Сұхбаттасқан Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Жанай Амантурлин
Сахнаны менсінбей жүргенім жоқ,
сыйлап жүрмін
Қазақтың тұңғыш бард ақыны «Мәдениет қайраткері»,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, әнші-сазгер, Индер аудандық мәдениет және
тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Досымов Табылды Аяшұлын көпке таныстырып
жатудың өзі артық. Біз бүгін жаңа жыл мерекесі қарсаңында қаламгерді әңгімеге
тартып, біраз жайды сөз еткенбіз.
Тәке,
Сізді анда-санда республика сахналарынан көріп, «біздің Табылды» десіп мақтанып
отыратынбыз. Алайда сіз жеке шығармашылық кешіңізді өткізуден бас тартып
келесіз. Өнерсүйер қауымға мұны қалай түсіндіресіз?
Иә, сахнадан көбірек көрінбейтінім шындық. Ол сахнаны
немесе көрерменді менсінбеу емес, керісінше, оларды жалықтырып алам ба деп
ойлаудан туған әрекет. Сахнаны сыйлаудан туған ой. Атырау қаласында анау бір
жылдары 1-2 рет әртүрлі көлемде шығармашылық кешімнің өткені болмаса, сахнада
ұзағырақ тұрып алған жерім жоқ. Мысалы, өзің ойлап қара, 1993 жылдан бастап өз
туған топырағым Индерде тұрып, мәдениет саласында қызмет жасаймын. Күнде
болмағанмен мәдениет үйлерінде жылына бір рет шығармашылық есепті концертімді
беріп тұруыма әбден-ақ болады ғой. Тіпті ондай сауалдың түсіп жүргені де
шындық. Бірақ, өзім қарсы бола беріппін. Ұлық болсаң, кішік болдың кері ме?
Дегенмен биыл өзгеше байламға келіп отырмын. Келесі 2009 жылы менің
шығармашылығымның бастау алғанына 25 жыл толады екен. Осыдан ширек ғасыр бұрын
әскер қатарында жүргенде «Солдат сағынышы» атты алғашқы әнім дүниеге келді. Сол
сәттен бастап кәсіби өнерге бет бұрған шығармын. Осыларды ойлай отыра келесі
2009 жылы Атырау қаласында, Махамбет атындағы облыстық драма театрында «Қыр
баласы қол созады аспанға» атты өз кешімді өткізуге іштей шешім қабылдадым. Бұл
мәселе келесі жылдың облыстың мәдени-көпшілік шаралар жоспарына кірсе
құба-құп... Ол кеште өзімнің үлкен сахнадан естілмеген жаңа әндерім орындалады.
Оларды Атырау, Ақтау, Орал қалаларынан келген қазақтың талантты әншілері – өз
достарым орындайды. Сондай-ақ театрдың жас актерлері менің шығармаларымнан
поэтикалық сахналандырылған қойылымды көрсетеді. «Банды Аманғали» мен автордың,
кешегі заман мен бүгінгі заманның сахнада беттесуі де сол кештің әрін келтірер
көрсетілім болуы мүмкін.
Астанадан, Алматыдан арнайы қонақтар болмаса, ешқандай
әншілер шақырылмайды. Бұндағы мақсатым – Қазақстанның батыс өлкесіндегі
көрінбей жүрген таланттар тобын сахнаға алып шығу. Міне әзірге осындай
даярлықтар үстіндемін.
Ендеше іске сәт
делік. Мемлекеттік қызметтесіз, мәдениет бөлімі тізгінін ұстағаныңызға 10 жыл
таяп қалыпты. Әттеген-айыңыз бар ма?
Бала жастан араласқанымыз мәдениет саласы болғандықтан, илегеніміз
де сол терінің пұшпағы. 2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы болып табылған кезде
Атырау елінде облыс әкімі И.Тасмағамбетовтың тікелей басшылығымен көптеген
жұмыстар атқарылғанын әр жерде айта жүрем. Өзім тұрып жатқан Индер ауданында
сатылып кеткен немесе құлағалы қаңырап иесіз тұрған қаншама мәдениет ошақтары
қалпына келтірілді. Жалғыз ғана Бөдене ауылындағы мәдениет үйі тозығы
жеткендіктен ашылмай қалды. Дегенмен, алдағы 2010 жылы 10 миллион теңгеге
жаңадан ғимарат салу мәселесі облыстың индикативті жоспарына еніп тұр. Бір
қызығы 2006 жылдан бастап, барлық мәдениет ошақтары жеке қазыналық коммуналдық
мемлекеттік кәсіпорынға айналдырылып, жергілікті округтардың қарамағына беріліп
жіберілді. Бұл әдістің озық жерлері де болған шығар. Алайда поселкедегі
аудандық мәдениет үйі болып есептелетін «Индер – Мәдениет» МҚКК поселкелік
округке берілуі себепті аудандық мәдениет үйі өз мәртебесін жоғалтты. Бұл күнде
аудандық шаралар өткізілмеудің аз-ақ алдында.
