Сұхбаттасқан Қаншайым Байдәулет
«Қыр баласы қол созады
аспанға...»
- Табылды аға, тыңдармандарыңызға
тарту ететін қандай жаңалықтарыңыз бар?
-Амандық болса, жаз ортасында Атырау қаласында жеке шығармашылық кешім
өтеді. 1984 жылы алғаш жазған «Сағыныш» деген әнімнің туғанына 25 жыл толыпты.
Осыған байланысты туған жерімде жүзеге асатын концертке дайындалып жатырмын.
Басқа дәл қазір ауыз толтырып айтарлықтай, алып бара жатқан ештеңе жоқ.
Кәкір-шүкір...
-Бұл нағыз қуанышты хабар ғой...
-Астанадағы өнеріме жанашыр ағаларымның қалауымен қолға алынып жатқан
дүние. Кешімді «Қыр баласы қол созады аспанға...» деп атадым. Республиканың әр
түкпірінен, Астана, Алматы қалаларындағы менің шығармашылығыма тілектес,
қамқор, әнімді түсінетін зиялы қауым өкілдерін құрметті қонақ ретінде
шақырмақпын.
Олардың ешқайсысы өнер адамдары емес. Керісінше, қадірменді меймандар
алдында батыс өңірінің талантты жастары, достарым, жас серілер, бұрын ешкім
естімеген, эфирге шықпаған жаңа әндерімді орындайды. Кеш шымылдығын облыстық
филармонияның «Нарын» фольклорлық халық ұлт аспаптар оркестрі екі әніммен
ашады. Өзім сахнаға екі мәрте шығып, алты ән айтамын. Бір кездері «Банды
Аманғали» туралы «Адасқан асау» дейтін поэма жазғанмын. Осы туындының негізінде
поэтикалық спектакль қойылады. Сондай-ақ «Кезіктім саған» деген тақырыптағы
махаббат туралы өлеңдерімнің желісінде Атырау облыстық Махамбет
Өтемісұлы атындағы драма театрдың артистері лирикалық көрініс әзірлемек.
-Осы мерейтойға орай, екі жыл бұрын
жергілікті азаматтар сіз жайлы кітап шығаруға кірісіп жатқан сияқты еді...
-Ол сөз күйінде қалды. Өзім қосымша шаруаларға жүгіруге үлгере алмаймын.
Авторлық кешім облыс өткізетін мәдени шаралардың жоспарында тұр. Қаржысы
ойдағыдай шешілсе, әлі де концерттің сценарийін дамытып, көркемдеп тағы да
біраз қонақтарды шақырып, мазмұнын бай етіп өткізу ойымда бар.
-Демек, республикалық деңгейді
қамтымақсыз ғой...
-Аймақтық дегеніміз дұрыс болар. Облыстық деңгейде көңілдегідей өтсе де
жаман болмас...
-Үш-төрт жыл бұрын Алматы
жұртшылығымен жүздесем деген жоспарыңыз болған еді. Бұйыртса, биыл сәті түсіп
қалатын шығар...
-Оны менің шығармашылығыма жаны ашитын, қолында билігі, мүмкіндігі бар,
өнерсүйер азаматтар ойланар... Жалпы, шығармашылықпен айналысып, оны насихаттау
екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мен ән шығарғанды білемін, ал оны
таратуға, жер-жерде концерт ұйымдастыруға құлықсызбын.
-Өнер ордасына көшсем деген
ниетіңізді қашан іске асырасыз?
-Оған ешкім ешқандай жәрдем берген жоқ. Иманғали да бұрылып қарамады. Оның
құлағына жетті ме, жетпеді ме – білмедім. Бүйте берсе, бес-алты жылдан кейін
тіпті ойланатын шығармыз.
-Не жайында?
-Ауылда жатып-ақ ән шығара беруге болатыны туралы... Бірақ адам бойындағы
талап пен талантты ұзақ жылдар қанаттандырмаса, ол өшетінін де ұмытпау керек.
-Қазір қандай қызмет жасайсыз?
-Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығымын. Қол
боста шығармашылықпен айналысамын. Құдай бұйыртса, авторлық кешімді лирикалық,
эстрадалық бағыттағы әндерімді Асанәлі Көшеров, Есенбай Құлиев, Жаскелең
Айсағалиев, Аслан Мұхтарұлы, Абыл Табылұлы орындап шығады. Былтыр Ақтөбеде
Қанат – Света Айтбаевтардың студиясынан «Табылдың әні» деген ән жинағым жарық
көрген. Қазақстанның батыс облыстарына тарады. Біраз бөлігін концертіме келетін
қонақтарға сақтап отырмын. Осы альбомды қайта бастырып, таралымын кеңейтсем
деймін.
-Білген-түйгеніңізді жастарға
үйретіп жүрсіз бе?
-Талантты адамның шәкірт тәрбиелеуі міндетті емес. Жастардың әнін тыңдап-ақ
қанағаттануға болады. Менің әнімді айтқысы келгендер болған, бірақ үйлестіре
алмады. Қазір өзімнің ұлым Абыл талпынып жүр. Менімен бірге сахнаға шыққысы
келеді. Өзі күйсандықта ойнайды. Болашақта әндерімді әрлеумен айналыспақ.
-Бардтық стильде ән салып жүрген
жастар назарыңызға ілікті ме?
-Өзімнен басқа ешкімді көрмедім. Біреудің өнерін айнытпай қайталау міндет
емес. Ондай жағдайда өнер шектеліп қалады. Мәселен, гитарашылардың барлығы
Қорабай Есеновке еліктеп өстік қой. Бірақ, Нұрлан Өнербаев та, Ержан Белғозиев
те, мен де басқа жолмен кеттік. Сол сияқты еліктеу арқылы әркім өз бағытын табуына
болады.
-Отбасыңыз аман, ата-анаңыз
бай-қуатты болар...
-Шүкіршілік, «Айқынмен» бұдан бұрын кездескендей... Сау-саламаттамыз. Үлкен
қызым Орал қаласында арнаулы ағылшын колледжінде оқып жатыр.
«Айқын» газеті