Творчество деген – алдыңа сап
бағып отырған совхоздың қара қойы емес
Табылды аға, сіздің ауылға кетіп қалғаныңызды әркім
сан-саққа жүгіртеді. Анда-санда келіп, кейбір концерттерге қатысып кеткеніңіз
болмаса, өнер ордасына ат басын сирек бұрасыз. Жалт еттіңіз де, жоқ болдыңыз.
Мәнісі неде?
Осындай
таңданыстың болғанын өзім де білемін. Менің елге кетуіме тек қана бір себеп
болды. Мен кемпір-шалдың жалғыз баласымын. Біріншіден, бағып-қаққан,
өсірген-жеткізген ата-анамды тастап кетуге қимадым. Оның үстіне қазақтың салты
бойынша жалғыз бала әке-шешесінің қасында болуы керек. Аздаған талантыма
малданып, Алматыда жүре берсем болатын еді, бірақ перзенттік борыш деген бар
емес пе?! Ата-анам жағынан «балам, бізге алаңдама, болатын жағыңды ойла» деген
әңгімелер айтылды. 1990 жылдары Фариза апай да «ауылға кетсең отырып қаласың,
сен одан да осында қал. Екі-үш жылда үй мәселесі де шешіліп қалады, сосын
кемпір-шалыңды көшіріп алып келесің» деп «Ақжелкен» журналына жұмысқа шақырған.
Бірақ олар түбегейлі Алматыға келуге қарсы болды, мен де қара басымды күйттеп,
олардың ұясын, Отанын, ошағын бұзғым келмеді. Оларды мұнда әкеп жүргенше,
есесіне өзім барып тұрайын деп шештім. Ауылға кеткен жағдайымыз – сол. Әбіш
Кекілбаевтан бір француздың журналисі «сіздің қолыңызда анаңыз бар екен ғой»
деп сұрапты. Сол кезде Әбекең «жоқ, менің қолымда анам емес, мен анамның
қолында тұрамын» деген екен. Сол кісі айтпақшы, кемпір-шалдың қолында тұрамын.
Жастары сексенге келіп қалды, әкем – экспедицияда көлік жүргізуші, шешем –
мәдениет саласында қызмет істеген адам. Өте қарапайым, ел сыйлайтын, халық
құрмет тұтатын отбасында өскенмін.
Демек, сізге өнер анаңыздан дарыған болды ғой...
Жоқ, олай
кесіп айтуға болмайды. Шешем жастайынан жетім қалған. Әкесі Құлман деген кісі
кәмпескеге ұшырап кеткен көрінеді. Бізге өнер түп нағашымыздан дарыған сияқты.
Жайықтың бойында төрт беріш деген ел бар. Беріштен бегіс таралады. Сол елде
Қиса Көкжанұлы деген ақын бар. Әрі айтыскер, көптеген өлеңдер, әндер шығарған.
Балсан қызбен айтысқан, батыс жыр мектебінде «Қисаның әні» деген ән айтылады.
Маған өнер сол кісіден «жұқса» керек.Әкеміз де – домбырашы, жас кезінде өлең
айтқан. Оның үстіне біздің Жайықтың жағасында жыршылар жетерлік. Арғы жағымыз –
Ғарифолла, Мұхит сынды әнші, бергі жағымыз – Құрманғазы, Дина секілді күйшілер.
Сол өнердің ортасынан біздің шықпауымыз ыңғайсыз болар еді.
Атырауға барғаннан кейін біразға дейін үнсіз жатып
алдыңыз...
Мен Атырауға
барған кезде заман өзгеріп, біз ешкімге керексіз болып қалдық. Атырау үшін
жаңа-жаңа талантын бастап келе жатқан жас – оқу бітіріп келген көп баланың бірі
ғана болатынмын. Атырау қаласында үш жыл тұрдым. Ешкімді ешкім біліп жатқан
жоқ, үй беру, жағдай жасау болған жоқ, қолдау таппадым. Ақыры үй-күй жоқ
болғаннан кейін туған жерім Индер ауданына кетіп қалдым. Онда да менің қалаған
жұмысым болған жоқ, амал жоқ, қарапайым жұмыс істедім.
