Балам демей кетті

Әңгімелескен Қаншайым Байдәулет


Абыл Табылдыұлы:
  «Өмірінде  бір  рет  мені  «Балам»  демей  кетті»

            -  Ақ  жүрек,  аңғал,  ақын  әкемнің  жұмсақтығымен  қатар,  қаттылығы  да  бар-тын.  Бетімізбен  жібермей,  тәрбиемізге  қатты  көңіл  бөлді.  Үш  қыздың  ортасында  өскен  жалғызымын.  Қыздарынан  мені  жоғары  қоятын.  Сөйте  тұра,  өмірінде  бір  рет  мені  «балам»  демей  кетті.  «Сен  шалдың  баласысың.  Менің  «братишкамсың»,  мені  «братан»  деп  айта  бер»  деп  күлетін.  Қонаққа  барған  жерімізде  «інім»  деп  таныстыратын.  Кей  кісілер  «сенің  туған  інің  бар  ма?»  деп  таңғалатын.  Кенже  қызы  болған  соң,  Әйгерімді  «менің  қызым»  деп  қатты  еркелетті.  Соңғы  екі-үш  жылда  мені  жанынан  тастамай,  ертіп  жүретін.  Жыл  сайын  Атырау  мен  Оралдың  арасындағы  бір  ауылдан  дәм  татып  қайтатынбыз.  Жолдастары  шақыратын.  Кейде  соңы  кездесуге  ұласып  кететін.  «Келсейші,  Жайықтың  бойын  көріп  қайтайық»  деп  кей  достарын  өзі  іздейтін.  Үш-төрт  күн  бұрын  Алматыдан  суретші  Ерсайын  Жапақ  келіп  кеткен.  Папам  Махамбеттің  басына  алып  барып,  екеуі  тәу  етіп  қайтты.  Оның  алдында  Өтежан  Нұрғалиев  ат  басын  бұрған.  «Махамбет»  қорының  директоры  болғандықтан,  батыр  туралы,  Индердің  тарихы  туралы  көп  сұрайтынмын.  Кейде  таңғы  үш-төртке  дейін  әңгіме  құратынбыз.  Екеуміз  үйде  отырып,  талай  бірге  өлеңдер,  музыка  жаздық.  Өнер  жолына  баулыды.  Электронды  күйсандық,  домбыра,  гитарада  ойнауды  үйретті.  Әрдайым  «Бұл  қазақтың  мұрасы,  атаңнан  қалған  аспап  осы»  деп  ең  бірінші  домбыраны  қолыма  алғызатын.  Мен  ести  қоймаған  әндерін  сұрасам,  айтып  беретін.  Ескі  дүниелерді  көп  жинады.  Дін  жайлы  түсіндіретін.  «Түрлі  ағымға  ілесіп  кетпеңдер.  Жүректерің  таза  болса,  Аллаға  сол  жол  бастап  барады»  дейтін.  Ұзақ  жылдан  бері  алғашқы  концертін  армандап,  сахнаның  безендіруіне  дейін  өз  қолымен  сызып,  «Қыр  баласы  қол  созды  аспанға»  деп  дайындап  жазып  қойған.  Келетін  қонақтарына  дейін  белгілі  еді.
            Қайтыс  болған  күні  «ұйықтап  жатыр  ғой»  деп  қаннен-қаперсіз  сабаққа  кеткенмін.  Үйдегілер  шақыртып  алды.  Әдетте,  үйге  кісі  келгенде  папам  сабақтан  сұрап  алатын.  Қонақ  келгелі  жатқан  шығар  дегенмін...
            Көп  өлең  айтпасам  да,  екі  күннің  бірінде  гитарасын  қолыма  ұстап  тұрамын.  Бөлмеме  қойып  қойдым.  Елеусіз  бұрышта  қалған  жоқ...


Абыл Табылдыұлы: Әкемнің жанында жүріп, ерте есейдім.

-Абыл, Алматыға хош келіпсің! Қандай шаруамен жүрсің?
- 16 қазан әкем Табылды Досымовтың өмірден өткен күні. Биыл қапияда айырылып қалғанымызға екі жыл толып отыр. Ол кісінің қайтқан күніне орай «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасы Алматыға шақыртып, анамыз екеуміз жолға шыққан едік. Таңертең телеарна эфирінде қонақта болдық. Түс ауа әкем білім алған, студенттік қызықты шақтарын өткізген, өзіне өмірлік достар тапқан «КазГУ» қалашығына бармақпыз.
 Қазір әкеңнің әндерін жап-жақсы орындай бастадың. Дауыстарыңнан бір ұқсастық байқайтындаймыз. Әндерін тура өзі сияқты иіріп әкелесің. Кішкентайыңнан өнерге баулып, біраз тәрбиелеп кеткен сияқты...
