Бұл тіпті шығармашылық күнделігі іспетті де, әрі шынайы. Табылдың шағын жинағында – қоғамдық көзқарасын анықтар саяси-әлеуметтік лирикалар, ақындық тұлғасын сомдаған көңіл-күй лирикалары, табиғат лирикалары, қазақ поэзиясының дәстүрлі стиліне мүлдем ұқсамайтын тәкаппар да паң, сол сәтте және нәзік махаббат лирикалары, философиялық ой-тұжырымдар келіп ақындық кредоның  тұтастығын құраған.
Ақынның «Әулет диалогі» - қазақ өлеңіндегі диалог-сұхбат үлгінің өзіндік бір түрі, яғни ойды қаз-қалпында (дәл формасында) берудің жаңа стилі. Мысалы,
Атам «Аттан, кедейін!» айта күліп,
Әкем жатты «Фашистер тойтарылып»...
Мен даурықтым: «Жатырмыз қайта құрып!»
Ұлым күлді: «Кетпейік қайта құрып»...
«Әулет диалогі» - ұрпақ диалогі, ол – астарлы оймен тізбектелген ұлт тағдыры, әр жолы жеке бір тақырып, әр түрлі тарихи кезең көріністері. Ақынның көркем ойды жүйелей дамыту арқылы өзіне қазақ тарихының трагедиясын жинақтаған тағы бір өлеңі – «Қазақ едім дегенше...». Жалпы, Табылдың саяси-әлеуметтік лирикалары – жазылу және орындалу тұрғысынан да «өлең-әңгіме» секілді жаңа үлгі.
Сонымен бірге жинақтың ен бөлігін құраушы көңіл-күй лирикалары астарынан сынықтап жинап, толық ақындық мінезді тануға болғандай. Тағы бір жайт, ол – Табылдың арнау өлеңдері астарындағы көңіл-күй формаларының жасырын түрдегі сағыну, түсінісу, сырласу үлгісінде сырлы сезімге айналуы.
Мәселен,
              Көңілімнің кіршіксіз ақ парағын
              Айғыздады тағы да қап-қара мұң.
             Қадіріңді арттырған ер едің ғой,
             Қабіріңе егіліп көп қарадым.
немесе
           Жанарыңда мұнар мұң бар,
           Сол бір мұң,
           Кіреукесін көтертпейді-ау көңілдің..,
          Қабағыңда бір қайғы бар, бір қайғы
         Сол бір қайғы бақытыңды бұлдайды.