Әйеліңізбен ажырасуға да осы қиындықтар себеп болды ма?
Екі өмір бар
ғой: сахналық және отбасылық өмір. Сахналық өмірде ол менің екінші дауысым
болғанымен, қасымда екінші әнші боп тұруға жарағанымен, ішкі жанұялық өмірде ол
маған жұбай болуға жарамады. Ол қалаға тартты, мен бәрін тастап, кемпір-шалға
барғанымда қасыма серік болған жоқ. Сосын айырылыстық. Бір қызымыз бар, адайдың
елінде жатқа қыз бермейді, қызымды өзіммен алып қалдым. Қазір 8-сыныпта оқып
жүр. Кемпір-шалдың қызы, әке-шешем бағып-қақты. Одан кейін қосылған жарым Айгүл
оған ана болды, өсірді. Екеуміз түсінісіп, жұп құрдық. Ол менің жұбайым ғана
емес, өнердегі, өмірдегі досым болатын. Бірақ қысқа өмір сүрді. Аяқастынан үш
айлық қызын тастап, қайтыс боп кетті. Кішкентай қызымды тағы да анам бақты. Бір
жылдан кейін қайтадан үйлендім, арамызда бір ұл, бір қызымыз бар. Аты –
Қарлығаш, кітапханашы. Жастай алғандықтан, қазір Оралда, мамандығы бойынша
оқытып жатырмын. Айгүл қайтқаннан кейін 1,5 жыл өлең айтпадым, гитарымды байлап
тастап, қара жамылып, аза тұттым. Мен ойлаймын, кез-келген адамды өмірінің
басында, ортасында, не соңында тағдыр сынайды. Солай болу керек те шығар, әркім
әртүрлі қиындық көреді. Мен сол сыннан өттім деп ойлаймын. Барлық
қиындықтарымды жастық жігермен, ішкі парасатпен алып шығуға тырыстым. Талай
өтіп кететін жерлерден өте алмай қалған шығармын, дегенмен оның бәріне шыдау
керек болғаннан кейін іште жатқан өнерім үшін жұмыс жасадым. Боркеміктікке
салынбай, болған іске бекем болып, өміріңді жалғастыру керек қой. Отбасында
әке-шешеме баламын, әйеліме-күйеумін, бала-шағама – әкемін. Кейде қамығып,
кейде жайраңдап отыратын кездерім болады. Бірақ баласы болғаннан кейін
әке-шешенің қас-қабағына көбірек қарап отырамыз. Балаларға сөйлемек түгіл,
бетінен сүйе алмай келеміз ғой. Ұл-қызымыз біздің қасымызға онша көп келе
бермейді.
Екі қызыңызды анаңыз баққанымен, тапқан аналарының кім
екенін білетін шығар?
Ондай әңгіме
болған жоқ, екеуіне де аналарын айтқан емеспіз. Аналарын іздемейді, өйткені
аналары – қасында. Тапқан аналарын білмейді, білсе де мойындамайтын болуы
керек. Оны біліп қажеті қанша?
Сіздің қолыңыздағы гитараны «Иманғали Нұрғалиұлы
сыйлапты» дейді...