            -Жоқ, әкем көзі тірісінде маған арнайы ән үйреткен емес. Ол кісінің көзінше әу деп көргенім жоқ. Бала күнімде әртүрлі үйірмелерге қатыстыруын қатыстырды. Бірақ мен қайда жаздырса да бір күннен артық бармайтынмын. Көңілім қаламайтын, зауқым соқпайтын. «Басым ауырып тұр, шаршадым» деген сияқты түрлі сылтаулар айтып, әйтеуір қалып қоятынмын. Арада кішкене уақыт өткеннен кейін гитараға өзім құмарта бастадым. Әкем алдына алып, «мына әнді былай орындайсың» деп отырмайтын.
            Өкінішке қарай, қайтыс болғаннан кейін барып, бір талпыныс ояна бастады.
            -Бірақ өткенде бір әңгіме арасында сенен «Қандай мамандықты таңдайсың» деп сұрағанымда «архитектор боламын» деп жауап бердің...
            - Папам баласын талапты болсын-болмасын сүйрелеп, концерттерге зорлап қатыстырып, тыққыштап жүретіндерді ұнатпайтын. Маған да еш уақытта менің жолымды қуасың деп міндеттеген емес. «Әкемнің гитарасын ұстаймын» деген ой менің де миыма кіріп-шықпаған. Осыған дейін архитектор боламын деп келгенмін. 11 сыныпқа көшкенше бірде-бір жарысқа қатысқан емеспін. Тек соңғы уақыттары өнерге түбегейлі бет бұрып бара жатқанымды өзім де байқамай қалған сияқтымын. Қанымда болғаннан кейін шығар, есту қабілетім мықты. Қазір естігенді қазір қайыра ойнап беремін. Жан-дүнием өнерді қалайтынын түсіне бастадым. Сондықтан, көктемдегідей емес, қазір шешімім өзгерді. Құдай қаласа, мектепті бітірген соң Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына түссем деген ниеттемін.
            -Папаң өнерге арнайы баулымағанымен, бірақ бір кездері гитарамен айтқан әндеріне эстрадалық әрлеу жасаған сен емессің бе?
            -Иә, оныңыз дұрыс. Әкемнің әндерін 5-сыныптан бастап өңдей бастадым. Музыкалық аппаратураны, электронды күйсандықты да үйреткен ешкім жоқ. Өзім меңгеріп кеттім. Ноталық сауатым жоқ, арнайы музыкант та емеспін, бірақ әкем әннің әрлеуі дұрыс шықпаса күйіп-пысып, қатты ренжитін. 12-13 жастағы бала болсам да менен кәсіби жұмыс күтетін. Ұрсып жатса, «Қойшы, папа» деп қатты мән бермейтінмін. Анамның айтуы бойынша, артынан өзі ұрысқанына ойланып қалады екен. Қазір Индер ауданы бойынша әншілер маған келіп, аранжировка жасатады. Мектептің, Мәдениет үйінің барлық іс-шараларына мені шақырады. Ауылда басқа техниканың тілін білетін ересек адам жоқ. Оның үстіне, қазір «Ақжайық» вокальды-аспаптық ансамблін құрдық. Бұл ұжымды сексенінші жылдары сазгер Зәмзәм Дәуітов ағаларымыз құрған екен. Ол кісіні әкем «Алты ішектің Құдайы» дейтін әкем де, мен де Зәмзәм ағамызға еліктеп өстік. «Ақжайық» ансамблі әзірге республикалық деңгейге шыға қойған жоқ. Бірақ облыс сахналарында өнер көрсетіп жүрміз. Репертуарымызда әкемнің де әндері бар.
            -Папаңның замандастары «Ол көп әндерін студент кезінде жазды» дейді. Ауылда жүргенде ән шығармады ма, сен қасында болдың ғой, білетін шығарсың...
            - Ол рас. Әкемнің Алматыда араласатын ортасы болды. Шабытты шақтары сол студент күндері екен. Кемпір-шалдың көңілін қимай, ауылға келгеннен кейін, тіршіліктің қамымен кеткен. Оның үстіне, өзіңізге берген сұхбатында да Айгүл есімді жары қайтыс болғаннан кейін, гитарасын байлап тастап, аза тұтқанын айтады. Оның ән салатын, өлең жазатын жағдайы, көңіл-күйі болмаған.
            - Бірақ «бір концерт өткізсем, шығармашылық есеп берсем» деп қатты армандады ғой...
