Табылдымен танысу

Табылдымен танысу
                Бұл дүниеде жер басып жүрген аласы мен құласы аралас пенделердің арасында Ақын аталатын адамдар тобы бар. Әрине, олардың ішінде «шөп те – өлең, шөңге де – өлең» қалпымен «Мен - Ақынмын!» деп кеуек кеуделерін дүңк-дүңк ұратындары да кездеседі. Ал олардан жаратылысы өзге, бітімі бөлек келетін, өткінші өмір-жарықтың өзек өртер жайттарын тай тұяғындай шымыр өлеңдерімен өңменіңнен өткізіп, жүрегіңе жеткізетін пайғамбар тектестері сирек те болса бар. Иә, ерте, иә, кеш осынау дулы дүниеге келіп жатады. Табаны топырақ басып тұрғанымен, нұрсыз көздері жерге түспей, үнемі көкте жүретін мыңғыры дыңғыр етпес жұмырбастардың тауан-трагедиясына жаны күйініп, бүкіл ұлыс-ұлтының, ұлан-ұрпағының мұңын мұңдап, арын арлап, жырын жырлаймын деп, өз жүрегіне жүк артып, жүйкесіне зіл батпан салмақ салып алатын, ең алдымен, сондай нағыз Ақындар...
            Көзі тірісінде еленіп-ескерілуі кемшін боп, жақұт жырларының жарық-жылуына тек өзі мен өз айналасындағылар ғана шомылған кешегі Мұқағалилар: «Мен, сірә, өлмеспін, өлмейтін шығармын, сәл ғана ұйықтап ап қайтадан тұрармын...» - деп кетсе, «Өлгеннен кейін көп жоқтап жүрміз өзіңді, өлмеске аяқ басқаның шығар бұл сенің»,- деп қыршын Төлеген мен Меңдекеш те өзара мұңдасқан-ды. Өзіне ұқсаған, өзі тайлас, пікірлес те сырлас іні-қарындастарын жанына жинап, қанатының астына алып қамқорлаған кешегі марқұм Жұматай сол жас таланттардан «Неомоңғол империясын» құрып, өзі «Ұлы қаған» атанып өмірден оза берді...
            Жоғарыда біз келте ғұмырлы Жұматай марқұмды бекер айтып отырғанымыз жоқ. Қазақтан басқа ұлттың маңдайына біткен ұл болғанда бабы табылып, бүкіл әлемдік аумақтарды дүрілдетіп жататындай дара дарын иесі, Жұматай ақын құрған әлгі өлең патшалығының жанкешті жауынгері, белді ту ұстаушысы – өзіміздің Светқали Нұржан.
            Енді топырағы торқа болған Жұмағаң арқылы шығып, Светқалиды да бекер атап отырғанымыз жоқ. Біздің Маңғыстау, Атырау аймағында сол өлең «қағанатының» шағын бір «бейресми филиал-тайпасы» жұмыс істеуде. Кей әдеби серіктестерге белгісіз және бергісіз ұжым. Бір-бірін жырлары арқылы танып, тауып алған, бір-біріне шынайы дос-бауыр болып қалған, қайда да жұптары жазылмайтын, араларына кездейсоқ «өлеңші» кіріп кетпестей өлеңде де, өмірде де арзандауды білмейтін, таза әдеби атмосфера қалыптастырған Светқали, Сабыр, Мэлс және бүгінгі кейіпкеріміз – Табыл Досымов та жүр онда. Біздің бәрімізді де Табылмен таныстырған, оның жайсаң жырларымен, сұлу саздарымен табыстырған алдымен баспасөз бен теледидар болса, ал жанды дәнекері осы Светқали болатын.
            Алдымен баспасөз бен теледидар деуіміз – өткен ғасырдың 1989 жылының басында өткен Жас ақын-жазушылардың республикалық семинар-кеңесі қарсаңында орталық жастар басылымдары көптеген дарынды таланттардың шығармаларымен таныстырды. Солардың қатарында атыраулық жас ақын, сырлы сазгер әрі бардтық сипаттағы әнші Табыл Досымовтың өлеңдерін оқып, жүрегімізге жылу ұялатып, едік. Ол содан соң талай рет гитарасын гүмбірлетіп, өзінің алпамса тұлғасымен теледидар экранын да толтырып тұрған-ды. Алматының «Тамашасында» тың талантымен талайымызды тамсантқаны есімізде. Сондай-ақ ол Атырау телерадиокампаниясында бірнеше тұшымды хабарлар ұйымдастырды да...
