Табылдыға қосқан тағдырыма мың тәуба

Әңгімелескен Сұңқар Ерсайынұлы

Ақынның жары Қарлығаш Басарқызы:
Табылдыға қосқан тағдырыма мың тәуба

                ИСІ ҚАЗАҚТЫҢ МАҢДАЙЫНА БІТКЕН ТУМА ТАЛАНТ, ЖЫРАУЛЫҚ ДӘСТҮРДІҢ ЖАРҚЫН ӨКІЛІ БОЛҒАН БАРД-АҚЫН ТАБЫЛДЫ  ДОСЫМОВ 45 ЖАСЫНДА ЖҰМЕКЕН, МҰҚАҒАЛИ, МАРАТ, ТӨЛЕГЕН, МЕҢДЕКЕШ, ЖҰМАТАЙ СЕКІЛДІ АУЗЫМЕН ҚҰС ТІСТЕГЕН АҚЫНДАРДЫҢ КӨШІН ЖАЛҒАП КЕТІП ЕДІ. АҚЫННЫҢ ӨЗІ ӨЛГЕНІМЕН ӨЛЕҢІ ӨЛГЕН ЖОҚ. ӘР ҚАЗАҚТЫҢ ЖҮРЕГІНДЕ ТЕРБЕТІЛІП ЖҮР. ОН БЕСІНШІ ШІЛДЕДЕ ҚЫРЫҚ ЖЕТІНІҢ ЖЕЛКЕНІН КЕРЕТІН ШАҒЫ ЕДІ. ӨЗ ДЕГЕНІ БОЛМАСА ӨЗГЕНІКІНЕ МОЙЫНСҰНА ҚОЙМАЙТЫН ҚАЙРАН УАҚЫТ АҚЫНҒА ОСЫ СӘТТІ КӨРУДІ БҰЙЫРТПАДЫ.
            ҒҰМЫРЫ ҚЫРЫҚ БЕСІНШІ КӨКТЕММЕН ТӘМАМ БОЛҒАН АҚЫН ШАҢЫРАҒЫНДА БОЛЫП, АСЫЛ ӘКЕСІ АЯШ ҚАРТҚА ДА АМАНДАСУДЫ МАҚСАТ ТҰТҚАНБЫЗ. СОЛАЙ БОЛДЫ ДА. КӨКІРЕГІ ШЕРЛІ ӘКЕНІҢ ЖАНАРЫНА ҚАРАУДЫҢ ӨЗІ АУЫР. ӨЗ ОЙЫМЫЗДЫ АЙТҚАНДА, МЕНІМЕН ЕМЕС ҰРПАҒЫН ӨРІСТЕТЕР КЕЛІНІММЕН СӨЙЛЕСКЕНДЕРІҢ ЖӨН ДЕДІ АЯШ ҚАРТ. ТІЛЕГІН ҚАБЫЛ ЕТІП СӨЗ ТІЗГІНІН АҚЫННЫҢ ЖАРЫ ҚАРЛЫҒАШҚА ҰСТАТТЫҚ.

