Мақалалар топтамасы

Желтоқсан  сол  бір  жадымда

Әсем  Алматыдағы  Республика  сарайында  «Қазақ  әні» жылдың  ең  үздік  ән  кеші  өткізіледі  деген  хабардың  тарағанына  да  біраз  уақыт  болып  қалды.  Аталмыш  ән  кешіне  бард  ақын,  аудандық  ішкі  саясат,  мәдениет  және  тілдерді  дамыту  бөлімінің  меңгерушісі  Табылды  Досымов  қатысып,  ән  шырқады.  Сонымен  қатар  ол  "Ән  мен  әнші"  бағдарламасына  түсіп  Сержанның  біраз  сауалына  жауап  қайтарды.  Оны  27  қарашада  көріп  те  үлгердік.
Қаршадайынан  «сүлікқарасына»  қазақтың  қара  өлеңін  қосып  шырқаған  ақынға  әрі  өнерпазға  жаңа  биіктерден  көрінуіне  тілек  қоса  отырып,  желтоқсан  қаһарманының  бір  топ  өлеңдерін  көп  назарына  ұсынуды  жөн  көрдік.

Желтоқсан.  Жаңа  алаң
Алматы, «ЦК»,  Жаңа  алаң,
Айналып  саған  кеп  тұрмын.
Көз  алдым-  «Ақ  қыс  бораған,
Жаралы  болған  көп  құрбым.

Жаншымақ  болған  жастарға,
Үреді  иттер  абалап.
Қансырап  қалған  достарға
Күледі  «иттер»  табалап...

Кектеніп,  қаны  қызынған,
Қарсылық  қылмақ  бір  қыздың.
Ақ  қардың  үсті-қызыл  қан,
Шашынан  сүйреп  жүр  құзғын.

Тар  қапасында  тозақтың,
Төбеден  жауып  келдектер.
Рухына  қарсы  Қазақтың,
Тап-тап  бергенде  жендеттер»...

Желтоқсан ақ  қыс,  көктайғақ,
Жылжыпты  жылдар  арадан.
Жүрегім  бір  сәт  соқпай  қап,
Қарадым  саған  Жаңа  Алаң.

P. S.
Намыстан  қара  кек  қайнап,
Алыстан  аңсап  оралам...

                   21 қараша 2005 ж.

Есенжол  Домбаев.
Бір  түп  жусан
Вокзал..,  достар,  төбемізден  күліп  күн,
Поезд,  гудок – шамын  жақты  үміттің.
Есақаңның  тапсырмасы  бар  еді:
«Бір  түп  жусан».  Аттанарда  ұмыттым...

Не  деп  айтсам,  сол еді  оған керегі,
Белгілі  ғой  енді  ағамның  не  дері,
Сертке  тұрмай,  кері  тартқан  көңілді,
Поезд  алға  азар  сүйреп  келеді.
Мені-поезд,  поезды  уақыт  желкелеп,
«Байғанинге»  кірген  сәтте  ентелеп,
«Шұбарқұдық»  бекетінен  бір  жусан,
Жұлып  алдым,  түстім  дағы  ертерек.

Сахнада  сәтті  ойналмақ  «нөмірім»,
Домбаевтың  ұзартардай  өмірін.
Бір  түп  жусан  болса  дағы  қалтамда,
Жайланды  да  сала  берді  көңілім.

Көңіл  содан  көтерілді,  бусанды,
Қуанғаным  қуантам  деп  «қу»  шалды.
Еркелеткіш  Есақаңның  қолына,
Алматыға  бардым,  бердім  жусанды.

«Қайран  Нарын!  Махамбет  пен  Құекең!..
Бір-бір  түп  ед  Меңдекеш  пен  Жұмекен»...-
Күлді  сосын:  «Мынауыңнан  кәдімгі
Өтежанның  иісі  шығып  тұр  екен...»

Түр  танытпай  өкінген  де күйінген,
Деді:-«Қонбай  аттанбайсың  үйімнен...»
Қайран  аға  құшағына  алды да,
Маңдайымнан  бір  иіскеді  мейірмен.

Содан  кейін  жусан  сезімі  ырғалып,
Сөйлеп  кетті  көкірегі  нұрланып.
-«Сені  сүйіп  бір  иіскесем  Табылжан,
Ауыл  жаққа  келгендеймін  бір  барып»...

Қош  айтпастан  арнап  келген  ағама,
Ақшам  бітіп,  алты  күн  сап  араға.
Сайтан  кезген  мына  жынды  қаладан,
Кеткем  ақыр  безіп  мұңды  далама...

Алыс  жолдар,  қиян-қиыр  шартарап,
Атырауым  қарсы  алдымда  шалқалап.
Дендеріме  дедек  қағып  келемін,
Домбаевтың  сағынышын  арқалап...

Сарайшық  
Иманғали  Тасмағамбетовке
Көңілім  ауып  осынау  ғаріп  қалаға,
Түбінде  жатқан  түмендей  тас  тұмандардың.
Сарайшық  барсам  сартап  мұң  сарып  санама,
Бабалар  қолын  созады  астынан  жардың.
                Бабалар  қолын  созады  жардың  астынан,
                Жайратқан  неткен,  япыр-ай,  қара  күш  едік.
                Ызыңдап  жеткен  алыстап  қаңғыбас  бір  ән,
                Шер  болып  менің  кеудеме  алады  шөгіп.
Шер  болып  менің  кеудеме  шөгіп  алады,
Қаңғыбас  бір  ән  қайырылып  қиырға  кеткен.
Кеңірдегімде  олардың  қолы  қалады,
Зәузаттарынан  зарығып  мейір  дәметкен.
                  Мейір  дәметкен  зарығып  зәузаттарынан,
                  Тексіз  ұрпақтан  болғасын  бабалар  ада.
                  Шығандап  кетіп,  оқимын  аулақта  құран,
                  Бетімді  беріп  бейкүнә  мола-қалаға.
Сарайшық  барсам,  зұлымдар  қиратқан  алып,
Сүйектер  қалған  көмусіз  қатарға  беттей.
... Тұншығып  жатам  түсімде  зиратта  қалып,
Сол  құрбандардан  арылып,  шаһарға  жетпей...