            - Өте қатты дайындалды. Концерт қоймаса да бағдарламасын жасап, сценарийін жазып, сахнаның безендіруіне дейін өз қолымен салып қойып еді. «Қыр баласы қол созады аспанға» деп атап, гитараның суретін салып, ілмегін адамның аспанға созып тұрған қолы іспеттес бейнелеп, бүге-шүгесіне дейін ойластырып қойған. Кезінде Атырау қаласында өткізбек болып, облыс әкімі Бергей Рысқалиевке хат жазған. Бірақ олар «мемлекеттік қызметкер» екендігін есіне салыпты. «Заң бойынша  рұқсат берілмейді» деген жауап келді. Өзі де қолындағы билікті пайдаланып жатыр деп ай    тпасын деп, ауданда да қолға алмады. Ақыры, арманына жете алмай қалды.
            - Ол кісінің әндерін қазір әншілер өз репертуарына қосып, клип түсіре бастады. Көңіліңнен шыға ма?
            - Біз Табылды Досымовтың мұрагері ретінде әкемнің әндерінің халыққа жетіп, насихатталуына, ел ішінде, үлкен сахнада орындалуына қарсы емеспіз.
            Кәсіби әншілер жақсы түсініп айтады. Ал жастар жағы мәтіннен қате жібереді. Қазір еске алу кештері жер-жерде жүзеге асып жатыр. Өзіміздің Индер ауданында да өтті. Сонда жас қыз-жігіттердің қалай сахнаға алып шыққанын көріп, біз ұяттан өртене жаздадық. Оның үстіне, «Табылды Досымов маған әнін сыйлады» дейтіндер шыға бастады. Ешкім олай әкемнің атын жамылмаса екен. Ес білгелі қасында еріп жүрмін ғой, батыстағы бірде-бір әншіге әкем әнін ақшаға сатып, болмаса сыйға тартқан емес.
            Тағы бір айта кетерлігі, әкем күнде елдің алдына шығып жүрмесе де ешуақытта ескерусіз қалған жоқ. Сирек болса да оны іздейтін адамдар, шақыратын бағдарламалар, сұхбаттасатын тілшілер болатын. Өзі де телеарналарға көп түскенді ұнатпайтын. Телеарна түгілі, түрлі жиын-тойларда бейнетаспаға түсіртпейтін. Еркін отырғанды дұрыс көретін.
Табылды ағаның қыздары ән салып, өлең жазбай ма?
-Ақбаян басында өлең жазып жүр еді, неге екенін қайдам, кейіннен басылып  қалды. Мұғалімдерге әзіл өлеңдер арнап, жазғандары мектеп қабырғасында ілініп тұратын. Айнамкөз бен Әйгерімнің бойынан әзірге ештеңе байқай қоймадық. Қуанарлығы, Ақтөбеде еске алу кеші болып жатқан күні әкемнің алғашқы немересі дүниеге келді. Ақбаянның Ерсін атты ұлы бар.
- Әкеңе айтқаныңды орындатушы ма едің...
            - Қазір ойланып отырсам, қатты талап қойып, шектен тыс еркелемесем де, әкем қалағанымды әперіп отырыпты. Нені ұнатсам, соны өзі біліп, іштей сезіп, әкеліп береді екен. Тіпті 13 жасымда астыма көлікке дейін әперді. Сол кезден көлік руліне отырдым. Өзі толық болғаннан кейін руль жаққа сия қоймайтын. Қайда барса да мен апарып-әкеліп жүрдім. Атырау, Оралға дейін тасып, атқосшысы, қолғанаты болдым. Ол барда бірдеңеден мұқтаждық көрдім деп ойламаймын.
            Әкем кеткенде бар болғаны 14 жаста едім. Қазір он алтыдамын. Қасында жүріп ерте есейдім. Тарихи әңгімелерді көп айтатын. Екеуміз таңғы алтыға дейін сөйлесіп отыра беретінбіз. Әңгіменің қызығымен таңның атқанын білмей қалатынбыз.
Не айтушы едіңдер, сонда?
-Ол  кісі «Махамбет» қорының төрағасы болды. Тарихи әңгімелер тиегін ағытқанды жақсы көретін. Маған да Махамбеттің ерлік істері, өршілдігі жайлы деректер қатты ұнайтын. Әкем кей жерін өз жанынан қосып айтатын, кей жерін әсірелеп, көркемдеп, тура сол шайқастың ішінде жүргендей жеткізетін. Маңғыстаудың әулиелері, батырлары туралы әңгіменің майын тамызатын.
Қазір кейде мұражайға бара қалған жағдайда сондағы қызметкер Махамбетке қатысты әңгімелеп жатқанда, қателерін түзейтін кездерім болады. Олар «Сен оны қайдан білесің, кімнің баласысың?» деп таңғалып қалады.
           -Папаң өнерге арнай баулымағанымен, 12-13 жасында көлік әперіп, әнге әрлеу жасаттырып, өмірге ерте баулыған сияқты...
