Мұнай, ақша, байлық жүрген жерде өнердің бағаланбайтыны белгілі

Табылды Досымов:

Мұнай, ақша, байлық жүрген жерде өнердің бағаланбайтыны белгілі


            Осыдан екі-үш жыл бұрын басылым беттерінде жарық көрген сұхбаттарыңызды жинап, өзіңіз жайлы кітап шыққалы жатқанын айтып едіңіз... Сол бастаманың аяғы не болып кетті?
            Әлі жинақталу үстінде. «Біз білетін Табыл» деп аталатын шығар... Болмаса, тағы көре жатармыз. Әзірге анық шешілген жоқ. Жақын достарымның маған деген жылы лебізі мен ниетін білдіру үшін қолға алып жатқан дүниесі ғой. Мүмкін биылғы 45 жасыма, мүмкін, алдағы 50 жылдығыма орайластыратын болар... Ал менің жасап жатқаным, бүкіл шығармаларымды Алматыда Мақсат Мұхитдиновтың студиясына жинап қойдым. Репертуарымдағы туындылар екі альбомға сыйып кеткелі тұр. Біріншісіне «Алматыда қалған қыз» деген атпен махаббат әндерін енгізбекпін. Қазіргі таңда бірінші жинаққа ғана демеуші табылып отыр. Амандық болса, екіншісі де ерте ме, кеш пе, қолдарыңызға тиетін болады.
Жаңа әндеріңізде жиналып қалған болар...
Мардымды ештеңе жазылған жоқ. Адам бойында іздену процестері болады ғой...  Ой үстіндемін.
Кезінде сіз ұнатқан ару Алматыда қалып па еді, альбомыңызды неге осы әніңізбен атадыңыз?
-Қыздың бәрі ауылдан барып, Алматыда қалған жоқ па?! Осы циклмен жазылған студенттік шақтың сағыныш әндері ғой.
Сіздің өнеріңізге шөлдеп жүргендер көп... Алматы жұртшылығы үшін қашан концерт қоясыз?
Ондай мүмкіндік болмай тұр. Тұрсынқазы Рахимов сияқты қолымызға бір домбыра ұстап бара салатындай емес. Бірқатар бардтық, лирикалық әндерді әрлеп жасату керек. Әншілерге беру керек туындылар бар. Ол үшін Алматыда бір ай жатып, жаздыру қажет. Оған шалғайдан бару қайда?! Алыста жатқан біз түгілі, өнердің ортасында жүргендер концерттерін әупірімдеп әрең өткізеді. Айналып келгенде, барлығы қаржы-қаражатқа тіреледі.
Облыс әкіміне өтініш айтып көрдіңіз бе, жергілікті әкім-қаралар көмектеспей ме?
Иманғали кеткелі Атырау облысында мәдениетке деген оң көзқарас көрініп тұрған жоқ. Айналып келгенде, «ауылдағының аузы сасық» деген әңгіме ғой. Мұнай, ақша, байлық жүрген жерде өнердің бағаланбайтыны белгілі. Батыс Қазақстан өнерді қатты бағалай қоймайтын, сормаңдай елміз... Біреулер жоқтан бар жасап, жанталасып жатады. Біз барымызды халыққа көрсете алмаймыз. Жиын - тойда отырып, керемет көлгірсіп сөйлейтіндер көп. Артынан берген уәделерін ұмытып кетеді. Сөзден іске көшіп, «Алматыда продюсерлік орталықтар бар, солармен жұмыс жасап көрейік» деп нақты құлшыныс білдірген тірі жанды көргенім жоқ.
Бір кездері Алматыдағы достарыңыз ұйымдастырамыз деп талпыныс білдірген сияқты еді...
Оның бәрі әр замандағы әңгімелер ғой...
Тақырыпқа тұздық:
Біз Табылды Досымовтың шығармашылығы жайлы, тұмадай таланты туралы аңызға бергісіз әңгімелердің шет жағасын естігеніміз болмаса, туындыларын түбегейлі тыңдап өстік деп айта алмаймыз. Шынын айтқанда, анда-санда радиодан беріліп қалатынбірді-екілі әндерінен ғана хабарымыз бар. Қалған дүниелерінің атын білгенімізбен, не әуенін, не мәтінін білмейміз. Өз басым бүгінгі таңда оны ашық айтуға еш қысылмаймын. Білмегенім үшін өзімді кінәлі санамас та едім. Өйткені ол кісінің атағы дүрілдіп тұрған шақта біз ақ пен қараны айыра алмайтын ойын баласы болатынбыз. Біз өсіп-жетіліп Алматыға келгенде, ол кісінің Атырауда тұратынын естідік. Ал осы уақытқа дейін «Алматыда жеке концерті өтеді» деген хабарлама мен ол кісі жайлы түсірілген фильм-концерттерді немесе арнайы бағдарламаны көрдім, үнтаспаларын алып тыңдадым» десем, өтірік болар еді... Ондай мүмкіндікті бізге кім беріпті?! Тек қызмет бабымен жүздесіп, анда-санда телефон арқылы тілдесіп, хал-жағдай сұрағанымызға мәзбіз. Отыздың ар жақ-бер жағындылардың қазақтан шыққан тұңғыш бард әнші туралы бар айтарымыз – осы, ал біздің артымыздағылар не айтады? Кейінгілер Табылдыны таниды деп ойлайсыз ба? Ойламасаңыз, бұған кім кінәлі? Қанша тартса да, қысқа жібі күрмеуге келмейтін, өнерден басқаны бақ деп білмейтін, қаймағы бұзылмаған ауылда жатқан хас талант па? Жоқ, әлде оны іздемейтін, іздегісі келмейтін, тұмсығының астындағыдан әріні көрмейтін тоңмойындар ма? Жарайды, тиісті орындар, құзырлы мекемелерде өңкей көзі де, көкірегі де соқыр, ешкіммен жұмысы жоқ шолақ белсенділер отырсын, қаптаған концерт ұйымдастырушылар мен продюсерлік орталықтар қайда қарап жүр? Қазір тас лақтырсаң, құрап-сұрап кеш өткізіп жүрген, өзін продюсермін дегендердің басына барып тиеді. Ең болмаса, солардың арасынан біреу табылмай ма? Табылды Досымовтың кешін көп кешіктірмей өткізіп, дәл қазір алтын дауысын «Алтын қорға» жазып алмасақ, ертең сан соғып қалуымыз әбден мүмкін. Уақыт өз дегенін жасайды. Табылды Досымов – өзгермейтін, қартаймайтын, мәңгі жас болып жүре беретін темірден жаралған жоқ. Ертең оның да белі бүгіледі, беттен әр, бойдан күш-қуаты кетеді. Біз күнде туылмайтын саңлақтарымыздың елеусіз, ескерусіз қалуына қалайша жол береміз?! Ойлансаңыздар екен, ойға алсаңыздар екен!
//Айқын . – 2010 . – 1 сәуір (№ 54)