2000 жылы
елге Иманғали ағамыз облыс әкімі болып келді, сол жылы Мәдениетті қолдау жылы
да басталды. Менің Астанаға, Алматыға қайта жақындауыма сол кісінің үлкен үлесі
бар. Мені мәдениет саласындағы үлкен жұмысқа қойды, жолымды ашты, көмек
көрсетті. Осыдан бастап баяғы жігіттермен, халықпен қауыша бастадым, әдеби,
мәдени ортада көріндім. Жалпы, Имахаңның маған істеген жақсылықтары көп. Оны
қай жерде жүргенде де айтуға болады. Маған ғана емес, қазақтың мықты-мықты
таланттарына қызмет істеп жүр ғой. Ол маған гитара сыйласын, көлік, үй
сыйласын, қай талантқа бергенде де артық етпейтін дүние. Ең қуандырғаны – ол
елге келгенде, мәдениеттің өрісін салды, жаңа жол ашты, біз сияқты талантты
тапты. Әкім болып отырған күннің өзінде де уақыт тауып, бізді шақыртып, өзі
өлең айтып, біздің әнімізді тыңдап отыратын. Бұл – елдегі азаматтар үшін үлкен
сүйеу. Облысқа қызметке де шақырды. «Үй беремін» деді, мен бірақ қарттарым
барын айтып, келе алмадым. «Үй беремін деп тұрғанда алып алайын» деп алдай
алмадым. Оған арым жібермеді. Одан кейін келген әкім Дәукеев те мені шақырған
болатын. Имахаңның алдындағы уәдемді жұтпайын деп, ол кісіге бара алмадым.
Елдің қарапайым бір баласымын, маған біреу бірдеңе берсін, біреуден бірдеңе ала
қояйын деп күтпеймін. Ондай ойым жоқ. Бастысы, Иманғали маған рух сыйлады.
Ауылда қалып ұмытылып бара жатқан сезімімді жаңартты. Ол маған сонысымен қымбат.
Соңғы үш айда Алматыға екі рет келдім. Иманғали ағама кіруге екі рет ниет
қылдым. Кіре алмадым, хат жазып едім, жеткізе алмадым. Елдің атынан сәлем беру
борыш еді. Кіріп шығып, шаруа айту да ойда бар. Пенделік шаруа, әзірге оның
сәті түсіп жатқан жоқ.
Біздің газетіміз арқылы айта аласыз ба, ол не шаруа?
Сіздің
газетіміз арқылы айтуға болады. Қырыққа келдік, менің қатарымдағы жігіттердің
барлығы қазір жетіліп, бір-бір басшы болды. Қолдарынан бірдеңе келіп жатыр,
өздеріне жеткеннен кейін мені тартқысы келеді. «Алматыға неге келмейсің?» деп
ылғи да ұрсады. «Енді келмесең, қашан келесің?» дейді. Қалған ғұмырымды
творчествоға арнағым келеді. Ата-анам болса қартайды, біздің қолға қарап қалды,
енді қай жерге болса да келетін түрі бар.
Арманыңыз орындалып жатса, неден бастар едіңіз?
Алматыға
келсем, ең әуелі өзімнің барлық әндерімді насихаттар едім. Бір кездері көріне
бастаған, жазылып, кітапқа енген, біреу естіп, біреу естімей қалған әндерімді
дамытып, халықтың құлағына жеткізгім келеді.
Одан кейін
өнер ордасында шығармашылық кеш өткізетін шығарсыз?
Мен, жалпы,
осы мәселеге көп мән бермеймін, осы бір нәрсеге құлықсызбын. Мен өлең-ән
шығаруды ғана білемін. Өнерді жасай аламын, бірақ оны насихаттай білмеймін. Ең
кемшілігім – ауылда жатқандығым. Ауылда жатып өнерді республика бойынша
насихаттау мүмкін емес. Анда-санда келіп, эфирден көрініп, бір-екі өлең айтып
кеткеніміз – ол өнерді насихаттау емес, кешегі бар Табылдыны ұмыттырмау.
