Ақынға өлу керек пе?


Е.Қайболдин
Ақынға өлу керек пе?
Қалса да біраз өсіп ақылдар,
Билікке жүрмін күліп өзімде.
Елім деп жүрген есіл ақындар,
Ескерілмейді-ау тірі кезінде.

Бүлік шығарып бұқара қилы,
Талай ақынның езілген ары.
Ел мұңын айтқан Мұқағалиды,
Мұқатып еді кезінде бәрі.

Арыстан болып жаным ақырды,
Көңілім құрғыр алаңдай берді.
Таудай талант Табыл ақынды,
Табынушылары таба алмайды енді.

Тірі кезінде Оразалыны,
Құрметтеп қайсың тағылым қылдың?
Қара жамылып жаназа күні,
Қабірін қазып, қадірін білдің.

Келеді ажал, бас ұр деп кімге?
Жайықта көнді сұмдыққа бүгін.
Асығыс кеткен Асылбектіңде.
Асықпай жүріп білдік қадірін.

Фаниден кетсе шын дарын өтіп,
Өмірге қайтып келтірмейсіңдер.
Өлмейтін өлең-жырларын оқып,
Өлермен болып еңкілдейсіңдер.

Өмірге келу - өлгеннен қиын,
Тірі кезімде көкиді қатем.
Мен өлсем көрге көмгеннен кейін,
Жырымды біреу оқиды ма екен?

Жақтырмас ақын жағыну ісін,
Қарсы емес бірақ сенуге көпке.
Ақындар елге танылу үшін,
Міндетті түрде өлу керек пе?