Дендер. – 2005 . - 15 желтоқсан (№51) . -  5 бет


«Артпа,  Қарой,  ақынға  азабыңды...»
              Қарой – 2004

Сәттерімде  арманым  арайлаған,
Өткенді  іздеп  өзіңе  талай  барам.
Мүлгисің  де  жатасың  мұңлы  күйде,
Тіл  қатпайсың  сен  неге  Қарой  маған?

Тіл  қатпайсың  сен  неге  маған  Қарой,
Зар  наласы  зорлардың  заманда  ғой.
Шер-шешен  боп  кеудеңді  жанши  ма  әлі,
Айтылмаған  Махамбет  бабамдағы  ой?..

Бітпестей  боп  мазасыз  майданды  өмір,
Жалықтырса  Жердегі  сайран  не  бір...
Көріп  қайтсам  көкірегім  тазарардай,
Саған  тарта  береді  қайран  көңіл.

Қанды  Қарой,  қаралым, қасіреттім,
Неге  мені  өзіңе  асық  еттің?
Азабымды  өзіңмен  бөліскелі,
Аза  гүлді  бабамның  басына  ектім.

Басына  ектім  бабамның  аза  гүлді,
Артпа  Қарой  ақынға  азабыңды.
Мазағыңды  ешкімге  көрсетпегін,
Аудартпағын  ешқашан  назарыңды.

P.S.  Сол  үшін  де  арнадым  ғазалымды...

Қарындасқа  хат – 2
«Доссорда  шәй  құяды  Гүлжан  сары,
Гүлжандай  бола  бермес  қыздың  бәрі..
Бала-Ораз  Өтебайұлы.
ХІХ  ғасыр. Доссор.  («Гүлжан  сары»  әнінен).
«Бізде  ақын  едік  таусылмас  мәңгі  арманы,
Ақыныңды  да  ақыры  тағдыр  алдады...
Фариза-қызға  мұң-зарын  айтқан  жырыммен,
Мұқағалидың  ізбасары  едім  мен-дағы...»
ХХ  ғасыр. Атырау.  («Қарындасқа  хат-1»  жырынан...).
Доссор  асып  кеттің-ау,
Мақат  жаққа  ақыры,
Сені  келін  қылған  үй –
Сірә  Құдай  «жақыны».
«Опасыз  ғой  қу  жалған,
Ораз  да  өтті  өксумен», -
деп  жырлайды  енді  кеп,
бүгінгінің  ақыны.

Сен  едің  ғой  қыз  қалқа,
біздейлердің  арманы.
Енді  түсті  өзекке,
Өкініштің  салмағы.
Шынашағың  майысып
сен  құйғанда  шәй  ішіп,
Қалған  шығар  қарық  боп,
Доссор – Мақат  шалдары.

...Бақытты  ғой  Бала-Ораз
көкіректе  толып  ән.
Жәрмеңкені  қоя  сап,
Шайхананы  торыған.
Шаршап  келіп  жан  сақтап,
Маңдай  тері  моншақтап,
Кімде  арман  бар  шәй  ішкен,
Гүлжандардың  қолынан.

Қанша  ғасыр  өтсе  де
ерік  бермей  уайымға,
Бала-Ораз  бен  Табылдың
әндері  әлі  ойында.
Шоқаяғын  қоздатып,
Махаббатын  маздатып,
Күте  ме  әлде  Гүлжандар
Бізді  Доссор  бойында!...
P.S.
Қандай  ғана  бақытты
Доссор – Мақат  шалдары,
Біздің  үйде  шал  жоқтай...
жүректен  жас  парлады.
Шәй  құя  бер  «аталап»
Шәйдай  ыстық  махаббат –
Бала-Ораз  бен  Табылдың
мәңгі  өшпейтін  арманы...
ХХ  ғасыр. 


                                              Қазақ  әдебиеті. – 2005 . - 16-22 желтоқсан. -  10 б. 






      Табылды  Досымов   
                   Ер  Хама,  рух  бер  Хама!

Мен  Хама,  сенің  даусыңды  естуші  ем  Нарын  құмынан,
Махамбет  пенен  Насихат  күш  алған  қазақ  жырынан.
Тамалар  тамын  салдырған,  Бабалар  шөлін  қандырған.
Өксіктің  соңын  өрт  қылып,  «Бабанда»  қалған  төрт  құдық,
Нарынның  қайран  даласы,  Қазақтың  қара  баласы.
Сен  өткен  кезде  дүниеден  Аспанға  қарап  ұлыған...

Өзің  тұрғанда  өлеңге  жақындамайтын  жамандар,
Шашаларына  сүрініп  шаба  алмаушы  еді  шабандар.
Өрліктің  поэзиясын  күзедің,  қайта  түзедің,
Ортаңқол  корабльдерің  білмеді  қайта  жүзерін,
Кеткен  соң  бастан  тайып  бақ,  Ойлады-ау  келіп  байыптап:
«Хамаң  бар  жерде-не  амал  бар?!»

