Бард – біздіңше, жырау. Демек, бұл өнердің қазаққа да жаттығы жоқ

Бард – біздіңше, жырау. Демек, бұл өнердің қазаққа да жаттығы жоқ
- Сізді «қазақтың Высоцкийі» деп жатады. Бард әншісіз. Осы жанрды көпшілік жұрт қалай қабылдайды?
- Бардизм португал халқының гитарамен айтылатын жеңіс жырларынан бастау алса керек. Кеңес Одағының тұсында жайлап орыстарға жеткен, содан бүкіл Одаққа тарады. Расында, бұл жанрмен алғаш шыққандардың бірі және танымал болғаны Владимир Высоцкий болатын. Жұрт жақсы қабылдамаса, Высоцкий сондай атақты болмас еді ғой. Бардизмнің ең басты ерекшелігі – өлеңнің мәтіні бірінші орында тұрады. Демек, мұнда әуен – өлеңді халыққа жеткізетін көмекші құрал ғана. Бұл өнерге қазақ оқшау қарамауы керек деп ойлаймын.
Ерекше бөліп айта кетерлігі – көше әндерін, авторлық әндерді орындаушылар өздері шығарған әнді мәтінімен айтады. Бұларды бардистер деуге келмейді, оларда, негізінен, әуен бірінші кезекте тұрады. Сөзінде мән бола бермейді. Айырмашылық – осы.
Көпшілік мені бард әнші болмай тұрып, кең тараған «Ұнатамын мен сені», «Ештеңе де керек емес», «Қыз махаббаты» деген лирикалық әндерім арқылы таныған болатын. Сондықтан халыққа қай жағынан болса да, өнерімді сыйлауға дайынмын.
-Негізгі мамандығыңыз бойынша журналист екенсіз. Музыканың тізгінін қалай ұстап кеттіңіз?
- Мен Алматыдағы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітірген соң, Атырау телерадиокомпаниясында редактор болып екі жылдай жұмыс істедім. Бұл 1990-92 жылдар болатын. Мені Атыраудағы қалалық филармонияға шақырды, аттай қалап алып кетті десем де болады. Себебі жастардың шығармашылық бірлестігін құру керек болыпты. Мен бірден келістім. Телевизия дегенің тек бүгін ғана жұмыс істеп, осы сәтпен өмір сүретін жер ғой. Жеке шығармашылығыңмен айналысуға мүлдем уақытың болмайды. Осыны өзім де ойлап жүретінмін. Бұл ұсынысқа бірден келіскенім де – сол. Дегенмен менің музыкалық сауатым жоқ болатын. Бала кезімнен домбыра, мандолин, гитара тартуға әуестігім болды. Бір жағынан, әдебиетті жаным сүйді. Өлең жаздым. Сұрағыңа толық жауап беру үшін сәл артқа шегініп, студенттік шағымнан сыр шерткім де келіп отыр.
Мен ҚазМУ-да оқыған жылдары сол кезеңдегі шығармашылық бір шоғыр дүниеге келді деп айтуға болады. Сол университеттің жатақханасында әр жерден келген небір ғаламат, небір талантты қыз-жігіттер тұрды. Ақын Гүлнар Салықбаева, атыраулық ақын Светқали Нұржановтармен бір аулада өлең оқысақ, марқұм, осы өңірдің жігіті Бауыржан Үсенов өлең де шығаратын, ән де жазатын, өзі орындайтын да. Қазір қазақ әдебиетінде орны бар Құлтөлеу Мұқаш әрі суретші, әрі ақын, әрі сазгер еді. Қазір әдебиет майданында жүрген мықты ақындар сол жылдары оқыды. «Дарын» сыйлығын әдебиет номинациясы бойынша алған алғашқы ақын Әубәкір Смайыловтармен қатар жүрдік. Міне, осындай ортада жүрген соң, сен де ойланасың. Жан-жағыңа қарайсың. «Мен қай жағынан мықтымын, кім болғым келеді, кім болам?» деген сұрақтарды өзіңе қойып, өз жолыңды іздейсің. Иә, осындай талантты ортадан үйренгенім көп болды. Ең бастысы, олар өз жолымды анықтауға себеп болды. Оқып жүргенде жанымда жүрген жігіттердің өлеңдеріне ән жаза бастадым. Осылай менің де өз мүмкіндігім айқындала бастады десе болады.
