Сұхбатты жүргізген Жұмабай ҚҰЛИЕВ
(Атыраулық бард-ақынға алты сауал)
«Түйе –
тұзға, жігіт қызға тоқтайды» деген жақсы сөз бар. Ал көпшілік өнерге тоқтайды.
Өңештеп айтылған отыз әнімен емес, тербей салған үш әнімен-ақ әлеуметті
арқаландырып жіберуге болады. Құдайға шүкір, қазақ жазирасы әнге де, әншіге де кенде болған емес. Әсіресе
сығанның сазды аспабы – гитараны
өздеріне серік еткен өнерпаздар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Кешегі
жетпісінші жылдардағы студенттік ортаның әлпешіне айналған құмбыл әнші, сұңғыла
гитарашы Қорабай Есеновтен бастап, бүгінгі Нұрлан Өнербаев, Ержан Белғозиев,
Гүлмира Ақүрпекова, Гауһар Әлімбековалармен екі аралықта осы саз аспабын арқалап,
өнер айдынына аттанғандар аз емес. Солардың ішінен суырылып шығып, ерекше көзге
түскені Табылды Досымов еді. Табылдының басқалардан бір ерекшелігі –
әншілігімен қатар, ақындығы және өз туындыларын гитарамен өзі орындайтыны. Осы
үш қасиет бірігіп оның өнернамасын ерекше нұрландыратын. Былайша айтқанда,
Табылды – кешегі Ресейдің маңдайына сыймай кеткен адуын дарын Владимир Высоцкий
сияқты қазақтың тұңғыш бард-ақыны.
Біз бүгін
1993 жылғы «Үкілі үміт» байқауынан кейін, араға жеті жыл салып, Алматыға ат басын
бұрған айтулы өнерпазбен болған сұхбатты жариялап отырмыз.
Табылды, өткенде «Хабар» телеарнасында сенің кейбір
әндеріңнің
ұрланғаны туралы айтылып еді. Алматыға келген себебің
соны қаузау емес пе?
Көпшіліктің
есінде болар, Нұртілеу Иманғалиұлы «Бетпе-бет» бағдарламасында авторлық құқық
туралы хабар жүргізді. Нұртілеу сонда менің «Қазақ едім дегенше...» деген
әнімді біреулердің өз атынан жариялап, айтып жүргенін, осыны қалайда қайтарып
алу керектігі жөнінде мәселе қойды. Бұл жағдайда оған «Жеті күннің» жүргізушісі
Арман Сқабылұлы айтқан екен. Менің бұл әнім бұдан 12 жыл бұрын республикалық
айтыстардың бірінде орындалған болатын. 1992 жылы Моңғолияға барған сапарымда
ондағы әнді Табылды Досымовтікі екен деп айтып жүргендерін өз құлағыммен
естідім.
Бұған дейін
де маңғыстаулық ақын Светқали Нұржанов менің «Банды Аманғалидың ақырғы сөзі»
деген монологімді біреулердің Аманғалидың өз әні деп шатастырып жүрген жерінен
«Жас Алашқа» мақала жазып, анық-қанығын түсіндірген болатын. Сол сияқты «Қыз
махаббаты», «Астананың аруы», «Күнікей қыз» деген әндерім кейбір бейтаныс
авторлардың ән таспаларында жүр. Облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов осы
мәселелер төңірегінде ашынып, ақыры «компакт-дискіңді шығарып беремін» деп уәде
берді. Оның үстіне бес жылдан бері «Жазушы» баспасынан шықпай жатқан өлеңдер
жинағым да бар. Оған қолбайлау болып отырған нәрсе – жердің шалғайлығы,
қаржының тапшылығы. Мен ҚазМУ-дің журналистика факультетін 1990 жылы бітіріп,
елге кеттім. Он жылдан бері әндерімді үздіксіз ұрлауын үдетіп жатқан достарға
айтарым: «Менің ауылым-қашықта, көкірегім-алапат, көңілім-кең жайлау, мейірбан
жігітпін. Елде болған сол он жылда 100-ге жуық лирикалық-бардтық ән жаздым.
Сіздер баяғы 90-жылдардағы творчествома малданып жүрсіздер, оның көкесіндей
әндер – менің көкейімде сақтаулы. Оның бәрін шығарып, насихаттауға менің
қабілетім жетер емес және мен тұрып жатқан жерде әкім де, қалталы азаматтар да
қол ұшын берер түрі көрінбейді. Сондықтан менде ән көп, оның бәрін шауыттап
жинай бергенде не табам, тек таласпай бөлісіңдер, ренжісіп қалмаңдар, әйтеуір!»