Мәуелі  өскен  дарақ  ең, қойыны  толы  жеміске,
Шыңға  да  шалғы  салдырып,  қарайлаушы  едің  еңіске.
Арманыңды  Күннен  асырып,  Тік  жүретінсің  тегісте.
Азу  тісіңді  ақситып,
Сар  садағыңды  сақситып,  Төрт  қабырғаңды  жебе  қып,
Атқансың  талай  неміске.

Алматы  жақтан  ақырсаң  дүрсінер  Боқсақ  даласы,
Құрманғазы  боп  әуелеп,  сенімен  қазақ  санасы.
Пайғамбарға  өзін  балаған,  пәтуәлі  сөзге  жараған,
Орыстың  жырын  аударып, «Манасты»  тәржімалаған.
Намыс  қамалын  бермеген,  «Қамысқалының»  баласы.

Рухың  келді  тоқсанға,  Намысқа  шырпы  жақсам  ба,
Батырлық,  байлық  өткінші,  Әділдік  қайда – бақ  сонда!
Болса  егер  қазақ  өлеңі,  Келерсің  әлі  көп  санға...

Тойыңда  сенің  шаттанбай,  Шәйірлер  болып  топтанбай,
Жүректің  жырын  шер  қылып,  Жүрерміз  қалай  ақтармай.
Жолымды  жуып  арай-мұң,  Самолеттерге  қараймын,
Ақ  бұлтпен  шашы  астасып,  Кіләңкөр  көйлек  төсті  ашып,
Алатау  жақтан,  жырақтан,  Асыға  түсіп  траптан,
Атырау  халқын  сағынып,  Хамаңдар  келе  жатқандай...

             
                                             Дендер . – 2006 . - 18 қараша (№47) . -5 б.





Кітапхана – білімдінің  жүрегі,  біліктінің  тірегі
Биылғы  жылдың  ең елеулі  де  келелі  оқиғаларының  бірі  2007 жылдың   28  ақпанындағы   Елбасының  Қазақстан  халқына  арнаған  «Жаңа  әлемдегі  жаңа  Қазақстан»  атты  Жолдауын  кітапхана  саласы  қызметкерлері  талқылап,  оны  халыққа  таныстыру  мақсатында  бірқатар  іс  атқаруда.