Облыстағы шараларға қатынасудың қаржылай көздері қаралмаған. Аудандық
мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жоспарлаған қаншама жоба қаржы көзінің
қаралмауынан орындалмай жатыр. Расында да Махамбетті, Мұратты жырлаған аудан
ақындарының жинағын, «Дендер өңірінің батырлары мен билері», «Дендер өңірінің
ақындары мен әулиелері» деген аудан энциклопедиясының жүгін арқалауға татитын
қос кітаптың (авторы М.Мұқтарұлы) немесе А.Құсайыновтың «Жүрек сыры»,
Ш.Өтенәлиевтің «Күміс көлді күмбезім», Ғ.Ғабдуллинаның «Қаламгер ұстаздың
қолжазбалары» атты жинақтардың баспа бетін көре алмай бөлімнің сейфінде сүрленгеніне
біраз жылдар болды.
Махамбет тойы өткеніне де алтыншы жылға айналып барады.
Той өтті, алайда Махамбет мәңгілік. Оның мазарының басындағы қыруар шаруа
болашақта шешімін табуы тиіс. Махамбет қорығының қызметін одан әрі өрістету,
мазар басына «Алғабас-Жорық» каналынан су желісін тарту, түнемел үй салу, Индер-Қарабау
тас жолы мен Малайсары» мекенінің ортасына жол тарту жұмыстары кезек
күттірмейтін мәселелер.
Осы өлкенің туған
перзенті ретінде көңіліңізді не мазалайды?
Әрине, біраз нәрселер ойлантады. Биыл ауданның 80 жылдығы
мерекесі кезінде поселкенің барлаушылар бөлігіндегі ескі Дендердің орнына
ескерткіш белгі қойылды. Оны жергілікті халық өте жылы қабылдады. Алайда туған
өлке тарихын ұлығылау оныменен шектелмеуі тиіс. Индербор поселкесінің басқа
ауданның орталықтарынан бір ерекшелігі сол – байырғы кеншілер мен
барлаушылардың мекені. Шынында бұл жерде борат кеніші ашылып, жұмысшы поселкесі
орнамаса біз әлі аудан орталығын Есбол селосы қылып отыра берер ме ек? Осы
мәселелерді түбегейлі ойласа келе біздер – индерлік бір топ азаматтар сол
кездегі аудан әкімі Т.Досанға үлкен ой тастаған болатынбыз. Ол мәселелер оң
шешімін тауып аудан әкімінің 2009 жылдың күзінде «Поселке күнін» өткізу жөнінде
шешім алынды. Бұл игі бастаманы қазіргі аудан әкімі Ә.Нәутиев қолдап отыр.
«Димаштөбеге», акдемик Қ.Сәтбаев орналасқан үйдің қабырғасына, тұрғызылғанына
жарты ғасыр болған кеншілердің «Борат» кинотеатры ғимаратына, алғашқы бағбан
Бегалі Бозаевқа ескерткіш-тақталарды орнатуды айтпағанның өзінде жаңа көпірдің
поселкеге кіре беріс тұсына, бұрынғы жазғы стадионның орнына кеншілер мен
барлаушыларға арналған монументті алып ескерткіш орнату мәселесі күн тәртібінде
тұр. Оған қоса поселкенің мерекесі күні қарсаңында бір топ авторлардың
«Дендерім менің – кенді елім» атты ұжымдық жинағы баспадан шығарылуы тиіс. Осы
мәселелердің төңірегінде бір адамдай қызмет атқарсам перзенттік борышымның бір
парасы өтелген шығар деп сезінер едім...
Жарайды... Тәке,
өңір тарихы, жалпы Дендер атауы жөнінде көптеген соны әңгімелер айтып жүрсіз.
