Киелі өнер

Атырауға тау апаруды армандаған ақын
Бұл суық хабар әрбір қазақты елең еткізді.
Табылды Досымов қайтыс болыпты. 
Не дейді? Не дейт? – осынау хабар тұла
бойына суық су құйғандай әсер етті әркімнің.

Талантты аса талантты жанның өмірден өткеніне бір сәт бәрі де – мынау ит қосып қуғандай асығыс, аламан тірлікте һешбір уақыты жоқ, небір қитұрқы жаңалықты ести-ести таңдану дегеннің не екенін ұмыта бастаған, «өзгерген» адамдар да, Табылдының өзі көп жырлаған қала мен дала да бір сәт қана мойын бұрды-ау. Содан соң шығыршығында айналған ақ тиін тәрізді одан әрі дүние бәз баяғыша дөңгелене берді.
Табылды Досымовты сонау 80-ші жылдары КазГу-де оқып жүрген кезден білемін. Бізден 2-3 курстай төмен оқыды. Атыраудың (Гурьевтің) баласы екен десті. Тұлғалы, қара торы, жиырмадан асқан жігіт екен. Сол кезде Алматының тауларын Атырауға апаруды армандап жүргенін қайдан білейік.Көп үндемейтін, томаға-тұйық, мінезі ауырлау сияқты көрінді. Өзім де біреудің іші-бауырына кіріп кететіндердің сортынан емеспін. Сондықтан ба, жатаханада бірге тұрсақ та «жерлес апам», «жерлес бауырым» деп сөйлесіп көрмеппіз. Сол кезде Табылдының саңқылдап өлең оқып тұрғанын немесе гитара шерткенін де байқаған емеспін. «Мен, мен» деп өзін жарнамаламайтын болған соң ба. Табылдыны «Гурьевтың баласы», журналистика факультетінің ілім-білімін оқып тауысқан соң, «газет-жорналдардың бірінде жұмыс істейтін» көп маманның бірі деп білдік. Бәлкім ішіндегі жанартаудай бұлқылдап жатқан талантын оңашада курстастарына, достарына ғана көрсеткен болар. Не болса да Табылдының таланты кейін ғана бейне жанартау секілді кенеттен көкке атырылып, тек жырсүйер, өнерсүйер қауымды ғана емес, осындай жанартауынжасырып келген барша бірге оқыған казгуліктерді де таңғалдырып еді. Жанартау қалай атылады? Сол кезде оған таңғала қарамайтын жан бола ма? Табылдының ішіндегі жанартау да тап солайша атылды.
Ұнатады шыңда көңіл шырқауды,
Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды
Толағай боп туылмадым әттең-ай,
Атырауға әкелер ме ем бір тауды...
Ғаламат сөздер, ғаламат теңеулер, ғаламат музыка мен ғаламат әншілік орындаушылық шеберлік – бәрі жымдасып, үндесіп біртұтас дүниеге – Табылды Досымовқа айналды.
Бірде Құлсары қаласындағы кітап дүкендерінің біріне кіріп, аралап жүргенмін. КазГу-де бірге оқыған жас ақындардың қайсысының кітабы шықты екен жаңа өлеңдерін оқи алар ма екенмін деп іздеп жүретін әдетім еді.Сөрелерді жағалап келе жатып, Табылдының «Жанарымның жарқылы» деген өлең кітабының үстінен түстім. Жерден жеті қоян тапқандай жармаса кетіп, казгулік бауырымның кітабын сатып алдым. Үйге әкеліп оқи бастадым.
Тағы бірде 90-жылдары бүгінде жекеменшікке сатылып кеткен аудандық мәдениет үйінде «Тамаша» дейтін әзіл-сықақ отауының концерті болып, соған бардық. Кенет сахнаға қолына гитарасын алып, таудай болып Табылды шыға келді. Баяғы студент, үндемес бала емес, толысып кеткен, орта жастағы орнықты азаматқа айналған.
Өмірден нақ 30 жасында өткен, өте талантты Бауыржан Үсенов дейтін жамбылдық ақын жігіт болған. Бес жыл бірге оқыған курстасым. Бард ақын сол өмірден қыршын кеткен Бауыржанға арнаған, сай-сүйекті сырқыратар әнін айтсын. КазГу-ді сағынып, бірге өлең оқитын «классиктерімді» сағынып жүрген мен де ебіл-себіл жылауға қаптаған елден ұялып, әрең отырмын. Концерттен соң Табылдыға барып амандастым. Бейнебір туған апасын көргендей, көзі жарқ ете қалды, Қауқылдасып жатырмыз. «Пәленше қайда? Түгенше қайда?» десіп жатырмыз. Бауыржан туралы айттық. «Қап, сенің залда отырғаныңды білгенде «Бауыржан Үсеновтың курстасы отыр мына залда» деп айтатын едім,-дейді
Одан кейін де Атырау қаласында өтетін жиналыстарда кездесіп қалатынбыз.
- Алматыға кетпедің бе? Атырауда не ғып жүрсің? - деп сұрағанмын.
- Кемпір-шалға қарайладым (Ата-анасын айтқаны). Оларды қайтып жалғыз қалдырып кетемін. Мен кетсем, оларды кім бағады? Содан байланып, осы жерден шыға алмай жүрмін ғой, - деді.
Оның да бәріміз сияқты Алматысын, қайталанбас КазГуград қалашығын, ақын достары мен әдеби ортаны сағынып жүргенін байқадым. Бұдан соң онымен кездескен жоқпын. Сырласып көрген де емеспін. Мінез-құлқын да, өзін де білмеймін. Біреулердің оны өсектеп отырғанын да көрдім. Бірақ, бір нәрсені анық білемін. Ол – Табылды Досымовтың ешкімге ұқсамайтын қайталанбас тұлға, ғаламат бард ақын екендігі. Артына өлмес жырлар қалдырғаны. Ал ол жырлардың сөнбес жанартау сынды баршаны таңғалдыра беретінін.


Шатенова С.