            Аудан  әкімиятының  2007  жылғы  28  наурыздағы  №80  «Индер  ауданында  мәдениет  саласын  дамытудың  2007-2008  жылдарға  арналған  бағдарламасы  туралы»  қаулысы  мақұлданып,  аудандық  Мәслихаттың  кезектен  тыс  ХХҮІІІ  сессиясында  бекітілген  іс-шаралар бағдарламасының жоспарына сай аудандық  орталықтандырылған  кітапхана  жүйесі  мен  оның  бөлімшелерінің  жұмысын  ұйымдастыруда  ауданымызда  бірқатар  жұмыстар  бар.
Ауданның  15  кітапханасында  174008  кітап  қоры  бар.  2007  жылғы  6  айында  кітапханалар  2375  кітаппен  толықтырылды.  Ауданның  кітапханаларында  7007  оқырман  бар.  Жоғарыда  аталған  бағдарламаны  іске  асыру  жөніндегі  іс-шаралар  жоспарындағы  кадрмен  қамтамасыз  ету  және  біліктілікті  арттыру  тармағы  бойынша  аудандық  орталықтандырылған  кітапхана   жүйесінің   әдістемелік  бөлімінің  библиографы  Дина  Аренова  республикалық  мәдениет  қызметкерлерінің  біліктілігін  жетілдіру  курсынан өтті. Аудандық  орталықтандырылған  кітапхана  жүйесіне  жергілікті  бюджеттің  қаражаты  арқылы  800  мың  теңгеге  сөрелер  мен  компьютер  алынып  берілді.  Аудандық  орталықтандырылған  кітапхана  ғимаратына  2007  жылдың  ІІ  тоқсанында  күрделі  жөндеу  жұмыстарын  жүргізу  үшін  жергілікті  бюджеттен  3 миллион  36 мың  теңге  қаражат  бөлініп,  қазіргі  кезеңде  жұмыстары  атқарылуда. 
Елбасының  «Жаңа  әлемдегі  жаңа  Қазақстан»  атты  Жолдауын  бұқара  арасында  насихаттауда  аудан  кітапханаларында  «Қазақстан  байтақ  өлке  іргелі»,  «Жаңа  әлемдегі  Жаңа  Қазақстан»,  «Президент  Жолдауына – халықтың  қолдауы»,  «Үміт  пен  жақсылық»  тақырыптарында  дөңгелек  үстел басында кездесулер, әңгімелер, талқылаулар  ұйымдастырылды.
Елбасының «Қазақстан-2030» стратегиясын насихаттау  мақсатында  аудан  кітапханаларында  бірнеше  атаулы  шаралар  ұйымдастырылды.  Аудандық  кітапханада  «Бәсекеге  қабілеттілік – ортақ  міндет»,  «Жолдауға  іспен  жауап  береміз»  (Аққала),  «Еңселі  елулікке  ену  -  міндет»(НПС),  «Әлем  және  Қазақстан» (Бұқар),  «Ортақ  сақсатқа  ортақ  ұмтылыс» (Есбол),  «Президент  Жолдауына  жедел  үн  қосу» (Арыс),  «Халыққа  Жолдауы – ел  игілігіне» (Бөдене),  «Ел  сенімі-ертеңге  сергек» (Құрылыс)  деген  тақырыптарда  дөңгелек  үстел,  тақырыптық  кеш,  әңгімелер  өткізілді.
Мемлекет  қайраткері  Д.А.Қонаевтың  туғанына  95  жыл  толуына  байланысты  Елтай  кітапханасында  «Халқыма  деп  іс  қылдым»  атты  дауыстап  оқу  ұйымдастырылды.  Өрлік  кітапханасында  «Тілеуі  таза  азамат»,  «Тұғыры  биік  тұлға»  («Арыс»)  атты  кітап  көрмелері  шығарылды.  Аудандық  кітапханада  Ауған  соғысында  қаза  тапқандарды  еске  алуға  арналған  бірқатар  мәдени-көпшілік  шаралар  өткізілді. 
Солақай  саясаттың  салдарынан  басталып  10  жылға  созылған  сұрапыл  соғысқа  қатысқан  қазақстандық  жауынгерлерді  еске  алуға, жас  жеткіншектерге  олардың  ерлігін  насихаттау  мақсатында  аудандық   кітапхананың  ұйымдастыруымен  С.Сейфуллин  мектебінде  «Ерлік – ел  мұраты»  деген  тақырыпта  Ауған  соғысының  ардагерлерімен  кездесу  кеші  ұйымдастырылды.  Кездесуге  А.Нұғыманов,  Ә.Қабиев  шақырылды.  Бөдене  кітапханасында  Ауғанстанда  қайтыс  болған  жерлесіміз  Абат  Далабаевты  еске  алу  мақсатында  «Абат  есімі – ел  есінде»  атты  еске  алу  кеші  өткізілді.  Кешке  ауыл  тұрғындары  мен  жауынгердің  анасы  О.Салихова  қатынасты.  Ойластырылған  шаралар  жүзеге  асып  келеді.  Мысалы,  9  мамырдағы  Жеңіс  күні,  саяси  қуғын-сүргін  күндері,  т.б. атаулы  сәттер  ұмытылған  емес.  Кітапханаларда  жаратылыстану,  денсаулық  сақтау,  медицина  ғылымдары,  экология  тақырыптары  бойынша  бірқатар  шаралар  өткізілді.
            Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаев  «Ұлттық  идея  сөз  болғанда,  оның  басында  дін  тұруы  керек»  деген  болатын.  Отанды  сүю  имандылықтан  басталады.  Аудандық  кітапханада   «Дін-имандылық  бастауы»,  «Ислам – ізгілік  діні»  (Бөдене),  «Дін – адамзатты  біріктіру» (Бөдене),  «Иманды  ұрпақ-ел  ертеңі» (Құрылыс),  «Жастар  және  дін» (Барлаушы),  «Дінің  тұрсын  дін  аман» (Арыс)  сияқты  мәдени  шаралар  мазмұнды  болды.  Нашақорлық  пен  наша  бизнесіне  қарсы  халықаралық  күрес  күніне  байланысты  аудандық  кітапханада  «Нашақорлық-қоғам  дерті»  атты  кітап  көрмесі  шығарылды. 
            Көктоғай  кітапханасында  «Әр  ата-ана  баласын  есірткіден  қорғасын»,  «Нашақорлық-қоғам  дерті»  (Өрлік),  «Ессіздің  еншісі-есірткі» (НПС),  «Арақ  ішіп,  темекі  шеккен – денсаулықтың  түбіне  жеткен» (Жарсуат),  «Есірткі -ғасыр  ажалы»(Ынтымақ),  «Темекі  мен  есірткі  заттарының  зияны» (Құрылыс)  атты  денсаулық  сағаты  сұрақ-жауап  кештері  ұйымдастырылды.  Ынтымақ  кітапханасында  «Нашақорлық-жазылмас  дерт»  атты  9-10  сынып  оқушыларының  қатынасуымен  пікірталас  ұйымдастырылды.
Кітапханаларда  техника  және  ауыл  шаруашылығы  әдебиеттерін  насихаттауда  да  бірқатар  жұмыстар  атқарылуда.
            Өрлік  кітапханасында  «Менің  болашақ  кәсібім»  атты  мектептің  жоғары  сынып  оқушыларының  қатынасуымен  кездесу  кеші  ұйымдастырылды.  Бөдене  кітапханасында  «Қазіргі  ауыл  және  жас  маман», «Баптай  білсең  жердің  берері  мол» (Елтай)  тақырыптарда  дөңгелек  үстел  басында  кездесу,  танымдық  сағат  ұйымдастырылды.
Ата-бабадан  жалғасып  келе  жатқан  халықтық  мейрам-  Наурыз  мерекесі.  Әлемге  салауат  айтып,  келешектен  үміт  пен  сенім  күтер  жаңару  күні  аудандық  кітапханада  «Әз  наурыз,  сен  төресі  мерекенің,  бастауы  бол  бірлік  пен  берекенің»  атты  кең  көлемді  кітап  көрмесі  шығарылды.  Қалашықтың  орталық  алаңында  өткен  мерекелік  шараға  қатынасқан  кітапхана  қызметкерлері  халқымыздың  салт-дәстүрлерін  насихаттауға  байланысты  «Сыңсу»  театрландырылған  көрінісін  сәтті  шығарды.  Наурыз   мерекесі  барлық  ауылдарда  ұйымдастырылды.
            Облысымыздың,  ауданымыздың  саяси – экономикалық, ғылыми-мәдени өмірі мен  халқымыздың  тыныс-тіршілігін  оқырмандарға  насихаттау   кітапхананың  міндеті.
Жерлесіміз  қоғам  және  мемлекет  қайраткері  С.Құбашевтың  туғанына  80  жыл  толуына  байланысты  аудандық  кітапханада  «Нар  тұлғалы  азамат»,  «Жайықтың  абыройы  асқан  азаматы» (Барлаушы), «Елін  сүйген  азамат» (Елтай),  «Қайратты  ер,  қадірлі  азамат»  (Аққала)  атты  тақырыптарда  кітап  көрмелері,  бұрыштар  ұйымдастырылды.
            Махамбет  Өтемісұлының  шығармаларын  насихаттауда  поэзия  күніне  байланысты  аудандық  кітапханада  «Махамбет  -  елдің  намысы»,  «Жыр  семсері-Махамбет»  сияқты  тақырыптармен  шаралар  өтті.  «Біз -  Махамбет  мұрагеріміз»  атты  жоғары  сынып  оқушылары  мен  мұғалімдері  қатынасуымен  поэзия  сағаты  өткізілді.
2007  жыл  -  «Мемлекеттік  тіл  жылы»  деп  жарияланды.  Туған  тілдің  абыройын  асқақтатыу- әрбіразаматтың  борышы.  Тәуелсіз  елдің  жас  ұрпағына  парасатты  да,  білімді,  іскер  де  қабілетті,  ұлтжанды  тұлға  етіп  қалыптастыруда  мемлекеттік  тілдің  атқаратын  ролі  зор.  «Қазақстанның  болашағы  -  қазақ  тілінде» (Жарсуат),  «Тіл-халықтың  мұрасы» (Ынтымақ),  «Мемлекеттік тілге – құрмет  пен  жанашырлық» (Өрлік),  «Тіл – халықтың  ертеңі» (Арыс), т.б.  шаралар  өтті.
            Міне,  осындай  барлық  шаралардың  бастауында  кітапханалардың  өздері, олардың  ерінбей-жалықпай  еңбек  етуі  тұрғаны  хақ.  Алға  қарайда  аудан  кітапханашылары  талап  үрдісінен  шыға  берері  сөзсіз.
Табылды  Досымов,
 аудандық  мәдениет  және  тілдерді  дамыту  бөлімінің  бастығы.
Дендер,  28  шілде,  2007 жыл,  4 б.