            -Ақынның өткен өмірі көпке мәлім ғой. Сол Табылдымен жұптасу қалай басталып еді?
            -Иә, тағдыр деген қызық қой. Табылдымен тағдыр қосамен деген ой үш ұйықтасамда түсіме кірмепті. Бұрын өлеңін естігенмін өзім көрмеген болатынмын. Байқап көрсем ебедейсіз емес, есті жігіт екен. Сөйтіп жүріп 1995 жылы отбасылық одақ құруға сөз байласып ұлы өмірге бірге қадам бастық. Екеуміз 16 жыл отасып, жарасымды ғұмыр кештік. Өмірге ұрпақ әкелдік. Соларды жеткізіп, адам етуге талаптандық. Мен үшін оның орны бөлек оның ақындық талантымен басқа эстетикалық талғамы жоғары болатын. Өзінің балалық шағы өткен үйден осы жаңа үйгеқоныс аударған кезде ерекшелік танытты. Үйде ыдыс сынғанды жаратпайтын. «Ыдыс сынды дегенше ырыс кетті» десейші деп ескерту жасайтын. Ақыл пәлсапасына салып қарасам бұл оның ұсақтығы емес, ұлағаттылығы екен. Талай қызықты бірге көрдік. Онымен өткен өмірім-менің бақытты уақытым.
            -Тумақ та, өлмек те хақ. Бұл – өмірдің бұзылмас қағидасы. Көзден кеткесін, көңілден кетеді дейді және. Қазіргі үйге келушілердің қатары сиреген шығар?
            -Оның рас. Өлген артынан өлмек жоқ. Ақын, жанұяда отағасы болып өмірден өткенімен оның өнегелі өмірі жалғасуда. Атам қазақ «адам жасымен емес ұрпағымен мың жасайды» деген ұлағатты сөз қалдырды ғой. Шүкір, Табылдының артында қыздары мен өнерін дәріптеп жүрген жалғыз тұяғы – Абыл қалды. Иманғалидай өнер жанашыры алып берген сүлікқарасын бұрышқа қоймай, жүрегінен жарып шыққан тұнық әндерін асқақтатып жүр қазір. Көзі тірісінде осы Абылға қазақтың арғы-бергі тарихы мен есімдері айтыла бермейтін тұлғалар жайлы көп айтып отыратын. Сөйтсем, ол ертең кеш болады деп ерте қамданған екен ғой. Ұл-қыздарымен еркін сырласатын. Ойларын ашық айтуға үндеп жүретін.
            Табылды жоқ болса да шаңырағынан қонақ үзіліп көрген емес. Әсіресе, достары көптеп хабарласып тұрады. Астанадан Елена Әбдіхалықова, Алматыдан Серік Аббас-Шах, ақтөбелік Бижан Қалмағанбетов, маңғыстаулық Майра Гумарова, Оралдан Рашид Шакупов, Мұхтар Сапарғалиев, осындағы Талғат Досан, Нұржан Бисенбаев, Сүйеу Халықов т.б. достары ұдайы хабарласып тұрады. Өмірден өткенде басын қарайтып мазар тұрғызып азаматтық танытқан осы достары болатын. Оларға үлкен алғыс айтамын.
            -Ақынның өлеңі мен өнерін дәріптеу тірілердің парызы болса керек-ті. Шығармашылығын насихаттауда нендей істер қолға алынбақшы?
            -Шығармашылық демекші, тірісінде өзін танытқан Алматыда тұрып шығармашылығын кеңінен насихаттап, кешін өткізуді армандады. Іштей булығып жүрді. Сыртқа байқатпағанымен оның терең күрсінісінен сезетін едім. Үйде өлеңді сирек жазатын. Көбіне қызмет ететін кеңсесінде, жолда жүргенде жазып келіп, бізге оқып беретін. Сосын өзінің поэзия патшалығындағы сапарының тұсауын кескен «Дендер» газетіне жолдайтын. Осы газетте ең соңғы рет өзі өмірден өтетін жылы, яғни 12 тамыздағы санда «Жұмекештану теориясы» мен «Аты жоқ өлең» деген тақырыпта қос өлеңі жарияланды. Алғашқы шығармашылық кешін жерлестері, өзі сахнасында өнер көрсеткен «Борат» мәдениет үйінде өтті.
            Өзі көзі тірісінде «Биіктік» атты кітап дайындап кеткен болатын. Орындалмаған арманын Рашид Шакупов орындауды мақсаты етуде. Ақтөбедегі Бижан Қалмағанбетов қызымыз Айгерімді қыдыртуға алып кетті. Ал Мақсат Мұхитденов есімді азамат Табылдының жанды дауыспен айтатын 30 әні жазылған дискіні шығаруды қолға алмақ. Қытай Халық Республикасында тұратын қандас бауырласымыз Табылдының шығармашылық кешін өткіземіз деп ынта танытып жатқан көрінеді. Сәтін салса ол да болып қалар.
            Жуырда аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев үйде болып Табылдының рухына құран бағыштап, артында қалған мрасын, оның шығармашылық еске алу кешін ұдайы өткізіп отыратынын атап өтті. Әрі Ақтөбе қаласында өткен шығармашылық кешке барып - келуіме жағдай жасады. Сол үшін де аудан әкіміне алғыс айтқым келеді. Ақынын іздеген әкім осындай болса керек-ті деп қуанып қалдық отбасымызбен.
            -Ақынның жарысыз. Бір қуанышы мен бір өкініші жайлы айтып өтсеңіз?
            -Жоғарыда айтып өттім ғой. Табылдыдай таланттың жары қылған тағдырға мың тәуба. Табылдының қуанғанынан қайғыға душар болған сәті көптеу көрінетін секілді. Ең өкініштісі Алматыдағы шығармашылық ортадан жырақ кетті. Өзі айтатын ең қуанышты сәтім деп алып бәйтерегі әкесі мен анасының қасына келіп ұрпақ өргізді. «Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, әсіресе Абыл өмірге келгенде қатты қуанды. Қайда барса да «інішегім» деп жанынан тастаған жоқ. Себебі, Абыл қарттардың бауырында болды ғой. Бертін келе алдымен аяулы анасы, қос інісі өмірден қатар өтіп еңсесін езіп жіберді. Пенде ғой, қиналды. Өмірінің соңғы сәттерінде белгілі композитор Зәмзәм Дәуітовтың жаназасын бейнелеген бейнетаспаны қарады, өткен өмірінен сыр шертетін суреттерді ақтарды. Абылының 9 айлығында түскен суретіне зер сала қарап, ұзақ ойға шомды. Сөйтсек, мұның бәрі өзі жырлап өткен өмірді қимаған сәті екен ғой. Қайтейін, енді өзегімді өртеген сол қайғы, сол қасірет жазылар ма?
            Тек жұбаныш қылатыным, артында қалған ұрпағы мен елінің есімін ұмытпай ұлықтап жүргеніне тәуба деймін. Ертеңгі өткелі отырған шара осы сөзімнің айғағы.
            -Уақыт бөліп қабылдағаныңызға мың алғыс. Ақын жетпеген арманға сіздер жете беріңіздер.

