Саған


Қ. Қабижан
Саған
Көрген едім талай бақытты жас шағыңды-ай,
Бас айналып, бақыт күлген аспанымды-ай.
Қу дүние құрбақадай сұп-суық боп,
Шабытыңды зіл шоқпармен жасқағаны-ай.

Қалдырып өзгелер жазбаған өлеңді көп,
Меңгердің гитарадай асыл өнерді бек.
Табындың Құныскерей, Аманғали, Маратқа да,
Кеудеңде қалды бірақ, аһ ұран Махамбет кек.

Мен көрдім құлағанын құдыққа арғымақтың,
Құлағанда ойнаған қу есекті жазғырмақ кім.
Қолын созған көк аспанға қыр баласы,
Сені ойлап, көз жасымды сан құрғаттым.

Мен көрдім нар кеудені итеріп жасқағанын,
Долы күш қол қайырып, бас салғанын.
Дойырдай арқаны осқан өпіремдік,
Ащы өзектен қан аралас жас тамғанын.

Қалды артта жазылмаған дастандарың,
Атпай қалды шабыт тола ақ таңдарың.
Қалам, дәптер, тартылмаған сүлікқара,
Ұлың қалды, жеткізбеген-басты арманың.
Қалды артта жазылмаған дастандар да,
Жалғап бәрін жүруші ең жоқтан барға.
Тас моласын жабылып соқтырса да,
Қайыр болмай қалғандай мың достан да.