Жастықтың  жайсаң  әндері  немесе  сазгер  Есенбай  Қосайдың  өнернамасы  хақында

            Адам  жаны  кенелер  қыруар  ләззаттар  ішінде  әннің  орнын  толтырар  яки  оны  жоқтатпас  басқаша  бір  құдірет  мына  өмірде  табыла  да  қоймас.  Осынау  төңкерілген  сағымдай  мың  құбылған  аласапыран  тіршілікте  сиқырлы  музыка  сазына  жаныңды  бөлеп,  әуезімен  әлдилеген  шандоз  сазгерлердің  бипыл  ырғақтарына  құлақ  түрмесеңіз  шолақ  ғұмырыңыздың  өзі  жұтаңдыққа,  қарабайырлыққа  тап  бола  ма?
«Адам  артындағыларды  көріп  қартаяды»  дейді  атам  қазақ.  Бірақ,  пенде  шіркіннің  артындағыларды  көріп  марқаятын  да  кездері  болады.
            Сондай  болашағынан  үлкен  үміт  күттіретін  жас  сазгерлердің  бірі  – Есенбай  Қосай  дер  едік.  Есенбайдың  әнін  алғаш  1998  жылы  тыңдаған  едім.  Ең  әуелі  таңқалдырғаны  оның  сахнадағы  көркі  емес,  келісті  тұрысы  емес – сазгерлік  өнеріндегі  биік  кернеуге  жеткен  сұлулық  сезімі  еді.
Өйткені  оның  сазгерлік  техникасы  айқайдан,  әшекейден  және  публиканың  алдындағы  құлшылықтан  туындайтын  эффекттерден  мүлде  аулақ.  Сазгер  өзі  қол  жеткізген,  игерген  көркемдік  құралдарын  бір  ғана  мақсатқа – музыкалық  ойды  барынша  ажарлы,  терең  етіп  бейнелеуге  жұмсайды.  Жастайынан  қолынан  гитарасын  тастамаған  Есенбай  мектеп  қабырғасында  жүргенде-ақ,   сонау  аядай  ауыл  Сағызда  Әбдіғапар  Темірхановтың  жетекшілігімен  құрылған  «Наурыз»  тобында  өнер  көрсетті,  осы  ұжымда  қабілетін  шыңдады.
            Қалай  дегенмен  де,  өз  өнерінің  биік  белестерінен  ғана  белгі  берген  дарын  – шын  өнерпаз  саналмақ.  Оның  шеберлігі  әркелкі  болуы  мүмкін.  Кейде  өзі  межелеген  өреден  төмен  де  түсуі  мүмкін.  Бірақ,  өмірінің  мерейлі  шақтарында  ол  өнердің  биік  шыңдарына  шығады,  кейінгіге  үлгі  боларлық  қайталанбас  өрнек  салады.  Сөз  жоқ,  Есенбай  қазақ  әнінің  тарихынан  мол  мағлұматы  бар  эрудит  сазгер.  Оның  әуезінен  байырғы,  серілер  заманындағы  қазақ  әнінің  биік  рухы  сезіліп  тұрады.  Он  алты  жасынан  бастап  ән  шығара  бастаған  Есенбайдың  1998  жылы  Ақтау  қаласының  35-жылдық  мерекесіндегі  гитара  шертетін  өнерпаздар  сайысында  Светқали  Нұржанның  сөзіне  жазған  «Жастықтың  жазғы  бағы»  әні  бас  жүлдеге  ие  болды.
            1999  жылы  Оразалы  Сисембаевтың  демеушілігімен  жеке  әндерінің  «Мәжнүн  тал»  атты  үн  таспасы  жарыққа  шықты.
            2000  жылы  «Ән-Атырау»  атты  жаңа  әндер  байқауында  «Ардақты  ана»,  Ақтөбе  облыстық  радиосы  ұйымдастырған  ән  шеруде  «Мәжнүн  тал»  әндері  жүлдегер  атанды.  2001  жылы  Қазақ  радиосы  ұйымдастырған  Республикалық  патриоттық  әндер  сайысында  Сабыр  ақынның  сөзіне  жазған  «Ән  басы»  әні  бірінші  орынды  иеленді.  2003  жылы  Маңғыстауда  өткен  облыстық  патриоттық  әндер  байқауында  «Ән  салтанаты»  әні  бас  жүлдені  жеңіп  алды.
            2006  жылы  Маңғыстау  облысының  әкімі  Қ.Көшербаевтың  қолдауымен  дүниеге  келген  халықаралық  «Каспий  –  достық  теңізі»  фестивалінде  «Достық  теңізі»  әні  осы  салтанаттың  гимні  болып  тағайындалды.
Қарап  отырсақ,  қаршадайынан  сазгерлік  жазирасына  бет  түзеген  Есенбай  Қосай  бүгінде  өз  биігін  тауып  шығыпты.  Қазір  жас  өнерпаздың  отызға  жуық  әндерін  белгілі  әншілер  үлкен  сахналарда  орындап  жүр.  Есенбай  әндерінде  драматизм  де,  трагизм  де,  патриоттық  рух  та  жетіп  артылады.
Көп  күнімді  өткізіп  ем  қырға  асып,
Көк  туымды  көзім  көрді  – бұл  бақыт.
Осы  әнімді  өздеріңе  арнадым,
Отанына  болған  жандар  шын  ғашық.
Биік  эмоция,  ерекше  леппен  айтылатын  бұл  әнде  қан  қыздыратын  айырықша  атой  бар.  Есенбайдың  сазгерлік  қоржынындағы  ең  көрікті  әндердің  бірі  -  «Мәжнүн  тал».  Бұл  жүрекке  ақырын-ақырын  сағыныш  балауызын  тамшылататын  ғажап  туынды.
Мұнар  жапты  сары  белді,
Мұңды  күзім  тағы  келді,
Кемді  күн  сырлас  болдық  дәм-тұз  жазып.