Көрінуге де қатты құмар емеспін, өмірдің күнгей жағынан гөрі көлеңкелі
жақтарында жүргім келеді. Біреулер үш ән жазып алып, үш жылда өзін классик
қылады. Әркімге айттырады, үлкен кеш жасайды, бірақ әуелден менің осыған жаным
қас. Бір нәрсе жасасам да, таза жасағым келеді. Жалпы, әнді де, өлеңді де
жазамын, сосын сахнаға көп шықпаймын. Үш рет шығып кетсем, халқым менен жерініп
қалатын сияқты қорқамын. Оқта-текте бір көрініп, «осы қайда екен?» дегізіп,
аңыз болып жүргім келеді. Екінің бірінде шығып жатсаң, халық сенен мезі боп
кететін сияқты. Ауданның Мәдениет үйін басқарып отырып, осы уақытқа дейін
ауылда кеш өткізуден тартындым. «Қолында болған соң, қонышынан басып,
пайдаланып жатыр» деген әңгіме естігім келмейді. Қыз-жігіттер «жасайық, қолға
алайық» деген сайын кері шегінемін. Бірақ әндерімді айтып жүргендер бар.
Сізді қатарыңыз, сізбен өкшелес келе жатқан буын жақсы
білгенімен, кейінгі жастар арагідік бір көрінсеңіз, танымай қалуы мүмкін ғой...
«Ұмытылып
кетемін» деу қорқыныш емес. Ұмытылмау шығармашылығыңа байланысты.
Шығармашылығың әлсіз болса, тек қана өзіңнің тұстастарыңның өміріндегі адам
боласың, ал әндерің кейінгіге керек болып жатса, ұмытылмайсың. Қазақ
эстрадасында отыз қыз, қырық жігіт болса, солардың әңгімесі де, түрі де,
сөйлемі де, көйлегі де бірдей. Менің гитарам орындалып жатқан кезде ешкім
хабарламай-ақ тануы керек. Керек десеңіз, қазіргілер «қазақ гитарасының королі»
Қорабайдың әндерін біледі, атын білмейді. Ол кісіні өмірде бар деп те
ойламайды. «Саны бар, сапасы жоқ» 200 ән жазғанша, ұмытылмайтын өз стилінде 20
ән болса жетеді.
Сізді Атырауда жүргенде «ішіп кетіпті» деп естіп едік,
осы қаншалықты ақиқат?
Ішімдікті
жек көрмейміз, бірақ ол ретімен болғаны дұрыс. Жалпы, ішімдікке салынған
замандар болған. Біздің заманымызда ақындар топ құрып алып, кафелетіп,
ресторандатып жүретін. Ол ақындардың шалқыған заманы болатын, заман қазір бәрін
тыйды. О заман жоқ, Алматыға келсең, ондай адамдарды кездестірмейсің,
бір-бірлеп алып, жүгіріп бара жатқан ақындар.
Сол шалқып жүрген, ішіп жүрген уақытыңызда жасыңыз нешеде
еді?
Шалқып
жүрген жасым – 17-19. Сол кезден бастап ән жаздым, осы жазғандарымның барлығы
әйгілі болып қалатын болса, мен оны 25 жасқа дейін шығарғанмын. Кейде бір ән
айтсам, айналамдағылар «жаңа ән бе?» деп сұрайды. Мен оны 20 жасымда айтып
тастағанмын. Бәлкім, ол менің шығармашылығымның гүлденген шақтары шығар. Анау
Кеңшіліктің, Жұматайдың, Бауыржан Үсеновтің қасына еріп жүрген кезімде біраз
шығармалар жазыппын. Творчество – алдыңа сап бағып отырған совхоздың қара қойы
емес. Оның ішінде озығы бар, осалы бар. Кейбір жылдары өзіңе ұнамай қалады,
кейін ұнап кетеді дегендей.
Қазір Алматыға келгенде қандай мақсатпен келіп, қандай
көңіл күймен қайтасыз?
Алматыға
келгенде екі мақсат болады, біріншісі – өз творчествомды құнттау, эфирге түсу,
ән жазу. Екінші мақсат – өзімнің қимас достарыммен табысу. Достарым Серік
Жанболат, Арман Сқабылұлы, Болатбек Қожан, Әбілғазы Көпбаев, Жұмабай Құлиевтер
– бәріміз бірге оқығанбыз. Бұлардың бәрі өлең, ән жазады. Ол кезде ән жазу
таңсық болмайтын, ол солай болуы керек сияқты-тын. Барлығымыз Татаркада Арман
Сқабылұлының үйінде жаттық.