            Ал енді танысуымыздың жанды дәнекері Светқали дейтінім – ол 1992 жылы жазда Маңғыстауға Табылды арнайы шақырып әкеліп, облыстық теледидардан «көрген де – арманда, көрмеген де – арманда» дегізерліктей екі хабар бергізді. Одан кейін де Табылдының Маңғыстау сапарлары кезінде бізді онымен жүзбе-жүз жолықтырып жүрген – Светқали. Сондай сәттердің бірі – 1993 жылғы Ақтауда өткен Ғарифолла Құрманғалиев атындағы 1 республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы. Адай тайпасының ішіндегі Шоңай ауылына күйеу бала болған Табыл содан кейін де Құрық кентіндегі Светқали мен Бибіайша үйінде үш-төрт күн аунап-қунап кетті...
Өнерімен табысу
                Табылдың саз өлкесіне, ән әлеміне қадам басуы ақын апамыз Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінен бастау алады, жастық дәуреннің жаныңа жағар ең сүйікті жырлары махаббат лирикасы ғой. Ал Фаризаның өлеңдері ішінде махаббат мұңы мен сағыныш сарыны ұштасып жататын, «маған саз айтшы, маған ән шығаршы!» деп өз-өзінен сұранып тұратын әдемі жырлары жетерлік. Сондай бір:
              «Білмеймін, жанарыңнан сыр ұқтым ба?
               Әлде өзімді сол сәтте ұмыттым ба?» -
деп келетін «Қыз махаббаты» өлеңі Табылдың алғашқы талапкерлік талпынысының таңдауына тап келіп, тәп-тәуір ән туады. Бұл ән-әуен әп сәтте-ақ Алматының тамылжыған кештерінде сол кезгі студент жастардың аузынан тастамай айтатын әуеніне айналды.  Сексенінші жылдардың басындағы журналистика факультетінің ұл-қыздары «бұд әнді біздің Табыл шығарған» деп өзімсініп, өзге айтушылардан қызғанып та жүргендері бар-ды. Өлең сөзі де, ырғақ сазы да бір-екі естігеннен көкейге қона қалатын, бал дәурен бұла шақтың сырлы сезім пернелерін дөп басатын дәл осы ән Алатау баурайындағы Әл-Фараби даңғылын бойлаған студенттер қалашығының гимніне айналғаны анық. Іле-шала Табыл Фариза апасының өлеңдерінен нәр алып, «Мен саған ғашық емес ем» деген екінші әнін дүниеге әкелді. Сексен үш-сексен төртінші жылдары шығарылған, әлі күнге әуез-ән түсінер адамның жүрегін жаулап, бойын баурап алатын осынау аққудың көгілдіріндей көркем әуендер Табылдыны шығармашылық өнер жазирасындағы ән өлкесінің төріне жетелеп әкетті. Табыл да «көңілдің көк дөненіне» міне сап, қиялының қым-қуыт қиырларынан өлең түзді, әуен аулап, саз сүзді. Жастық шақтың көңілді кездерін, мұңды мезеттерін, сағынышты сәттерін ол енді өзінің төлтума жырларына өріп, жанына серік, гитарасына көрік етті.
            Нағыз талантқа кіршік-кіреуке түспек емес, қалай болғанда да шын таланттарды халық таниды. Сол сияқты Табыл Досымов десе ел елеңдесіп, оның әндерін «әу» дей алар әлеумет асыға күтетін болды. Содан бергі уақыт ішінде ақын-сазгер әрі әнші-бардист Табыл алпыстан астам, жетпіске жуық ән шығарды. Алғашқыда жалындаған жастық сезімнің жебеуімен өн бойына іңкәрлік, сүйіспеншілік, махаббат тұнған «Күн астындағы Күнікей», «Кешіккенің неткенің?», «Астананың ару қызы», «Солдат сағынышы» сияқты сезімнің нәзік қылын шертер, кіреуке мұңды, сұлу саздылирикалық әндері қалықтап ұшты.