         ...Дидарыңда сағыныш сағыныш бар,
        Сағыныш,
        Со  сағыныш жасар бір күн жарылыс», -
деген жолдарда ақын сезім құбылыстарына рең беру арқылы (мұң – қайғы – сағыныш) дамыта ойнатады.
             «...Артыңда қалды көмген соң көріңе өкірер,
             Таңдайы қайқы, маңдайы тайқы қазағың»...
немесе
              ... Қай тентегіне тектілік танытар дейсің,
             Махамбеттің басымен ойнаған халық...» -
деп келетін, айтар ойы күрделі жолдарда пессимизмнен гөрі ақындық тағдырды мойындаған тектілік иесі басым. Әсіресе ақын М.Отарәлиевке бағышталған жырлары аталып өтуі керек-ақ. «Ол ақынды көрге бір-ақ тепкенбіз» - деп, Табылдың өзіне ғана тән «тентек» жолдармен басталатын «Сен кім едің?» өлеңіндегі әсершіл ойнақы сезімге құрылған жеңіл юмор мұң мен өкінішке аралас өрілген. Ал «М.Отарәлиевке» элегиясында бейнелі көрініс тапқан «ақындық-тағдыр» трагедиялары арқылы ақын – өмір, тіршілік сұрақтарын көтере отырып, жанр табиғатын шебер ашады және «өлең – көңіл» образының біртұтастығын сомдайды.
             Сезіндім, аға, уақытты сылдыр бұлақтай,
            Безіндім, аға тірліктен сусыр сынаптай.
           Көз ілгім, аға, келеді, кейде сен құсап,
          Сезімнің жара тұстары жанды шыдатпай.
Табылда өзіміз байқап отырғандай, дәстүрлі қолданыс «жаралы жүрек», «жаралы жан» емес, «сезім жаралы». Яғни ақын мазмұнды да бейнелі образ жасай отырып, өлеңнің айтар ойына жаңа мағына жүктейді:
Халықты қара, көз салып қала ішіне,
          Алыпты дара, айналдырмақшы кішіге.
         Жаңа ұқтым, аға, өлім дейтіннің не екенін,
         Тамұқтың қара сұлбасы еніп түсіме...
Лириканың қай түрінде де тіршіліктің экзистенциалдық сұрақтарының мәнін іздейтін ақын: «халық» пен «дара», «алып» пен «кіші» сөздерін қайшылықты мағынада қолдана отырып, рухани жоғалу, сөну, өлім құбылыстарын жинақтайды.
Пендеуи қайғы сырғымай қатпар қабақтан,
Беземін сосын шулаған, жұрттан, шараптан.
Сайтан адасып кететін қара түндерге,
Шайқала басып сіңемін, шығып қабақтан», -
деген жолдар да пенделік тірліктің адамды жалғаннан бездірердей қасіреті, мұңы бейнеленген. Табылдың барлық лирикасының астарына өрілген, осы бір қоңыр мұң – ақынның махаббат лирикасының да әдемі бойтұмарындай, яғни Табыл да махаббат пен мұң – егіз. Ақын поэзиясының негізгі тақырыбы – адамды алға жетелеп, бойына жігер құятын жылы сезімдер десек те, бұл құбылыстар Табыл поэзиясында ақынның өз әлемінің сырлы бояуына қанығып, мұңына малшынған «күрең күзіне» айналады. Табылдың жалғандық пен жасандылықты жасыра алмайтын өмірдің өзіндей шынайы поэзиясы – көңіл күрең күзінің» галериясы. Мысалы,
            ...кезіктім саған...
                 қалаға сыймай қаңғырып жүрген кезімде...
                 болашағымды дал қылып жүрген кезімде,
                 ...адам біткеннен түңіліп жүрген шағымда,
                 Тағдырдың талай тайғанағынан
                                                      сүрініп жүрген шағымда.
Ақынның «азапты көңілін қажаған ен бейнетін» баса білген жанға «сүйікті сұлу, ғашық т.б. әдеттегі анықтауыш-жобалар әлсіз көрінетіндей. Ол – әйел! Бірауыз ғана сөз. Ол – «шамырқанған» шабытты сабыр сабасына сала білетін – ақыл мен сұлулықты, тәтті сезім мен адалдықты бойына жиған образ. Асқақтаған ақынның бәрі жыр еткен бұл сезім құдіретінің Табыл да өрнектелуі де ешкімге ұқсамайтындай ерекше, бұл, мүмкін, оның бойына біткен талантының жан-жақтылығынан да болар, өлең-сөздің астарынан оқырманның тек қана ақын – Табылды емес, сазгер – Табылды да табатыны хақ.
              ...Жолықтың маған арнайы асқақ әндей боп,
             Мұңды әуенімді паршалап...
            ...Қайғыдан жылап көрмеген едім,
            Жылағым келді бақыттан...
немесе
Бақытым менің жырақтап еді,
              Жырақтап бәрің кетіп ең...
             Бірақ та мені,
             Құлатпа мені,
жылатпа мені, өтінем.
Құласам егер құлармын, сірә, тұра алмай,
            Жыласам егер
           Жылармын, сірә, жылармын, сірә, жұбанбай... –
деп келетін өлең жолдарында ақынның жанының жабырқаған жай-күйі, көңілінің халі, жүректегі махабатының күші ешбір боямасыз, шынайы.
           ...Сүйем деп саған айта алғаным жоқ.
            Сүйетінімді сезіне,
            Сүйем десем де, сенбеуші ең сонда сөзіме, -
деп келетін жолдарда көз жас, сағыныш, торығу, реніш, қамығу, түңілу, іздеу – бәрі, бәрі бар.
            Табыл қаламы лириканың сан түрінен: элегия, баллада, микропоэмалардан да сыр тартқан. Және сәтті! Мысалы, Абай рухымен сырласқан ақын, өлең-сөздің бағасын, эстетикалық танымын, сөз мәдениетін өзінен кейінгі жас буынға үлгі-өнеге етуде де, Абайдай абай болуды философиялық кеңдікпен ұқтырады, бұл – білім даралығы, ақын даналығы өз алдына бір ғанибет құбылыс.

                Текті Тобықты торсық шеке ұлды
               Тоқалынан-ақ түлеткен,
               Алшаңдай басқан абайсыз елге,
              Абай, Сіз керек болғасын..
«сендерді қайтсін, жабырқау жыр мен мұқалған көңілі мұңды өнер Абайың түгіл, Құдайын таптап жүрген ел»...
             Абайдың рухы! Кезің бір келді
            елге де біздің ат байлар,
            Текті өнеріңді теңгеге салған
           Тентекті көрсең тоқтай қал!
           Шәкәрім менен Абайды көріп,
          Шамасын біліп, жыр жазбай.
          Өз даңқын өзі өлтіріп өткен,
пайғамбар екен Көкбайлар.
Сонымен, Табыл туралы ой да, сөз де көп. Мақсат еткен үрдімізден шыға алдық па, жоқ па... Ал Табылға тілек – ойларыңды жарасымды, құнды етуші қоңыр мұңдарыңыз қалдырып кетпесін. Жырларыңыз аңсаған биігіне тентектік пен тектілігін жоғалтпай жете берсін демекпіз!

                                                                                              
Жайлы Балтоғаева