Мәжнүн  тал,
Қоштасалық,  жаным,  енді.

Мен  деген  сондай  жанмын,  өкпелеме,
Шақырма,
Өтінемін,  кет  деме  де,
Әзизім,  жолға  қарап  сарғайсаң  да,
Бір  құсың  оралмайды  көктемеде.

Құс  сайрап,
Құмыр  сөйлеп  бақ  дуға  еніп,
Айдын  көл  шалқыр  тағы  аққу  қонып,
Жас  дәурен  - жапыраққа  тұнған  тамшы,
Ол  ертең  кетеді  ұшып  ақ  бу  болып.
Сарғаяр  сағыныштан  жүзің  ол  күн,
Сұп-суық  тамшылар  боп  түзілер  мұң...
Жалғыз  тал  сенің  ғазиз  жапырағыңдай
Қалтырап  тұрып-тұрып  үзілермін,
Мәжнүн  тал...

            Көз  алдыңызға  күзгі  желмен  тербеліп,  жапырағын  төккен  мәжнүн  тал,  оған  сүйеніп,  ғашығын  күткен,  санамен  сарғайған,  сағыныш  мендеген  жас  ару  елестейді.
Иә,  бұл  сонау  балауса  жастықтағы  күйкі  тірлікке  араласпаған  таза  сана,  таңғы  тұнық  ой,  лайланбаған  ақ  кіреуке  сезім  еді-ау...
Міне,  Есенбайдың  сазгерлік  әрі  сезім  фотоаппараты  пенде  біткеннің  жүрегін  бір  аунатпай  қоймайтын  осынау  аяулы  әрі  қас-қағым  сәтті  ақ  жамбыдай  қақшып  түсіпті. Қалай  дегенмен  де,  Есенбай  осы  әндерінде  кейіпкердің  ахуалына  түсіп,  кейіптелудің  биік  үлгісіне  жеткендігімен  қуандырады.
            Осы  орайда,  белгілі  сазгердің  өнеріне  тәнті  болып,  оның  туындыларының  үлкен  сахналарда  қанат  қағуына  аянбай  ат  салысып  жүрген  меценат-кәсіпкерлерді,  демеуші  азаматтарды  атамай  кету  орынсыз  болар.  Олар  Маңғыстау  өңіріне  белгілі  іскер  жандар  әрі  ірі  бизнес  өкілдері  Темірбек  Тыйылұлы  Асауов  пен  Қосай  Алғабайұлы  Шаңытбай  мырзалар.  Осы  азаматтар  сазгер  Есенбайдың  ізденіске  толы  отызға  толған  шағында,  туған  халқына  өнерімен  шашу  шашуына  зор  ықпал  етті.
            Біз  осы  қысқаша  ғана  қайырылған  баянымызда  жас  сазгер  Есенбай  Қосайдың  өнердегі  соқпағына  көктен  шалғандай  ішінара  көз  жүгіртіп  шықтық.  Мына  тіршілікте  өнер  құпиясын  ашудан  өткен  ауыр  мехнат  жоқ  шығар.  Сол  құпияларға  қапысыз  құлақ  түріп,  жұмыр  жердің  ақ  жұлындай  тартылған  иір-иір  жолдарымен  қазақ  саз  өнерінің  жібек  жалды  құла  тайы  - Есенбай  да  лекіте  шауып  барады...