- Өмірде күнгей мен көлеңке, ақ пен қара, ыстық пен суық деген сияқты қарама-қайшылық болуы заңдылық. Қоғамның бір бөлшегі ретінде сізді қуантатын не, не нәрсеге ренішпен қарайсыз?
- Мені қуантатыны, ең бірінші, еліміздің егемендік алғаны. Өз алдымызға ел болдық, тәуелсіздіктің тәтті дәмін сезіне бастадық. Қазақты дүниежүзі таныды. Бұл барша қазақтың жүрегіндегі қуаныш дер едім.
Күйзелетін жайт деймін бе, әлде қынжылатыным дегенім дұрысырақ болар, жоғарыдан шыққан жарлықтардың, тапсырмалардың өз деңгейінде орындалмауы, бір мақсатқа арнайы бөлінген қаржының ауылға сол қалпында жетпеуі. Ортадан талай-талай бұрмалауға, талапайға түсіп барып, там-тұм жеткен соң не болады? Халықтың басындағы жетіспеушіліктің, қиындықтың негізі де осында деп ойлаймын. Мәселен, мен «мұнайлы астана» саналатын Атырауданмын. Шынын айтқанда, Қазақстанның кез келген бұрышында отырып алып, Атырау мен Маңғыстау керемет бай деп ойлайды ғой жұрт. Біздің облыстың өзінде газ жаңа-жаңа барып жатқан ауылдар бар. Мұнай шықпайтын аудандардың халқы малмен күн көріп отыр.
- Қай заманда да өсіп келе жатқан жас буынға сын айтылып отырған. Бұл дұрыс та. Дегенмен қазіргі кезде аға буын өкілдерінің кейінгі толқынға көңілі толмауы жиі көрініс беріп жатады...
- Қай заман, қай дәуір болсын адам сан құбылады. «Біздің заманымыздағыдай жастар неге жоқ» деп кінәлау дұрыс емес. Өйткені өз заманында әркім өзінше өмір сүреді.
Әркім өз заманын аңсайды ғой. Біз жатақханада жатқанда бір-бірімізге кіріп, ән айтып, құдды бір ауылда жүрген көршілер секілді араласатынбыз. Қазір бір жатақханада тұратындар бір-бірін танымайды да. Сабақтан қолдары босаса, жұмыс істейді. Бизнес, кәсіпкерлікке ұмтылады. Дегенмен қазіргі түсінік басқаша екенін мойындауымыз керек. Қазір жастарға үкімет тарапынан жеңілдікпен үй беру секілді шаралар болғанымен, басты күш жастың өзіне түсетіні рас. Осы жағынан келгенде, жастарға риза боламын.
Ал енді қазақылық, салт-дәстүріміздің, тектілігіміздің бояуларын жастардың бойынан таба алмай бара жатсақ, аға буынның осы тұрғыдан өкпесі орынды.
- Қазіргі кезде жастр мешітке көп барады. Дегенмен басына хиджаб салып, сақал қойған жастарды көргенде, көңіліңе «қандай ұйымның өкілі екен» деген күмән кіретіні де рас...
- Расында, егделерден гөрі жастар мешітке көп барады. Бұл – қуанатын жайт. Дегенмен қателесіп жатқан жастар да көп. Түрлі діни секталарға кіріп, үгіт жүргізіп, уағыз айтатындар саны дендеп барады. Негізінде, ислам болсын, христиан болсын немесе будданы алайық, бәрінің ұстанымы бір – адам болу, адал болу, таза болып, еңбек етуге уағыздау емес пе?! Демек, әркім жүрегін таза ұстағаны дұрыс. Менің жеке ойым Құдайымның жүрегімде тұрғанын айтады. Дәм-тұзым таусылып, баратын жерге барғанда, жүрегім таза болса болды. Ойым былғанып, адаспасам болды деймін. Бес уақыт намаз оқып, отыз күн ораза ұстайтын менің уақытым жоқ. «Егер биікте «Құран» кітабы тұрса, нанның үстіне шығып, «Құранды» алуға болмайды. «Құранға» шығып, нанды алуға болады» деген бар. Демек, «ораза, намаз – тоқтықта, бір күн аштық болғанда ақ сәлдең қалар боқтықта» деген сөз. Расында, қазақ халқы исламды біржақты қабылдай қоймаған секілді. Оған қазақтардың пайғамбар жасынан асқаннан кейін намазға жығылатыны дәлел болса керек. Шынында, көшіп-қонып үйренген қазақтардың басынан не өтпеген десеңізші?! Аттың жалында, түйенің қомында жүріп, жерін, елін жаудан қорғаған қазақ қалай намазын оқып, жайбарақат жатсын деп те ойлайсың.
