Жүрегі толған жыр – әлем
(Қазақтың белгілі
бард ақыны Табылды Досымов
Байтақ
республикамыз талапты да талантты адамдарға кенде емес. Әсіресе өнер саласында
баршылық. Соның ішінде ауыз әдебиеті тұрғысында дамып жетіліп, бүгін сан арнаға
бөлінген: жыршылық пен жыраулық, ақындық пен билік, шешендік, кейін ұлттық
өнердің негізі болған салт-сауықтың сан-салалары тағы басқалар болып кете
береді. Біз әңгіме арқауы етіп отырған Табылды Досымов – әрі ақын, әрі өнерлі
азамат. Ол – сонау университет қабырғасында жүрген кезден бастап мерзімді
басылымдарда өршіл рух пен намысқа үндейтін, ұлттық болмысты қалыптайтын,
ұлттық санамызға сілкініс әкелетін, ойға ой қосып, парасатты қадамға бастайтын
отты жырларымен ерте танылған ақын. Алайда Табыл дарынын ерекшелей түсетін оның
тағы бір тұсы – ол жай ақын емес, республикамыздағы алғашқы БАРД ақындығы. Ол –
сөзін де, әнін де өзі жазып, оны тыңдармандарына гитарамен, домбырамен және
басқа да аспаптарда өз орындауында жеткізетін бірегей жан, сегіз қырлы өнерпаз,
халқының сүйіктісі, әрбір кездесуін көпшілік сағынышпен күтіп жүретін абзал
адам.
Өзінің
алғашқы жыр жинағы «Жанарымның жарқылында» (Алматы, «Зерде», 2000 ж.):
Өзіңді іздеп шарқ ұрғалы ұлы өлең,
Саған қарай талпынғалы мына мен.
Өмір енді емін-еркін кеудеме,
Тебіренді жүрегімде жыр-әлем, -
деп келген Табыл Аяшұлы – бұл
күнде танымал өнерпаз, осы салалардағы сайыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы,
көптеген бейнетаспалардың иесі, еліне елеулі, халқына қалаулы, егемен еліміздің
рухани әлеміне өзіндік үлес қосып жүрген мәдениет қызметкері, Қазақстан
Республикасы мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының
мүшесі.
Табыл
шығармашылығы сан-салалы, сондықтан да оның мазмұны бай. Ол ел мен ер, өткен
заман тылсымдары мен ата-баба аманаты туралы тереңнен толғанса, адамгершілік
пен ұлтжандылық – өлеңдерінің басты өзегі, ал достық пен махаббат хақындағы
өлеңдері кестелі сөзге, орамды ойларға құрылған.
Ақынның өлең
жолдарын оқи отырып, өз еліңе деген үлкен сүйіспеншілікке, ерекше патриоттық
сезімге бөленесің. Табылды оқысақ, біздің ел – «Қобызының – мұң-зары құс
қондырған..., періштеге айнлып сайтаны да, озып келген бәйгеден байталы да,
серісінің ерлігі анық дастан – сүйген қызын сұрамай, алып қашқан, тентектері –
мыңғыртып түйе айдаған, дарындары – бақай мен күй ойнаған» ел. Қарапайым,
қазақи тарихымызды ой елегінен, таным таразысынан өткізіп барып туған
тағылымдық, мәнді философиялық ой-толғам – ұлтымызға бүгінгі күні де керек
қасиеттер.
Табыл ауылын
ерекше сүйеді, туған жеріне сүйіспеншілігі қайда жүрсе де есінен кетпейді,
сондықтан да жырының бір арқауы – өзі туған өңірі. Ол армияда, шалғайда өзінің
азаматтық борышын өтей жүріп, туған өлкесі Атырауды аңсайды, ауылдағы анасының
аялы алақанын да, әкесінің «таяғын» да сағынады. Елге деген ыстық ықыласын
білдіріп:
Сағымды қырлар, шағылды құмдар, далалар,
Түсімде көрем, көрмеске қандай шара бар.
Аулақтан кейде паровоз болып боздайды,
Ауылда қалған қара нар..., - дейді.
Бұрынғы
кеңес заманында ес біліп, етек жиған көптеген жастар түсер сүрлеу белгілі
болатын. Көбі ауылдан мектеп бітіріп, оқу, білім іздеп, қалаға аттанатын,
қайсыбірі оқуға түскенше немесе одан кейін әскер қатарына барып келуші еді.
Басқа жастардай Табыл да осы жолдан өтті, оның «жалауы болған жанымның,
сағындым, бәрін сағындым, самал желге жон төсеп, жатыр ма екен Нарын құм», -
деп жырлаған кезі де осы тұс.