Табылды  Досымов, 
Қазақтың  тұңғыш  бард-ақыны,  мәдениет қызметкері.
// Мәдениет. – 2007 . - №10  . - 24 – 25 бет.

Аты  жоқ  өлең
Маған  атақ  керек  емес  Хәкімнен  де,  Тақсырдан,
Ол  атақты  Алматыда  жүрген  кезде  тасқа  ұрғам.
Ғұмыр  бойы  мендік  атақ  ұлы  болу  халқымның,
Атырауым  айналмас  па  арқа  сүйер  жақсы  ұлдан.

Маған  атақ  керегі  жоқ,  артымда  аман  Дендерім,
Сол  Дендерім  сенгенім  де,  өмір  бойы  сенгенім.
Мендік  атақ  Дендербордың  ұлы  деген  мәртебе,
Кірпік  қақпай  баққаным  да,  тапқаным  да  сол  менің...

Димаш  аға  армандаған  бір  кез  «Үлкен  Дендерді»,
Өйткені  ол  заманына,  қоғамына  сенген-ді.
Ол  жылдардың  заманы  өтті,  Досымовтың  жыр-әні,
Туған  жерде  аралап  жүр  көлдер  менен  белдерді.

«Мың  тоғыз  жүз  отыз  бесте»  Қамысауыл,  жертөле,
«Индерборға»  жұмыс  жасау-әр  қазаққа  мәртебе.
Сол  «Индербор»  Москвада  танылған-ды  ертерек,
Бақыттымын,  туылғанға  сол  тарихи  өлкеде!

Хан-Қонаев  айтып  кетті  өткір  сөзін  өтімді,
«Үлкен  Дендер»,  ашылсаңшы  салдық  міне,  көпірді,
Көз  алдыма  қоздайсың  да,  маздайсың  да  жатасын,
Тірісінде  қадірленбес  мендік  талант  секілді...

Жұмекештану  теориясы
Түске  дейін  қызыл  көйлек,  түстен  кейін  көк  көйлек,
Ойламаңыз  ол  кездері  Жұмекештер  көп  қой  деп.
Заман  да  сол  құбылмалы:  кеше  қызыл,  бүгін  көк,
Көз  алдымда  лапылдайды  қызыл-жасыл  шоқтай  боп.

Сол  Жұмекеш  апам  еді,  Адай  еді  «айыбы»,
Тербелді  оның  көңілінде-Жайығында  қайығы...
Маңғыстаулық  Ақбөбектің  сіңлісі  еді  сол  апам,
Ғашық  болған  Ақбөбекке  Қорабайдың  Қайыбы.

Әнге  сыймас  Ару-Бөбек  Иран  асып  кеткен-ді,
Ең  алғашқы  кәмпескеде  Адай  қысым  көп  көрді,
Ал,  Жұмекеш  Нұрмағамбет  деген  байдың  қызы  еді  ол,
Бай  тұқымы  біздің  жаққа  «аткәшәунік»  боп  келді.

Лак  жағылған  туфлидің  қос  тағасы  сартылдап,
Хиуадан  соқтырылған  ай  сырғасы  жарқылдап.
Индербордың  көшесінде  апам  келе  жататын,
Ақ  шарқаты  төбесінде,  әдіптелген  алтындап.

Билеп  келе  жататұғын  таңғалдырып,  ырқыңды  ап,
Сөйлеп  келе  жататұғын  сәйкілікпен  сылқылдап.
Қалампырлы  кәжекейдің  оюлары  жылтылдап,
Езуінде  «Прибойы»  анадайдан  бұрқылдап.
Сөйлеп  кетсе  табатұғын  қара  сөздің  жүйесін,
Паңдық  біткен  бай  қызына  амалсыз  бас  иесің.
Шал  үстінен  шалға  кетіп  жасы  алпыстан  асқанда,
Сағиденге  әкелді  екен  қанша  байдың  түйесін?!...

Көңілденсе  беріп  кетер  неше  түрін  батаның,
Елге  әйгілі  емшілігі  аспандатты  атағын...
Қанша  келін  жүкті  болды  қанамаған  өкшесі,
Сұрап  киіп  тіз  киімін  сол  Жұмекеш  апаның...

Мәтөк  кемпір  келе  жатыр  деп  күлер-ау  кіл  жаман,
Қарға  бойлы  қазақпыз  ғой  ыржалаң  да  ыржалаң.
Жылдар  өлді,  ғасыр  келді,  бірақ  та  сол  баяғы,
Жұмекештің  көйлегіндей  құбылып  тұр  бұл  заман.

             Дендер . – 2010. -  12 тамыз . - 8 бет.

Табылды  Досымов, 
Қазақстан   Жазушылар  Одағының  және Журналистер  Одағының  мүшесі, ақын, 
ҚР  Мәдениет  қайраткері

Жотасы  биік  Дендерім
Саңқылда  даусым,  саңқылда,
Сөйлеуден  тілім  тартынба.
Ақ  найзаның  өзіндей,
Наркескеннің  жүзіндей,
Жасын  боп  сөзім  жарқылда.
Аруақтарым  қолдай  көр,
Шабытсыз  шәйір  болмайды  өр,
Жайықтың  жайсаң  жазындай.
Жадырап  қалсын  халқым  да!
Тартынбайды  айтудан,
Исатайдың  өзіндей.
Жарқылдайын  ендеше,
Махамбеттің  сөзіндей.
Ұмытқандар  Алласын,
Ғұмырда  жолы  болмасын!
Қазақстан  бағына,
Бейбіт  бір  заман  орнасын.