                                                          
                                                          

«Жанардан  ұштың  жасын  күн  - базарым  едің»

Қарылғаш  Ибатова,  жары:
Тау  тұлғалы  Табылым  еді...
 - Екеуміз  жиырма  жылдай  отастық.  Қызымыздың  алды  - он  тоғызда. Ақындар  мінезсіз  болмайды.  Айтатынын  бетке  айтады,  ешкімге  мәймөңкелеп  бас  ие  қоймайтын.  Алайда  ақ  көңілділігі  ар  жағынан  көрініп  тұратын.  Осал  жар,  жаман  әке  болған  жоқ.  Отбасымызда  отырғанда  бәрімізді  күлдіріп,  езуімізді  жиғызбайтын.  Кешке  жақын  жұмыстан  келгенде  бала-шағамызбен  жанына  жайғасып,  аузына  қарап,  мәз-мейрам  болатынбыз.  Есіктен  таудай  болып  кіретін.  Тұлғасын  саялап,  көлеңкесінде  алаңсыз  жүрдік.  Ешқандай  ауыртпалық  көрсетпеді.  Басымызға  қиындық  түсірмеген.  Оның  тамағын  пісіріп,  киімін  жуғанға  мәз  едім.  Былтыр  анасының  жылын  бердік.  Сексен  бестегі  әкесі  де  бір  баласындай  Табылға  қарайлайтын.  Үлкеніміз  де,  кішіміз  де  айтқанын  екі  етпейтінбіз.  Бір  әулеттің  үміті,  қорғаны,  қамқоршысы-тын.  Өзі  атадан  жалғыз.  Ағайыны  көп  емес-тін.  Атамыз  екі-ақ  ағайынды.  Кіші  әкесі  жетпістен  асқан.  Алты  ай  бұрын  сол  үйдегі  арқа  тұтып  немере  ағасы  қайтты.  Айналдырған  екі  үйде  екі  шал  қалды,  қарайып...  Кемпірлерін  де  жер  қойнына  бергенбіз.  Бәріміздің  сеніп  жүргеніміз  Табыл  болатын...