            1986 жылғы Желтоқсан ызғары шаттанып қуанса да, қайғырып мұңайса да, жүрегінде із қалатын әсершіл, сезімтал ақын жігіттің сай-сүйегін мұздатып, жан дүниесін сыздатып өтті. Ойы онға бөлініп, санасы санға сөгіліп, миы мұңға желініп, жарық нұры қайғыға көміліп, көзінен қанды жасы төгіліп отырып, «Мен қазақпын!» деп, сол қанқасап бұлғақта күйзелген қазақ жастарын жұбатқан Жұбан ақынды жалынды әнімен қайталай білді. Қайталаған жоқ, оны Досымовша жаңғыртты, өксік толы өзегін жарып шыққан шиыршық атқан шымыр әуенге құндақтады, сосын өжеттене отырып мұңдас серігіндей болған гитарасына қол созды:
            «Мен қазақпын,
            Басқа жанмын деп айтуға жоқ дәрмен!
            Мен қазақпын,
            Ғажапты да, азапты да көп көрген...
            Мен қазақпын,
            Жүрегімде шырылдаған шындықты
            ұрмаңдаршы шоқпармен!..»
Сөйтіп, бұған дейінгі он бір айында жарастықты жастық сезімге құрылған он бес әні дүниеге келген 1986 жыл өзінің ызғарлы он екінші айында Табыл творчествосын күрт бұрып, басқа арнаға салды!
            Желтоқсандағы қантөгістен соң Табыл нағыз ұлтжандылық сипаттағы, қазақы-патриоттық сарындағы, елінің мұңын шертетін, жерінің жоғын жоқтайтын, халқының жырын жырлайтын терең түйсікті, биік ойлы шығармаларын дүниеге әкелді. Ұрпақтар сабақтастығын арқау еткен «Бір әулет диалогі», «Биіктік» әндерінің сазы салмақты, сөзі – қорғасын. «Қазақ едім дегенше...» атты ащы мысқылы мен астарлы ирониясы астасып жатқан намыс оятып, жігер жанитын әнін талайымыз білетін шығармыз.
            Отаршыл Ресей империясының өзен жағалаған өкілі, балықшы майұрт көпес Гурий Назарьевтың түп-тұқиянын термелеп тергейтін «Гурий Назарьев ақсақалдың рухына ашық хат әнін Табыл сиясы кеппестен Алматының «Тамашасында орындап, тыңдармандарын сілтідей тындырды. Алғаш рет бұл «оғаш қылықты» өлеңінің мәтіні халықаралық «Азия» газетінде жарияланды.
            1993 жылы Табыл жас сазгерлердің республикалық «Үкілі үміт» байқауына қатысты. Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрында бірнеше әндерін орындап, дипломант атанып қайтты. «Дипломант» дегенің – Табыл сынды төселген жүйріктерге, әрине, олқы соғар атақ. Бірақ оның да әділқазылар ішке бүккен өзіндік сай-себептері болған шығар-ау...  Сол тұста ұлттық бас газетіміз «Егемен Қазақстан» Табыл жөнінде былай деген еді: «Егер өнерді тек алған жүлдемен ғана өлшеп, осының тасасында қалғандары ескерусіз қалса кешірімсіз болар еді. Осы тұрғыдан келгенде... Табыл Досымовтың шығармашылығы үкілі үмітке ұсынудан гөрі терең, өмірде, өнерде ысылған, төселген, буыны қатқан, жазған әндерінде жаңа дем, жарасымды үн бар. Баспалдаққа басқалардан бұрын аяқ басқаны байқалады»
                                                                       Егемен Қазақстан. – 1993. - 20 наурыз




Достарымен қауышу
         Өмір барда өлім бар! Алайда Тірлік-сәулесінің маздағы өлшемінен ерте өшіп, секунд сыртылдақтары мезгілінен бұрын тоқтайтыны өкінішті-ақ...
            «Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда...»
            Шығанға шырқап салар әнің қайда?
            Қоңыр үн, өмір – өлең жүрген жері,
            Сендей дос бізге ендітабу қайда?..