Дендер  деген  ардақ  жер,
Талайға  арман  болған  жер.
Жеті  жұрт  көшіп  үстінен,
Асан  Қайғы  ізін  салған  жер.
Елдігін  сақтап  ерлері,
Айқайлап  жауға  барған  жер.
Сұлтаны  түсіп  соңына,
Ақыны  қаза  болған  жер.
Пақыры  сатып  тектісін,
Батыры  бассыз  қалған  жер.

Дендер  деген  неткен  жер,
Махамбет  өтіп  кеткен  жер.
Өсиет  тұнған  жырды  аңсап,
Қасиет  тұнған  күнді  аңсап.
Мөңкенің  ұлы  Мұраттың,
Қайғыланып  өткен  жер,
Аруанасы  желген  жер.
Ботасы  боздап  ерген  жер,
Текті  шалдардың  қойнынан,
Тегеурінді  ұлдар  өрген  жер.

Қызыл  да  Кеңес  кезінде,
Одаққа  байлық  берген  жер.
Он  алты  Кеңес  Ерімен,
Төрт  батыры  одақтың,
Соғыстың  көрін  көмген  жер.
Матросовтың  ерлігін,
Өзінен  бұрын  жасаған.
Нысанбаев  Боранның,
Өртеніп  бара  жатқанда,
Көз  алдына  келген  жер.

Қонақтарым  қош  келдің,
Атыраудың  еліне.
Дендербордың  жеріне,
Ақ  Жайықтың  бойына,
Қаройымның  ойына.
Әлемге  кеткен  аттары,
Қазақтың  өңшең  мақтаны.
Нұрекеңнің  қосшысы,
Атыраудың  басшысы,
Бергейім  шықты  алдымнан.
Замана  мынау  жаңғырған,
«Таскешудей» көпірді,
Жаңғыртып  қайта  салдырған.
«Бияштектей»  завод  пен
Уәлиханов  мектебін,
Орнатып  жұртын  таң  қылған.
Астананың  күнінде,
Бақытын  ойлап  елінің.
Жақұтын  ойлап  жерінің,
Қазақтың  бағын  жандырған.

Ақының  енді  толғасын,
Бейбіт  бір  заман  орнасын.
Талайлы  сәтке  кездескен,
Толарсақтан  саз  кешкен,
Зобалаң  заман  болмасын.
Мақсат  та  сол  ед  көздеген,
Ерекше  болсын  өзгеден.
Орнатайық  сөзбенен,
Өлеңнің  асқақ  ордасын.
Хош  келдіңіз,  қонағым,
Құтты  болсын  қадамың.
Махамбет  баба  сіздерді,
Аруағымен  қолдасын!

      
                                                           Дендер . - 2010. - 8 шілде (№28) . – 16 бет                                                                                                                                                              


            Табылдың  әні
Бұл  дүние  айналғанмен  сырласыңа,
Мен  кепіл  мәңгі  бақи  тұрмасына.
Бір  күні  Құдайыңнан  хабар  келсе,
Шығарсың  сен  де  құрбым  «қыр  басына»...

Қайғырып  досың  түгіл,  бақталасың,
Кеудеңде  сағат-ғұмыр  тоқтағасын,
Қалдырып  мынау  жалған  дүниені,
Келмеске  мәңгі  бақи  аттанасың...

Сол  жаққа  аттанасың  бәрі  барған,
Қалады  көкірегіңде  алып  арман.
Қалады  аузыңда  сары  тісің,
Қалады  гаражыңда  сары  «Волгаң».

Біреуде  ақшаң  қалар  қарыз  алған,
Мұрныңды,  шақшаң  қалар,  зәрі  жарған.
Он  бөлме  үйің  қалар,  қиын  болар,
Өйткені  бәрі  жалған,  бәрі  жалған...

Бұл  қазақ  мол  байлықты  текке  іздейді,
Ақшаңды  миллионға  жеткіз  мейлі.
Сенімен  бұл  Құдайым  о  дүниеге,
Сом  түгіл,  соқыр  тиын  өткізбейді.

Сұм  ажал,  қайыршы  емес  тиын  сұрар,
Бұл  күні  қу  жаныңда  бұйымшылар.
Қорқыттар  құтылмаған  бұл  өлімнен,
Табылдың  құтылуы  қиын  шығар...

Біз  түгіл,  құтылмаған  алып  Абай,
Білмедім  о  дүниенің  қалы  қалай?
Бір  кездегі  Табылдың  әні  екен  деп,
Соңымнан  зарлап  жүрсін  қалың  адай...

Жігіттер,  артық  айтсам,  кінә  тақпа,
Батайық  күліп,  ойнап  рақатқа.
Өмірден  кәрі  де  өтер,  бәрі  де  өтер,
Берілген  өмір  бізге  «прокатқа»...

     Сөз  соңы
Үтірмен  Сені  бітірдім,
Бітірмей,  жырым,  нүктемен.
Бергі  жағында  үтірдің,
Өлең-өмір  тұр  бітпеген.

Шабыстан  шабыт,  талмасаң,
Көбейер  жырдың  қатары.
Мәндірек  болар  әрқашан,
Мәңгілік  сана  сапары.

Тылсым  жыр  атты  орманда
Ойлы  өлеңдерге  шеп  құрып.
Асқақ  Алатау  арманға
Алқынбай  жету – тектілік!
Осылай  деуді  құп  көрдім,
Оқырман,  сен  қой  нүктесін.
Адамдық  ғұмыр  біткен  күн
Ақындық  ғұмыр  бітпесін!

                                             Алаш  айнасы . - 14 қазан (№182). -  5 бет.