Осы төңіректе асықпай бір көсіліп көрсеңіз қайтеді?
Жалпы Дендер немесе Индер атауы қайдан шыққан? Бұл
жөнінде ғалымдар да, оқырмандар да, зерттеушілер де, түрлі болжамдар айтып
келеді. Өткен замандардағы Птоломейдің картасында бар екендігін, кейіннен орыс
саяхатшыларының жазбаларына түскендігін жұрттың көбі біледі. Ол туралы әр
кезеңдерде түрлі байламдар айтылды. Бәрі болжам ғана. Ақиқат жоқ. Әрине, бағзы
атау туралы әркім де өз ойын білдіруге ерікті. Оған ешкімнің дауы болмауы
керек. Менің болжамым мынадай: Текеден төмен түсіп, Атыраудың ойын бетке алып
келе жатқан жүргіншінің көзіне Дендердің өрі, биігі алыстан көрінері хақ.
Мысалы, Бұхар бетке өтуді мақсат қылмаған казак-орыстар Дендердің биігі
көрінген жерге салған станицасына (форпост) «Горы» деген ат қойған. Шынында да
кешегі Горы, бүгінгі Аққала ауылынан Дендердің өрі ап-айқын көрініп тұрған жоқ
па? Ол тұстан ағатын Жайықтың да иінге айналып, бұралып ағатыны да шындық қой. Сондықтан
Дендердің өріне келгенде иін болып ағатын Жайықтың сол бір тұсын Иінді өр деп
жергілікті халықтың атауы мүмкін бе? Әрине, мүмкін. Иіндіөр! Қазаққа ешқандай
да жаттығы жоқ атау. Кейінгі заманда ол атаудың Индерге айналып кетуі де
қалыпты жағдай. Бұл да бір болжам ғана, бірақ қазақи ұғымға, түсінікке жақын
болжам екені де өтірік емес...
Осы өлке туралы талай ақындар жырлаған. Әрісі, Доспанбет,
Асан-Қайғы, Жиембет, берісі Махамбет, Мұрат, Ығылмандар өз өлеңдеріне осы
өңірді өзек еткен. Асан-Қайғы мекен еткен Қорғанша мен Ақтөбенің, түстенген
тауы – Тұзбұлақтың жағасындағы бағзыдан келе жатқан кәрі таулардың жұрнақтарының,
өткен өткелі – Таскешудің (немесе Боркешудің), түнеген көлінің орны әлі күнге
аудан төңірегінде сайрап жатыр. Бір қызығы солардың бәрі бір түзудің бойында
жатқандығы. Ең қызығы Ақтөбе мен түнеген көлдің арасының түйе адымына шаққанда
бір күндік жер екендігі. Яғни, аңыздың түбі ақиқат! Таскешудің үстінен бұл
күнде қазіргі заманға сай алып көпір салынып жатыр. Түбін аршып, судан
тазартқанда көрдік, расында да Жайықтың табаны ақ бор тас екен... Оны ғалымдар
жарты ғасыр бұрын Жайықтың Бұхар бетінен Самар бетіне дейін өзен астымен қалың
известь пласть өтіп жатырғандығын дәлелдеген. Ескі стадионның орнындағы
забойдан известь- әк тастар кесіліп алынып, соғыстан кейінгі жылдары сол
тастардан Ш.Уәлиханов атындағы мектептің ғимараты, Кеніштің 2 қабатты ескі
кеңсесі, «Борат» кинотетры салынғандығын бұл күнде біреу білсе, біреу білмеуге
айналды. Осылардың бәрін бала жастан естіп-көріп, өскесін амалсыздан айта
жүруге, жаза жүруге тура келеді. Исатай - Махамбеттің бас батыры болған Есенғұл
Беріш Үсеұлы Үбі батыр да айдаудан аман келіп, өз ажалынан қайтыс болып, Дендер
тауларының арасына жерленген. Оларды білетін көне шалдар да азайып бара жатыр.
Көп білетін Алдаш Исаев секілді бірлі-жарым ақсақалдар аман тұрғанда Үбі
батырдың зиратын тауып, белгі қою біздің борышымыз...