Бұл шумақ – Светқали, Табылдармен бірге Алматының тымық кештерін армансыз кешіп, бірге жүрген қанаттастары, отыз жасында опасыз ажалдың тырнағына іліккен Бауыржан Үсеновтей талантты ақынның рухына бағышталған поэмадан үзінді... Авторы – Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлығының лауреаты ақын Бауыржан Жақыпов. Өнерінің гүлі нәзік күлтелерін енді-енді ашып, күн нұрына енді-енді бой соза бастағанда  қыршынынан қиылып түскен сол Бауыржан Үсеновтің Желтоқсан құрбаны – Қайрат Рысқұлбековке арнаған поэмасы 1992 жылы «Жалын» журналының жабық бәйгесінде жүлдегер  атанды. Сөйткен Бауыржан Үсенов көзі тірісінде Табылмен құлын-тайдай тебісіп, студенттік шақтарын ән-жырмен бірге өткізген. Табылдың талай жүректі дір еткізген, өзіне ғашық еткен «Солдат сағынышы» әнін Бауыржан достық бейілмен «тартып алып», талай той-томалақтарда үнемі орындап жүріпті. Ол дүниеден озғанда Табыл досы қатты қайғырып, күңіренсе керек-ті. «Бауыржан өлгенде» деген өлеңі сондай бір мұңкешу, ойкешу сәтінде туған көрінеді:
            Мәңгі-бақи мекенімді табу үшін Дендерден,
            Мен де бір күн кетер ме екем бақұлдасып сендермен?
            Махаббаттың жыршысымен қалу үшін қоштасып,
            Қабіріме келер мүмкін қос ғашық...

            Тауым қайтып орындалмас опасы жоқ арманнан,
            Менде бір күн кетер ме екем
                                       мына жәлеп жалғаннан
            Мендік жүрек сөнер ме екен, өлер ме екен мәңгілік,
            Талай сеніп... Талай рет алданған?

            Достар, сонда көз тікпеңдер табытқа,
            Мен сендерді күтем ылғи тамұқта!..
            Достар, сонда қабіріме келмеңдер!
            Тірілерді танымайды өлгендер...
            Өлмеңдер...
            Өлмеңдер!..
Бұл мини поэмада өткінші жалған, опасыз дүниенің пәлсапасы мен трагедиясы қатар өріліп, қордалы ойдың қара қошқыл тұңғиық тереңінен шыққан ащы шындық менмұндалайды. Иә, рас, тірімізде бір-біріміздің бағамызды білмейміз!
            Жалғаншылық өмірмен ертерек қош айтысқан, көзі тірісінде тиісті бағасын ала алмаған, өзін «өлгеннен кейін көп жоқтатып жүрген» атыраулық тамаша ақын Марат Отаралиевтің творчествосына Табыл бір кездері шұқшия ден қойды. Әлі есімізде, 1992 жылы Марат ақынның рухына бағыштап, өзі бас болып Атырауда кеш ұйымдастырды. Табыл ұйымдастырған кештен маңғыстаулық достары тіріде қалсын ба? Құрықтан –Светқали Нұржан, Бейнеуден – Сабыр Адай, Ақтаудан Амандық Көмековтер бас болып, жандарына жыршы-термеші інішектерін ертіп, барып қайтты. Сол сапарда оларды «Табылдың маңғыстаулық достары да тегін емес екен, шетінен тұяқ тарпыған тұлпар тектес» деп атыраулықтардың мойындағаны анық. Сонда марқұм Марат Отарәлиевтің есімін есте қалдыру мақсатында оның есімі өзі оқыған орта мектепке берілуі сүйінішті-ақ. Табыл өзінің Марат өлеңдеріне жазылған «Досқа сыр» және «Оңашадағы ой» т.б. әндерін орындап берді. Сосын «мына домбыра жалғыз Көмековке арналмаған, бұл бүткіл Маңғыстауға арналған сыйлық еді» деп, жергілікті шеберге арнайы жасаттырып, Амандыққа әдемі домбыра аманаттады. Домбыра шанағына:
            Ән мен жырдың тайпалтқанша жорғасын,
            Әлі талай кездесер-ау алда сын!..
            Менің пірім жебеп сенің жаныңды –
            Қиса ақынның аруағы қолдасын!
            Бұл домбыра болсын сонда жолдасың!» -
деген жолдарды ойып жазды.