Мәселен,
мынау үлкен де кәрі көршіміз Қытайда ұрпақты бесіктен белі шықпай жатып Отанын
сүюге тәрбиелейді. Әлеуметтік мән-мазмұнды Конфуций ілімінің басты
қағидаларының бірі: «Қытайды әлемнің ортасы деп түсіну, өзіңнің Қытай азаматы
болғаныңды мақтан ету, Қытайда туу да, Қытай ұлтының өкілі болу да - бақыт» деп
түсіну. Міне, бұл – нағыз отаншылдық, ұлтыңды сүю. Мұндай идеология қай елдерде
де болады. Бірақ шындыққа сәйкес бермегендіктен өміршең бола алмады. Кеңес
үкіметінің тұсында біздің ұрпақ: «Мой адрес не дом, не улица, мой адрес –
Советский Союз» деп те жырлаған. Бірақ Конфуций ұрпағындай отансүйгіштік
қалыптастыра алмадық. Өйткені тал бесікте тәрбиеленген үйі жоқ, балалық шағы
өткен көшесі жоқ, ұлан-ғайыр кеңес үкіметін қанша құшсаң да, құшақ жетпес еді,
бойға ұлттық болмыс, ұлттық қадір-қасиет сіңбес. Оны сіңіретін кіші Отан
(ауылың), оны сіңіретін ұлттық болмысты Ұлы Отан (Егемен, тәуелсіз елің). Қайда
жүрсе де туған еліне деген махаббаты мен сүйіспеншілігі бір толастамаған Табыл
ақын шалғайда, құздың қойнында жатып, қырдың көктемін аңсайды, кей кезде:
«шіркін-ай, қайтсам арман не, Жайықтың бойын бір көріп» деп армандайды, бір
сөзбен айтқанда, ақын «бозбала бесігін үнемі іздейді». Кейде ақын қиялымен
Толағай болып туылғанда сол боз даласына, Атырауына «бір тау әкеп қойғысы» да
келеді. Бірақ ол қиялынан тез арылып, таудай ерлері бар, алда алар асулары бар
тәуелсіз еліміздің барлық өлкесі киелі екенін
«Ерліктері айналмайтын елеске,
Атыраудың алыбының бәрі есте.
«Ереуіл атқа ер салған егесте»,
Махамбеттің өзі бір тау емеспе?!» -
деген жыр жолдары арқылы өзінің
көңілін көншітеді. Оған қоса, «қыр баласының тауға қарап өспей, онан да биік
аспанға қол созатынын» өлеңімен айғақтайды.
Атақоныс, Атажұрт, Атамекеннің басты анықтауышы – сол
жерді мекендеген халықтардың тілі мен ділі, тарихы. Табыл шығармаларында бұл
мәселелер де қамтылған. Біз саясаттың бұлтаңына салып, заңдар шығарып,
басқармалар құрып мәселесін әлі шеше алмай жүрген тілімізге деген құрметі мен
сүйіспеншілігі Андрей досына арналған балладасында:
«Ана тілім айналғанда арыма,
Андрей дос, бір сөз айтам тағы да:
Қазақшаны атаң құсап үйренсін,
Осыны ескерт орыс қандастарыңа!»... –
деп бірауыз сөзбен түйіндейді.
Иә, арымызға айналған, мемлекеттік мәртебеге ие болған тілімізді білу, ұлтына, сеніміне
қарамастан, барлық Қазақстан азаматтарының парызы екенін түсінетін де,
түсіндіретін де уақыт жеткен сиякты. Ол үшін ақын Табыл жырлағандай, «өзінің
құл емес, күң емес, азат екенін, ашуланса, тірлігін бір кесе шайға бола талақ
ететін, шындықты айтуда шоқпардан да жасқанбайтын, халқы үшін қан-додаға кіруге
дайын, «мен қазақпын» деп ән айтатын Қазақстанның азат азаматы болу, бүкіл
болмысыңмен қазақ болу керек.
Егемен елдің
рухани саладағы басты ерекшеліктерінің бірі – этномәдени құндылықтары,
дәстүрлері мен салттары. Т.Досымов шығармаларында бұл мәселелер жан-жақты
қамтылған. Олар – ата-ана мен бала, үлкен мен кіші диалектикасы мен жалғастығы.