Сол секілді құм жиегінде Көкмешіт елді мекеніндегі
Әйіпқажы ұстаған мешіт пен медресенің орнына ескерткіш белгінің тасы жасалынып,
даяр тұрғалы біраз болды. Алайда үрім-бұтақтарына хабар салынғанымен оның
тұғыртасын, қоршауын жасаттырып орнатуға, бастамашы болып отырған ешкімді
таппай отырмыз. Осы мәселені көтеріп, келген басшының есігін тоздырып,
министрлікке дейін хат жазып жүрген ауданда Жексен Жұлқаров қана. Кешегі
Исламның нұры тамып, Алланың шуағы шашылған әулеттің жалғыз Жекеңді
шырылдатпай-ақ топтаса қалса нелері кетті? Шынында да 1914 жылдары «Правда»
газетін құм ішіне жаздырып алдырып, кейінгі
Кеңес заманының бастапқы кезеңінде ауданнан қанат қақан қарлығаштарды
жаңаша білім нәрімен сусындатқан «Көкмешіт» секілді тарихи мәні бар орынға
қандай ескерткіш – белгі қойылса да артық емес екені даусыз...
Сондай-ақ Тайпақ жерімен шектесетін «Ханшапқан» деп
аталатын Сырым батырдың Нұралы ханға қарсы әрекетіне куә болған мекенге де бір
тас бөлігінің бұйырмауы, ауданның алғашқы ағартушысы Мұқанғазы Сиранов қабірінің
Елтай ауылының қақ төрінде мазарсыз тұруы, Бөдене ауылдық округі жерінде жатқан
Шағатай әулиенің басын қарайту, Әбіш әулиенің кесенесін қалпына келтіру
мәселелері жоғары орындардан, бюджеттің санаулы теңгесінен дәметпей-ақ артында
қалған тұқым-зәузәттарының «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», атқарып
тастайтын шаруалары екені рас...
Республикалық
баспалардан біраз кітаптарыңыз жарық көрді, биыл Қазақстан Жазушылар одағы
мүшелігіне қадам бастыңыз. Болашақта қандай шығармашылық жаңалықтармен қуантпақсыз?
Шығармашылық жоспарлар бар. Қазіргі күні поэзиялық бір
жинағымды даярлап жатырмын. Ол қашан, қандай көлемде шығатынына дәл жауап бере
алмаймын, аты да қойылған жоқ. «Дүние-ғайып» деген ән мәтіндері мен ноталарынан
құралатын жинақ әзірлену үстінде. 1000 дана көлемінде шығарылатын таза бардтық
әндерімнің компакт – дискісін жаздырып, шығарту үшін қаржы көздері демеушілік
бағытта іздестірілуде. Біраз жылдардан бері жеке архивімде сақталған өзім
туралы жазылған қаламгерлердің мақалалары мен журналистердің сұхбаттарынан
құралатын «Біз білетін Табыл» атты жеке кітап жинақталу үстінде. Оған қоса
өнер, әдебиет, мәдениет саласында жүрген ақын-жазушылар, әнші-күйшілер, тағы да
басқа аты аңызға айналған марғасқалар туралы өзімнің әр жылдары жазған немесе
жазажақ эсселерімнен құралған бір кітаптың сұлбасы бар. Қырықтан астық, ес
жиып, айналаға алыпұшпа көңілмен емес, парасатпен, пайыммен көз салар уақыт та
келіпті. Өзім қанат байлап ұшқан аудандық «Дендер» газеті бетінде Сансызбай
ағамыздың «Сезімнің жарқылдары», Рахымжан ағаның «Көрген-баққаны» тектес
дәстүрлі түрде беріліп тұратын бір цикл бастау ойда бар. Атын әлі қойғам жоқ.
Болашақ уақыт көрсетер. Оның өзі де үзбей жазылып, мол дүниеге айналып жатса,
арғы жағында бөлек кітапқа айналып кетпесіне кім кепіл?.. Кеше ғана аудан
әдебиетшілерімен бірлесіп, ақылдасып, аудан жас қаламгерлерінің «Ақ шағала»
әдеби бірлестігін құрдым. Мақсаты жас қалам иелерінің шығармашылығын өрістету,
олардың жазған-сызғандарын аудандық, облыстық баспасөз беттерінде насихаттау, ұжымдық
жинағын шығару, түрлі мәдени-көпшілік шараларға қатыстыру болып табылады.
Әңгімеңізге көп
рахмет. Шығармашылығыңыз табысты болсын.
Рахмет!
// Дендер . – 2008. - 25 желтоқсан