Араб жұртшылығына намаз оқу ауадай қажет болуы мүмкін. Туылмаған нәрестесіне дейін есепшотында миллиардтаған ақша бар, ауыр жұмыс істеп қиналмайтын, Алланың нұры жауған ел саналатын олар ыстықтан үйден шыға алмай жатқанда, қан тарату үшін гимнастика керек болған шығар. Бес уақыт намазды, бір жағынан, Алла разылығы үшін ойлап тапса, сырының бір ұшы осында да жатқан болар. Кім білсін, адам болған соң, түрлі ойларға ерік береміз де.
Түрлі секталар көбейген сайын адамда дүдәмал ойлар туатыны да рас. Қайсысына сыйыну керек, кімге табыну керек, кімнен медет сұрау керек деген сияқты сан сауалдар көбейеді. Әйтеуір, бір күш бар екенін білесің, бірақ оның қайда екенін көрсете алмайсың ғой. «Ол – сенің жүрегің» деп ұғынған дұрыс дер едім. Сондықтан жүректі таза ұстау керек.
- «Қазақстандық ұлт» дегенге қалай қарайсыз?
- Әлде түсінбеймін, әлде өрем жетпейді, әлде қабылдай алмаймын.
- Мемлекетіміздегі тілдің үш тұғырлығы туралы сан алуан пікірлер көп-ақ. Сіздің де пікіріңізді білгіміз келеді.
- Дамыған елдердің қатарына қосылу үшін дүниежүзіндегі озық үрдіске ілесу үшін ағылшын тілін білу маңызды болар. Тегіміз қазақ болған соң, қасиетті ана тілімізді екінші орынға қойып немесе ысырып тастамауымыз керек. Тілі тірі болмаса, ол ұлттың ұмытпағанынан не үміт?!
- Жуырда Тараз топырағында болып қайттыңыз. Бұл жермен қандай рухани байланысыңыз бар?
- Негізінде, Жамбылдың жырын жаттап, Кененнің әнін тыңдап өстік қой. Шерхан Мұртазалардың кітаптарын сүйіп оқыдық. Кейін Жамбыл облысынан көптеген талантты азаматтармен таныстық, жолдас болдық. Облыстық «Ақ жол» газеті бас редакторының орынбасары Қуаныш Иембердиев, журналист Әділбек Баққараев, Амангелді Әбіловтер – менің жақсы жолдастарым.
Жамбыл жеріне келе жатқанда көкірегімді мұң басады. Киелі ақындардың талай-талай шоғырын тудырған қасиетті мекен ғой деп ойға батамын. Сол өзім ардақтайтын, қазір өмірде жоқ азаматтар есіме түседі. Артығали Ыбыраев 21 жасында өмірден өткен талантты ақын еді. Одан кейінгі Серік Томанов марқұммен студент кезде дәмдес, тұздас болдық. Қазақтың дарынды жігіті, марқұм Бауыржан Үсенов өзімнің бауырымдай еді. Бауыржанның көптеген әндерін мен гитарамен орындаймын. «Ақ шағала» дейтін Әубәкір Смайыловтың сөзіне жазылған бір әні ғана республикалық сахнаға шықты. Талантты, сері жігіт еді. «Бауыржан Үсенин» деп әзілдейтінбіз. Сергей Есенин деген сияқты. Сері жігіт еді. Бауыржанның тектілігі бар-тын. Менің әскерде жүргенде жазған «Сағыныш» деген әнімді сұрап алып, айтып жүрді. Кейін ол қайтыс болған соң, мен «Сағынышты» біраз айтпай жүрдім. Себебі ол әнді Бауыржаннан басқа ешкім айта алмайтын секілді. Бауыржанның кітабының шығуына жергілікті басшылар себеп болыпты. Оған өте қатты қуандым. Бірақ оның әндері жарық көрмей жатыр. Менде біраз әндері бар. Осы облыстағы азаматтардың назарына ілінсе деймін. Марқұм Әзімбек Жанқұлиев те осы айда, тірі болғанда, қырық беске келер еді. Ойыма сол дарынды жігіттер түсіп мұңаямын. Әйтсе де әулиелі жердің таланттарды тудыра беретініне күмәнім жоқ. Олардың ізін жалғаған Маралтайлар бар.
                                                                                             
Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Гүлнұр Иембердиева,
 «Алаш айнасы», 25 сәуір, 2009 жыл