Махамбет қорығында жұмыс істеген кезіңде «ақынның қылышы
табылыпты» деген қауесет шығып еді, сол шаруа не болды?
Мен бұл
деректі ойдан алған жоқпын. Тарих ғылымдарының докторы Исатай Кенжалиев өзінің
«Исатай-Махамбет» деген зерттеу еңбегінде Батыс Қазақстан облысы Жаңақала
ауданы Новоказанька ауылында тұратын Есенғали Лұқпанов деген ақынның нәсілінен
тарайтыны дәлелденген. Және өзінің үйінде Махамбеттің қару-жарағы сақталғанын
айтқан. Биыл сол жәдігерліктерді іздеп барудың сәті түсті. Ойым – ХІХ ғасырды
тауып, көпшілікті бір серпілту еді. Алайда бұл тілекті Құдай қош көрмеді. Бұл
батырдың қару-жарағы жоқ екен дегенім емес. Өзі жақында ғана қайтыс болған
Есенғали ақсақалдың отбасында кемпірі мен азамат туған балалары бар екен.
Балалары осыншама бергісі келгенімен, Махамбеттің қылышы деп меншіктенген әлгі
қаруды Есенғали ақсақалдың үйіндегі апамыз батырдың мұражай-қорығына тапсыруға
ықылас танытпады. Бұл сапарда қиямет-қайым жолдан өткізіп, қылышпен табыстырған
жаңақалалық азамат, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жанкүйері Шаһидолла
Әбуғалиев пен қару-жарақты қандай бағаға болса да сатып алуға пейіл білдірген
Атырау облысының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке рақмет! Иә, ұмытып барады екем,
осы орайда айта кететін тағы бір жайт – 2004 жылы Махамбеттің туғанына 200 жыл
толады. Абай тойы қарсаңында Президентіміз Н.Назарбаевтың: «Абай, Жамбыл,
Махамбет мерейтойлары бүкіл елдік деңгейде өткізілуі тиіс» деген көтеріңкі сөзі
көңіл жұбатады. Абай, Жамбыл тойлары ойдағыдай өткенін білеміз, бүкіл әлем
құлақтанды. Енді Махамбеттің тойы қалай өтер екен? Әлі республика деңгейінде
тырс еткен шара білінбейді. Басқасын былай қойғанда, осыдан он шақты жыл бұрын
ашылған Махамбеттің сүйегі жерленген атақты Қарой өлкесінде, Малайсары
қыстағында облыстық мәдениет басқармасы жанынан құрылған Махамбет
мұражай-қорығының жұмысы әлі өзгермей тұр. Талай жылғы табыстың нәтижесінде осы
шаруаға биыл облыс әкімі 1 миллион теңге бөлмекші. Алайда комплекстік жүйеде
Махамбет мұражай-кешенін салуға бұл қаржы не болады? Ең өкініштісі, қазір
Өтемісұлы жайлы еш жерде ешқандай әңгіме қозғалып жатқан жоқ. Осы орайда
көңілде мынадай ой туады: «Біз Жәңгірді ұлықтау арқылы Махамбеттің салмағын
жеңілдетіп жіберген жоқпыз ба?»
Табылды, сенің көп жылдардан бері талантты ақын, марқұм
Сағат Әбдуғалиевтің шығармашылығын зерттеп жүргеніңді білемін. Осы шаруаның
ұшығына жете алдың ба?
Сағат
Әбдуғалиевтің атын алғаш рет тайпақтық ақын Сағынтай Бейсенғалиевтан естідім.
Кейін Сағаттың жиені Гүлнәр Жұмабекова шығарған «Көзайым-келіншек» кітабын оқып
шығып, таң-тамаша қалдым. Сөйтсем, Сағат үлкен әлем екен. Осы орайда оның
қайғылы өмірбаянынан да мәлімет бере кеткенді жөн көріп отырмын. Ол 1948 жылы
Орал облысы Тайпақ ауданында туып, әке-шешесінің жалғыз баласы болып өсіпті.
Әкесінің аты – Мұхтар, шешесінің аты – Аймекен. Тумысынан тағдыры бұралаңдау
басталған Сағат 10 жылдықты ойдағыдай бітіріп, зор талаппен ҚазМУ-дің журналистика
факультетіне түседі. Ауылдан буырқанып барған даланың серісі Алматыға сыя ма?