Шығармашылықпен
айналысатын қыз-жігіттердің ортасында отырып, ән айтқанды жақсы көремін. Ел
туралы мұңайып айтқан әндеріңді халық бірде ұнатып, бірде ұнатпайды. Кейде
кішкентай ауылға сыймай кетесің, рухыңды, жаныңды түсінетін адамдар болмайды.
Оның әнін тыңдап, өзіңнің әніңді айтып беретін адамдар табылмайды. Сондай кезде
не қалаға, не далаға кетіп қаламын. Бірге оқыған жігіттерге қашамын, мен,
негізі, ескіліктің адамымын, соларды көрсем өткеніммен табысамын. Жастығымды
сезінемін. Олардың көкірегінде де сол сезімдер жатыр, сондықтан мені ұғады.
Алматыдан қайтқанда достарыңды көріп, шаруаң бітсе де, бітпесе де, көңіліңе
тоқсың ғой. Кейде айқыш-ұйқыш жарнамалар, жат адамдар, суық көңілдер, трубканы
құлағына қойып безілдеп бара жатқан адамдар шошытады. Бір кездегі жайма-шуақ
көңілдер жоқ. Соысн жынды қаладан мұңлы далаңа қайтасың. Менің қасымдағы бірге
жүрген жігіттер үшін тоқсаныншы жылдан кейін өмір тоқтап қалған жоқ, олар
Алматының өміріне үйреніп, кіріп кетті. Мен үшін Алматыдағы өмір тоқтаған. Артыма
бұрылып қарайтын болсам, Алматыдағы 15 жыл өмірім жоқ. Баяғы өміріме қайтадан
келгім келеді. Ал далада шын демаламын. Ата-бабам мен небір шайырлар өткен
қыстақтарды аралаймын. Жайықтың екі жағы тарихи мекен ғой, ол жақта малшы қауым
бар. Әншілерімді ертіп, алашаныңүстінде, құдықтың қасында, киіз үйдің саясында
бригадамен өнер көрсетеміз. Нарыққа былғанбаған сол адамдарға барсаң, энергия
аласың, демаласың, сұрап жатса, өлең айтасың. Қала тектес поселкада
туылғандықтан, маған ауылдың нәрі жетпейді, далаға қашатыным сондықтан. Бірде
Светқали Нұржанов біздің ауылға келіп, «мына жыраның қасынан да ақын туады
екен-ау» деп таңғалған.
Сіздің махаббат жайлы әндеріңіз көп, соған қарағанда
қыздарға көп ғашық болғансыз ғой деймін. Әсіресе «Ұнатамын мен сені» кімге
арналған?
Өнердің ар
жақ тірегі махаббаттан тұрады ғой, операң да, балетің де, поэзияң да сезімнен
туындайды. Творчествоның баяндылығы – махаббат қой, махаббат қай заманда да
ескірмейді. Сосын жеңіл тақырып халықтың көкірегінен жақсы орын алады. Ал қызға
ғашық болмайтын жігітті мен дұрыс жігіт деп ойламаймын. Текті жігітті ғашық
қылатын ару алдыңда тұрса, неге ғашық болмасқа? Неге оған сезіміңді әнмен,
жырмен білдірмеске?! 22-дегі жігіт кімге ғашық болмайды, қандай жігіт жақсы
қызды жақсы көрмейді?! Дегенмен «Ұнатамын мен сені» нақты біреуге арналған деп
айтуға болмас. Ортақ образға бағытталған. 1986-87 жылдар әкем зейнетке шығатын
болып, тиісті орындар жаңа үй салып берген еді. Сол үйдің қора-қопсысын
жөндейін әрі көшірісейін деп, бір жыл оқуымды тастап, ауылға ішінің майда-шүйде
жөндеу жұмыстарын жасап жүрдім. Гитарамды апарып қойғанмын. Бір шифоньерден
басқа ешқандай дүние болған жоқ, жаңғырып, өлең айтсаң, әдемі естілетін.