Алматыны  армандап  өтті

 - Жазда  аяғына  түсініксіз  жара  шықты.  Ісініп  кеткен.  Дәрігерлер  «Жатып  емдел.  Бойдағы  судың  бәрі  сыртқа  кетіп  жатыр.  Қаның  қазірдің  өзінде  қарайып,  ұйып  барады»  деген.  Оған  өзі  бой  бермеді.  Аурухана  төсегіне  таңылғысы  келмейтін.  Бірақ  үйде  инелерін  салдырып  жүрді.  Жүректің  дәрісін  қабылдады.  Бірде  жарасына  май  жағып  жатқанымызда  кіші  қызымыз  «Папа,  аяғың  ісіп  жатыр» дегенде,  «Туу,  айтпаңдаршы,  мен  қорқамын»  деп  жылап  жіберген.  Сонда  қызымыз  «Папа,  жыламашы,  мен  жай  айтып  тұрмын  ғой»  деп  жұбатқан.  Екі  ай  сайын  емдерін  алып,  күтінуге  тырысатын.  Анасының,  ағасының өлімі  ауыр  тиген  болар.  Іштей  мүжіліп  жүрген  сияқты.  Екі-үш  жыл  бұрын  немере  інісі  көз  жұмған.  Соның  бәрі  әсер  етпей  қоймайды  ғой.  Кей  кезде  «Күйбең  тірлікпен  осы  ауылдан  шыға  алмай  қалдым.  Алматыда  жүрсем,  өнерім  насихатталатын  еді»  деп  өкінетін.
            Шығармашылығын  жергілікті  билік  те,  ресми  орындар  да  түсіне  алмады.  Алматы  түгілі,  туған  жері  Атырау  облысында  да,  Индер  ауданында  да  концертін  беріп  көрмеген  адам.  Арманына  жете  алмады.  Дискілері  бар  еді,  жинақтап  қойған.  «50  жасымда  шығарамын»  деген  кітабы  қара  папкісінде  сол  күйі  қалды.  Маған  «Он  жыл  шыда,  он  жылдан  кейін  балалардың  бәрі  өседі.  Балаларды  оқытамыз,  қыздарды  ұзатамыз,  Абыл  үйленеді,  келін  аламыз.  Сосын  екеуміз  қол  ұстасып,  құдаларымызды  аралап,  қыдырып  жүреміз»  деп  айтатын. 
            Соңғы  жексенбісінде  үйде  отырып,  Индердің  белгілі  азаматтарының  бірі,  бірнеше  жыл  бұрын  қайтыс  болған  гитарист  Зәмзәм  Дәуітовтің  ақтық  сапарын  бейнетаспадан  көрді.  Өзінің  концерттерін,  балалардың  кішкентай  кездегі  фотоларын  қарап,  Абылдың  тоғыз  айлығында  түскен  суретін  қолына  ұзақ  ұстап,  өткен-кеткенді  еске  алып,  бір  күліп  алғанбыз.  Бірақ  бір  апта  бойы  көңілсіз,  мұңданып  жүрді.  Тамақ  ішуге  тәбеті  болмай  «Маған  қарамай  өздерің  іше  беріңдер»  деп  кеш  батпай  төсегіне  қисаятын.  «Осы  жақтан  кеткім  келеді.  Өнерімді  түсінетін  жігіттер  сол  жақта»  деп,  өмірінің  санаулы  сәттерінде  Алматыны  қатты  аңсады.  Бейсенбі  күні  Ақтаудағы  курстасы  Майраға  «Қалың  адайдың  арасына  барып  тұрғым  келеді»  деп  жұмыс  сұраған  екен.  Маған  әзілдеп  «Біз  Абыл  екеуміз  Маңғыстауға  кетеміз.  Саған  ұшақпен  келіп,  шарбаққа  қонып  тұрамыз»  деп  жымиды.  «Сендер  ұшақпен  келсеңдер,  маған  үйдің  айналасын  жинақтау  керек  болды  ғой»  деп  мен  де  қалжыңдадым.  Ол  ойлағандай  жұмыстың  реті  келе  қоймады.  Өмірден  түңіліп  кеткен  сияқты  көрінеді.  Ешкіммен  сөйлескісі  келмей,  жатып  алатынды  шығарды.  Бірер  күн  бұрын  Индерде  концерт  өткен.  «Менің  екі  әнімді  айтқызбады»  деп  үйге  ренжіп  келді.  «Индерім  менің – кең  жерім»  деген  әнімен  кеш  аяқталуы  керек  екен.  Жүргізушіден  «бұл  қалай?»  деп  сұраса,  «сіз  айтпайтын  болдыңыз»  депті.  Сол  жерде  кикілжің  туғанға  ұқсайды.  Ақыры  оны  тәртіп  сақшылары  алып  кетеді.  «Қарлығаш,  мені  милицияға  салып  жіберді  ғой.  Өнерімді құрметтейтін  жігіттер  болып  шықты.  Ұялы  телефондарында  менің  әнім  бар  екен.  Мені  танып,  қоя  берді,  азаматтар  ғой.  Қаршыға  куә»  дейді,  қасындағы  журналист  жігіт  Қаршыға  Көшековті  көрсетіп.  Қайтыс  болатын  күні  тағы  да  «сол  концертке  босқа  барыппын, иә. Екі  әнімді  бірдей  қысқартып  тастағандары  несі?»  деп  күйінді. 