            -Өйткені ол өзін түсінетін, тең дәрежеде сөйлесетін адам іздеді деп ойлаймын. Алматыдан, достарынан алыс болғаннан кейін көп нәрсені маған түсіндіріп, ерте үйретіп, тезірек ержеткенімді қалаған сияқты. Әкеме, ауданға келген барлық қонақты Махамбеттің зиратына мен таситынмын. Қатарластарым ойын ойнап жүргенде, мен ерте есейдім, үлкен істерге араласа бастадым. Соның арқасы шығар, әкем қайтқаннан кейін абдырап қалмай, бірден ес жиып, отбасыма тірек болуға тырыстым. Егер жалғыз бала ғой деп қарап, еркелетіп жүре берсе, бүгінгі күнімнің қандай боларын Құдай біледі. Жалғыз ұлы болғаннан кейін әрине, қиындау. Егер арқа сүйер ағаларым, артымда тірек болар інілерім болса, мүмкін қиналмас па едім. Бір-бірімізге сүйеу болып, қиындықты бірге бөлісер ме едік. Ендігі жерде анам мен қыздардың қамқоршысы, панасы өзім екенін жақсы түсінемін.
            Бір қызығы, әкем мені қайда барса да інім деп таныстыратын. Көп кісілер «Табыл, сенің осындай інің бар ма?» деп сенер-сенбестерін білмей қалатын. Сондайда «Кемпір-шалдың баласы, сосын інім деймін» деп түсіндіріп жататын. Анамды «жеңгей деп ата» деп күлетін. Өздері «інім, қайным» деп тұрған соң, екеуімен де, қалжыңдасып, ойнай беретінмін.
            Қайда бармасын, қасынан бір елі ажыраған емеспін. Достарына «Абыл екеуміз тек қызға бірге барған жоқпыз, басқасына бірге бардық» дейтін. «Өзім қалыңдық таңдап беремін» деп әзілдейтін. Мен соны шын көретінмін. «Менімен бірге қызға қалай барасың, сонда» деп сұрайтынмын. Әпкелерім туған күндерге сұранса, «Абылдан рұқсат алыңдар» деп маған жіберетін. Мен қырсығып, оларды үйден аттап бастырмайтынмын. Қайта айналып әкеме барса «Абыл не деді? Абыл жібермесе, бармай-ақ қоясыңдар да» деп жайлап қана сабырға шақыратын. Сөйтіп, әпкелерім менің сөзімнен аспай, әкемді сыйлап, ешқайда шықпай қалатын.
            -Қазір Табылдының ұлы деп сынап қарайтындар, жанашырлық танытатындар, аяушылық білдіретіндердің көптігін өзің де сезіп жүрген шығарсың...
            -Шамам келгенше, әкемнің атына кір келтірмеймін. Иманғали Тасмағамбетов ағамыз сыйлаған гитарасын өзім ұстап жүрмін. Мұндағы басты арманым – әкемнің әндерін насихаттау. Алматыға келіп, ансамбль құрсам деген сияқты жоспарларым да бар.
            -Иә, анам кітапханада жұмыс істейді. Атамыздың зейнетақысы бар. Жағдайымыз жаман емес, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз.
            - Арасында өзін, тойға шығатын боларсың...
            -Ауылдық жер болғаннан кейін концерттерге тиын-тебен төлемейді. Күн-көріс үшін тойға мүлдем бармаймын. «Ақша жетпей жүр, Табылдың балалары қиналып қалыпты» деген әңгіме естірткім келмейді. Әкемнің атына сөз келмесе екен деймін. Өнерді тойдан тиын табу үшін жаныма серік етпеймін деген ұстанымым бар. Өнерге адал қызмет етсем деймін. Қазір өзімді іштей дайындап, тәрбиелеп, үлкен сахнаға шығар алдындағы әзірлігімді жасап жатырмын.
            Әкемнің достарына үлкен алғысымды айтамын. Ақтауда да, Ақтөбеде де өткен еске алу кешінде екі темір тұлпардың кілтін ұстатты. Асқар Амангелдіұлы деген ағамыз Мақсат Мұхитдиновтың студиясына өзі жаздырып, дайындап қойған, кезінде қаржының жоқтығынан  шығара алмаған екі дискісінің бірі «Алматыда қалған қыз» альбомын шығарып берді. Әкемнің Орал қаласында тұратын сенімді досы, журналист Рашид Шақуға кітап шығарамын деп жүрген қара папкасын тапсырып, қолжазбалары мен естеліктерін, өлеңдерін кітапқа дайындауға бердік. Бұйыртса, жақында Атырау қаласында да бір кеш ұйымдастырылмақ. Курстасы Жұмабай Құлиев ағамыз да бір кітап құрастырып жатыр. Осындай достары, елі-жұрты, ұлы бар да Табылды Досымовтың аты ешқашан өлмейді деп ойлаймын!
                                                                      
                                                                       Айқын . – 2012 . – 18 қазан