Шифоньердің ортасында айна болады ғой, сол айнаның алдына отырып алып ән айту
менің әдетім-тін. Сол үйдің ішінде «Қара гүл», «Сәйгүлік», «Ұнатамын мен сені»
деген үш әнімді жаздым. «Ұнатамын мен сені» Мұқағалидың «Мен сені ұнатамын»
деген өлеңі болатын. Бірақ мен оны бұздым. Мәтінін теріс айналдырып, қайтадан
жаздым, солай керек болды, сосын қайырма қостым. Соңынан «егер Мұқаң тірі
болатын болса, ұрысар ма екен?» деп ойладым. Екі-үш жігітке тыңдатып едім,
«Мұқаң ұрыспауы мүмкін, айта бер» деді. Бұл ән сөйтіп тарады. Бір уақыттары
студенттердің әніне айналды. Бір айта кетерлігі, менде екі кештің ортасында
отырып, ән жазатын қасиет жоқ. Кейде ақындардың кітабын оқимын, кейде сөз
жазсаң, ар жағынан әні кеп тұрады. Әбден толқытқан шағында отырамын. Ән тез
туады, өлең жазғанда қиналамын, бірақ зорланбаймын. Поэзиялық екі кітабым жарық
көрген. Екі поэма бастап қойдым. Той-жиын дейтін адамды азғыратын орындарға көп
бармаймын. Ән айтқызатын тойларға бармай, халықты соған үйреттім. Ол үшін мені
ешкім шақырмайды.
Екінші үнтаспаңыз қашан жарық көреді?
Бірінші
үнтаспамды «Үш қиян» баспасының директоры Махмұт Қоспамбетов деген азамат өз
ынтасымен шығарған. Әйтпесе оған менің мүмкіндігім де, қаржым да жоқ еді.
Екінші жинағым, бұйыртса, шығуы керек. Аты «Тәтті мұң» деп аталады. Оралдық
қыршын кеткен Сағат Әбдуғалиевтің өлеңіне жазған болатынмын.
Жанымнан көрдім кеше түн,
Жанары жәумет, жан құрбым.
Жұпары сенен есетін,
Жайықта жауған жаңбырдың, -
деп келеді. Бір жағы «Сағаттың
аты аталсын» деп шештім.
Ауылдағылар қаладағылардың қайда, қалай, қай шамада кетіп
бара жатқанын көріп отырады. Шалғайда жатып, қазақ өнерінің бүгіні мен
болашағына көз жүгіртетін боларсыз?
Иә, бұл
мәселелер ауылда жақсы көрінеді. Өйткені ауылда қалаға қарағанда уақыт баяу
жүреді ғой, қаланың таңы атады да, күні батады. Қазір жастарға қарап отырсаң,
барлығы патриот, өзінің болашағы мен тарихына көп көңіл бөледі. ХХ ғасырдан
бастап ХХІ ғасырға, бір қоғамнан бір қоғамға ауыстық. Екіншіден, бұрын бодан
болсақ, қазір егемендіміз. Осы екіталай заманда қазақ эстрадасы, қазақ музыкасы
үлкен тұманда мұнартып тұр. Төл мәдениетін де, жаңашылдықты да, еуропалық
үрдісі де – бәрін араластырып қабылдап жатыр. Кім көрінген сахнада жүр. Оны
халық тыңдап жатыр. Ертең тұман сейіледі, адам тойынады, керегін алады, керек
емесін тастайды. Елеп-екшейтін заман келеді деп ойлаймын. Саф өнер, таза дүние,
өзіндік жанр өзінің орнын табатыныма сенемін.
// Айқын.- 2005.- 8 желтоқсан