Ұйықтап  кетіп,  оянбай  қалды


 -  Сағат  бес  шамасында  жұмыстан  келсем,  диванда  отыр  екен.  «Төсегімді  салып  берші»  деді.  Тоғыз  жарымда  бір  оянды.  Содан  қайтып  тұрмады.  Соңғы  айтқан  сөзі  сол.  Тамақ  та  ішпеді,  дастарқан  басына  да  келмеді.  Таңертең  жеті  жарымда  тұрдық.  Үйде  үлкен  кісі  бар  ғой,  таңертең  малға  қарайды.  Сол  кісіге  шай  бердім.  Бірақ  Табылды  оянбады.  Түнде  шай  сұрайтыны  бар  еді,  оны  да  сұрамады.  Баламды  сабаққа  шығарып  салып  жатып  «Папаң  тұрмады  ғой.  Қатты  ауырып  жүр  ғой  деймін.  Дәрігер  шақыртсам  ба  екен?»  дедім,  екі  ойлы  күйде.  Өзімнің  де  жүрегім  алабұртып  тұрды.  Қасына  барсам,  басындағы  жастығы  түсіп  кеткен  екен.  Басын  көтеріп,  жастығына  жатқыздым.  «Табылды  тұршы,  тұршы»  деп  едім,  тырс  етпеді.  Сосын  бір  жолдас  жігітіне  хабарласып  едім,  ол  жол  үстінде  екен.  Тағы  бір  досы  Талғатқа  «Жедел-жәрдем  шақырайын  ба?  Табыл  оянбады.  Кеше  төрттен  бері  жатыр»  деп,  үйге  келуін  өтіндім.  Олар  келгенше  қол-аяғын  уқалап,  жан  беруге  тырыстым.  Сөйтіп,  сәскеге  дейін  абыр-сабыр  болып,  абдырап  қалдық.  Тұла  бойы  сұп-суық.  Жылап-еңіреп,  басын  ұстап,  жүрегін  сипап,  оянар  деп  үміттендім.  Бірақ  демі  үзілгеніне  біраз  уақыт  блыпты...  Арысымнан  айырылып  қалдым. 
            Емделіп  жүрген  соң,  аяқастынан кетіп  қалады  деп  күткен  жоқпыз.  Үш  ұйықтасам,  түсіме  кірмеген.  Алаңсыз  өмір  сүріп  келіп  едік,  аяғы  осылай  болды.  Артында  аңырап  қалдық.  Күні-түні  жылап,  ойлаймыз  да  қоямыз.  Тағдырдың  ісіне  басқа  амалымыз  бар  ма?  Таңертең  қызым  «Түсімде  папамды  көрдім.  Жаман  қатты  сағынып  қалып,  көрісіп  жатыр  екенбіз»  дейді.  Үйдің  берекесі,  тірегі-тін.  Үлкен  қызымыз  тұрмыста.  Екіншісі – Оралда  оқуда.  Қалған  төртеуміз  төрт  бұршта  бір-бірімізге  қарап  отырмыз.  Арасында  күлдіргі  әңгімелерін  айтып,  бір  күліп,  бір  мұңаямыз.  Шілдеде  45  жасқа  толды  ғой.  Туған  күніне  Оралдағы  достары  келіп,  мал  сойып,  кәуап  пісірдік.  Күн  ыстық.  Басына  менің  шляпамды  киіп  алыпты.  Өзіне  жарасып  қалған.  Сол  бейнесі  көз  алдымыздан  кетпейді.  Ішек-қарын  тазалап  жүріп,  қызыма  көп  сөйлесем  керек,  соңынан  «Қарлығаш,  саған  сонша  не  болды?  Қой  емес,  түйе  сойғаннан  кем  болмадың  ғой»  дейді.  Өзі  етжеңді  болғаннан  кейін,  кез  келген  киім  сыймайтын.  «Мен  қасқа  да  қорағада  бір  шалбар,  қалаға  да  бір  шалбар»  деп  күлдіретін.  Қай  қылығын  айтып,  таусайын.  Алғашқы  күндері  ешкімге  керексіз,  далада  қалғандай  болдық.  Достары,  жора-жолдастары  басу  айтып,  елеусіз  қалдырмайтынын  жеткізді.  Күмбезін  өздері  орнатпақ.  Серік  Аббас-Шах  қаржы  жіберіп,  көмектесті.  Үлкен  рақметімді  айтқым  келеді.  Есенбай  Құлиев,  Жұмабай  Құлиев,  Лена  Әбдіхалықова,  тағы  басқа  бірталай  жігіттер  «Уайымдама,  балаларды  бірге  жеткізміз»  деп  демеу  білдіруде.  Тұлғалы  Табылдың  рахатын  тірісінде  ғана  емес,  өмірден  өткеннен  кейін  де  көреді  екенбіз...

Дендер газеті. – 2012 . - 12 шілде