Бұл – ұлт болмысы тұтастығы. Әкесі мен шешесінің жалғыз ұлы Табыл «Әке мен
шеше» өлеңінде бұны өте тамаша көрсеткен. Дана Абай: «біріңді қазақ бірің дос,
көрмесең істің бәрі бос» дей отырып, «досыңа достық – қарыз іс» екенін
көрсетеді. Ақын Табылдың да аға достары, құрбы достары бар. Ақын олардың бәріне
де ақ көңілмен, ақ жүрекпен сыйластықпен өлең арнаған. Олардың қатарында
күзетші құрдасы да, өзінің досы мен жолдастары да, құрмет тұтқандары мен
курстастарына арнаулары да, шығармашылықтарын ақын Табыл үлгі тұтқан, бұл күнде
арамызда жоқтар да бар. Барлығына ортақ бір мазмұн – олардың адами тұлғасын
анықтау, шығармашылықтарын парасаттылық тұрғыдан пайымдау, кейінгі ұрпаққа үлгі
ету. Ұлылармен терең ұғысқысы келген Табыл ақын олардың жеке үлгілі өмірлеріне
үңіледі, жыр арнайды. Ол ұлылармен ұғысқысы келіп Асанқайғыны аңсайды,
Махамбеттің жауынгер поэзиясынан үлгі алады, Ақандай серіге ұқсауға, Абайдан
тағылым алуға талпынады. Алайда ақын жүрегін жаралайтын жандар да бар бұл
өмірде. Олар: бұрын «аузы асқа жарымай өскен», «шұлғаудан шыққан шуаштар»,
«тексізден туған тезекбастар», еліміздегі уақытша қиындықты пайдаланып, бірі ел
басқаруға қол жеткізсе, енді бірі – сондайлардың арасында ірілі-ұсақты билік
басында отырғандар. Азат ой мен азат сананы аңсаудың орнына, құлқын қамында жүргендер.
Табылша айтсақ, «жастарға үлгісі жоқ, еліне еленер игі ісі жоқтар». Автор
бұларды «Замана зар» деген шығармасында жан-жақты көрсетіп берген.
Халқының
сүйікті ұлы, бард-ақын, өзі өскен топырақтың рухани өрлеуіне елеулі үлес қосып жүрген
Табылды Досымов шығармашылығы барлық уақытта да көпшілік оқырманға жақын.
Өйткені ол:
«Жинамай бедел теңгелеп,
Кешемін тағдыр өткелін.
Дүние деген дөңгелек,
Өткенім – келер көктемім» -
деп өзі жазғандай, биліктің
беделінен де, байлықтың беделінен де аулақ жан. Табыл – ақын да, пенде, адам.
Ендеше, жалпы тұрғыдан алғанда, оның да «осал» тұстары, сынаушылары мен
мінеушілері де болуы мүмкін. Басқасын айтпағанда, дана Абай да: «Арғын, найман
жиылса, Таңырқаған сөзіме, Қайран сөзім қор болды, Тобықтының езіне», - демеп
пе еді. Мұны Табыл да түсінеді. Сондықтан ол жыр жинағының «өткенім – келер
көктемім» бөліміне Аманғали Кенжеахметовтің:
«Жігітке қиын екен
халыққа жақпақ,
Көңілін бай-жарлының бірдей таппақ.
Қақ жарып қара қылды жүрсем дағы,
Кетеді біреу даттап, біреу боқтап»... –
деген жолдарынэпиграф етіп алған.
Иә, өмірде
осылай... Адамдар бір-бірін үнемі үндесе түсініп, ілесе жүріп, бірлесе біріге
бермейді. Қанша адам бар, сонша түсінік бар, пікір бар. Ал шығармашылық адамдарының
тереңіне бойлау, ақындарды анық ұғыну – қиынның қиыны. Сондықтан тума талант
иесі Табыл ақын көпшілікке арнап:
«Көрмеу үшін жесірдің жылағанын,
Көрмеу үшін алыптың құлағанын.
Екінші рет тумайды бұла-дарын,
Абайлаңдар, адамдар, сұранамын», - дейді.
Біз өз
ойымызды өте дұрыс айтылған ойлы сөз, орынды сөз деп аяқтауды жөн көрдік:
Осылай деуді құп көрдім,
Оқырман сен қой нүктесін.
Адамдық ғұмыр біткен күн,
Ақындық ғұмыр бітпесін!
Лайым солай
болсын. Ақындық ғұмырың да, адамдық ғұмырың да ұзағынан болсын, ел сүйген, елін
сүйген азамат, дарынды ақын, өнерлі жан.
Бижан Қалмағанбетов,
Алтай
Тайжанов
Ақтөбе
қаласы