            Бәріміз сияқты, Табылды таланты өзімен тайлас, жандай досы Светқалидың өлең-жырлары өзіне баурап, жүрегін жаулап тұрады. Екеуі араларына қыл өтпестей бауыр басып кеткендері сондай – ай көрмесе аңсап, бір-бірін сағынып жүреді. Светқали өлеңдеріне шығарған Табылдың әуендерін өз аузынан тікелей естімесек те, ондай әндері бірнешеу екенін сезіп, біліп жүрміз. 1992 жылы бір келгенінде облыстық теледидардан Табыл өзінің соқталдай тұлғасымен бүкіл телеэкранды жауып тұрып «Сәйгүлік» деген әнін алғаш рет нәшіне келтіріп орындады. Ән емес, ән – элегия! Сөзі – Светқалидікі. Айтар ойы тұңғиық, астары сырға толы, сұлулық пен сымбаттылыққа бай, тұлғалылық пен тұғырлылық шырпысып жататын өлеңдер жазбаса бойына ас батпайтын сәйгүлік – Светқали ән-әуен болып жүйткіді сонда. Екі дос жабырқау жылдардың жадау көшін жолда қалдырып, армандай аппақ сәйгүлік баптап, заңғарлар мен аңғарларды аттап, арайлы таңдарына асығып барады дерсің!..




Әңгімені тауысу
         Табыл толысу үстінде, өзі емес, шығармашылығы. Тар шеңберлі тосаң жырлар мен бір қалыптан шыққандай шылдыр ұйқастардан бойын аулақ салады. Өзінше өзгеше ой кешіп, өзінше өлең түзіп, жаңаша форма іздейді. Өткінші өмір  диалектикасын өзінше түйсініп, аядай аумақтан сытылып шығып, ғаламшарлық деңгейден пәлсапа «соғады». Мысалы, ол бірде сау санамен жындыханаға кіріп көреді. Сондағы әсері мынау:
            Жынды біткен тас дуалдың ар жағынан бір қабат,
            Сап-сау жанның көздерімен тұр қарап,
            Көшедегі ығы-жығы өңшең есуастарға...
Немесе
            ...Кілең жынды көшедегі мына бізді көргесін,
            Тиын санап, тірлік кешкен пендешіл –
            Сол баяғы күндеріне ұялвтын секілді ...
Айналамызды ібілістендіріп, буып тұрған шайтани ниеттерден гөрі Ұят пен Ар, Ынсап пен Ұждан безбен басынбасып тұрсын деген ізгі бейілмен Адамды Адами қалыпқа шақырады!.. Енді бірде сол азат Адам қалпымен Табылымыз түрменің есігін ашады:
            Топырлаған кілең тұтқын тор ішінде – тозақта,
            Күлді мені айналдырып мазаққа...
            Көздерінде – еркіндіктің, бостандықтың алауы!
            ...Көз алдымда Жердің шары – Ғаламның бір бөлшегі,
Елестеді концлагерьдей еңселі.
Түрме болса Азаттықтың аралына айналды... –
деген Табыл  бостандықта жүріп бодан болғанымызға, шыңға шығып тұрып шыңырауға құлайтынымызға бармағын шайнап, зығырданы қайнайды. Зығырданы қайнайды да, зымырап барып ғарыштық биіктікке көтеріледі:
            Егерде сен қарар болсаң ғарыштан,
            Жарылып-ақ кетер едің намыстан –
            Жердің шары ұқсайды алып түрмеге!
            Жерде туып, Жерде өсіп,
Жерде өмірін тамамдар,
Сол қапастан шыға алмайтын Адамдар –
Мұңдылар ма, жындылар ма – бірдеме...
...Иә, оның өлеңдеріне романтикалық сарын, символикалық леп болуы мүмкін. Бірақ автор мұның бәрін Бас қазыққа – АДАМШЫЛЫҚҚА әкеп байлап, матайды...
Сонымен, Табыл туралы толыққанды әңгіме қозғауға әлім келмесе де, оның шығармашылық жолын газет беті көтеретіндей ретпен қарапайым қал-қадерімше шолып өтуге дәт еттім. Сөйтіп, оның өлең жырлары – қантамыр бүлкілі болса, ән-әуендері жүрек лүпілі екендігіне тағы да көз жеткізгендей болдым.
                                                                       Әбу Мұрат Базарханұлы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Маңғыстау - Жыңғылды