Асауларды журфакқа көп тұрақтатпайтын дағды бойынша, 2-курстан соң қуылып
тынады. Осы қысқа уақыттың ішінде Ж.Молдағалиев, Қ.Мырзалиевтермен еркін
араласады. «Сағат өлең оқығанда біз тек қана тыңдап, ләззат алатынбыз» дейді
қазіргі үлкен ақын Ж.Әбдірашев. Одан кейінгі Сағаттың өмірі әскер, сәтсіз неке,
әлденеше рет сотталу, қажу, партияға кіргізбеу, жұмысқа алмау, рухани ортадан
ажырап, азғындау, бара-бара көкірек ауруына шалдығып, басымен қайғы боп кету...
осылай жалғаса береді. Сағаттың қазасы да жантүршігерлік. 1984 жылы жаңа жыл
түнінде ауылдан шығандап кетіп, жүрек талмасынан құлап, қар астында қалады.
Түнімен қар жауып, таң ата аяз ұрады. Өлең мен өнерді түсінбейтін ортадан
безінген Сағатты ауыл адамдары да іздей қоймайды. Денесі бұзылып, адам танымас
күйге түскен ақынның мүрдесін мамыр айы кезінде қой бағып жүрген балалар тауып
алады. Сағат сотталып жүргенде әйелі ақынның шаңырағын ойран қылып, өзінен он
жас кіші ауылдағы шешен жігітіне тиіп кетеді. Шырмаудан шаршап, шалдығып шыққан
Сағат отбасын қайта құра алмайды. Оның бұл дүниеден безініп кетуіне осы
жағдайлар себеп болған сияқты.
Ел ішіндегі таланттар тіршілігі туралы не айтасың?
Кешегі Сағат
өскен, бүгінгі біз тұрып жатқан өлкеде
дарынды жастар әлі де аз емес. Алайда күрмеуі қиын мына заманда олардың
қайсыбірінің бабы табылып жатыр дейсің. Бір өкініштісі, оларды халық онша
танымайды, қамқорлық жағы да кемшіндеу. Мысалы, Маңғыстаудағы Сабыр мен
Светқали өз күштерімен әупірімдеп көрінуде. Атыраудағы Н.Жаңабаев, Ш.Қабиев,
С.Исақаев сияқты жас таланттар көбіне тасада қалып қояды. Оралда ән перісі
Ғарифолланың тірі көшірмесі, Батыс Қазақстан ән-жырының энциклопедиясы Серік
Әбдірахманов үй-күйсіз, жұмыссыз қаңғып жүр. Құдай сыйлаған саф өнерін таза
сақтап, күнделікті у-дуға ермей, байшікештердің тойына ән салуды ар көріп,
үйінде бүк түсіп жатқан мұнан да басқа өнерпаздар баршылық. Сол сияқты
Ж.Әбілпейісов, С.Бейсенғалиев сынды жақсы ақындар да қамқорлықтың жоқтығынан диуаналық
жолға түсудің аз-ақ алдында.
Биыл мәдениетті, жалпы, өнерді қолдау жылы деп жатырмыз.
Осы орайда өзің не тындырып жүрсің?
Қазір Дендер
аудандық мәдениет бөлімін басқарамын. Бірінші кітабымның шықпағанына бес жыл
болғанын жоғарыда айттым. Екінші өлең кітабымды дайындау үстіндемін. Бардтық
әндер таспасын біріктіріп, басын құрап шығару ойымда бар. Лирикалық әндерімді
нотаға түсіріп, әндер жинағымды шығаруға талпынып жүрмін.
Табылды,
енді бір оғаштау сұрақ қойсам, айып етпессің. Құдай тағала саған өнерді де,
тұлғаны да аямай бере салған ғой. Өткенде ақын Светқали Нұржанов мынадай әңгіме
айтып кетті. Сен Атырау қаласындағы алқалы бір жиынға бармақ болып,
бешпент-шалбар іздегенде, сол өңірден өзіңе шағы табылмай, ақыры көрші
Астраханның «Алыптар дүкенінен» алдырыпсың. Осы рас па?
(Күледі). Өзі тоғыттан шыққан шыбыштай шілмиіп
қалғасын мені күндемей қайтсін? Менің барлық қушікештерге айтарым: мәселе –
денеде емес, өнерде. Құдайға шүкір, жалаңаш қалған кезім болған емес. Іздеген
адамға киім Дендерден де табылады. Ал сонау ит өлген жердегі Астраханның
«Алыптар дүкенінен» бешпент іздейтіндей мен бір орнында үйелеп қалатын майыр
атанның белін сындыратын зілмауыр құжбан емеспін ғой!..
Жас Алаш .- 2000 .- 8 тамыз