Табылды Досымов:
Атырауға келгеніме жиырма жыл болды. Өнерімді тұстастарым
білгенімен, өскелең ұрпақ танымауы мүмкін. Ішінара, өнерпаз жастар болмаса,
көпшілік танымайды. Республикалық деңгейде танылуға барынша талаптанып
байқадық.
Атыраудан
сонау Алматыға барып өнеріңді қолпаштату шалғайда жатқан адамға өте қиынға
соғады. Алдымен өнер үшін тер төгу қажет, сосын өнер саған жұмыс істейді.
Қазіргі бизнестің заңымен алғанда. Ал біздер бірінші талаптан өттік пе, өтпедік
пе, білмеймін. Таза өнер үшін ғана еңбектенген адамбыз, пайдасын аса көріп
жатқанымыз шамалы. Анда-санда диск, бір-екі ән кассетасын, бір-екі жинақ
кітаптарын шығарғаным, ара-тұра бірді-екілі концерттерге қатысқаным болмаса,
басқа айтарлық жетістіктер аздау. Бұның бәрі тек ұмытылып қалмаудың айласы.
Кейде
сахнаны жартыкеш таланттардың бүлдіріп жатқанын көргенде, ауылда жүрсем де таза
өнерді лайықты рухани деңгейінде алып жүргеніме қуанамын. Жалпы, халтураға
барғым келмейді. Бір ән жазсам да, елдің есінде қалатын дүние болса деймін.
Шалғайда
жүріп өнердің құлағын ұстағанның екі жағы бар. Біріншісі, адамға үлкен рух,
қанатты сезімдер беретін өнерпаз ортамен араласу, үлкен сахналарда жиі көріну,
халыққа танылып, марапатқа бөлену деген секілді игіліктерге қол жете бермейді.
Ал екінші жағы, ауылда жүргенің – елдің рухына бөленіп, өнеріңді биік ұстауға,
жақсы шығармалар жазуыңа кейде себепші болады. Өйткені, ауылдағы адамдардың
арасы таза, рухани ортасы ақжарқын. Қалалықтармен салыстырғанда олардың өнерді
тыңдауға уақыттары да көбірек. Сахнаға күнде шығып жатқан жоқпын. Бұл сахнаны
менсінбеу емес. Ол анда-санда бір шығып, өзімді сағындырып қоюдың айласы деп
ойлаймын. Жалпы, сахнада екі өлеңнен артық ән айтып көрген жоқпын. Үш ән
айтсам, халық жалығатын сияқты болып көрінеді. Үлкен кештерімді де
ұйымдастырмай жүргенім сол. Бір есебімде, халыққа аңыз болып қалғым келеді.
Сонау Жаңаарқадағы Қорабай Есенов сияқты. Мысалы, сол кісінің айтатын жеті әні
бар, одан кейін өзінің репертуарына ән де қосқан жоқ. Сол жеті әнімен халықты
әлі күнге таңғалдырып келе жатыр. Өйткені, оның әндері тек қана өзі айтып, өзі
ғана құдірет беретін әндер. Басқа жас балалар айтып жүрген эстрадалық нұсқалары
дәл Қорабайдың өз орындауындағыдай әсер етпейді. Ол сонысымен мықты. Біз соларға
еліктеп өстік.
Біреулер
болады, шығарманы жазумен қатар, оны жақсы насихаттай біледі. Менде сол бірінші
қасиет бар да, екіншісі жоқ. Мені біреу арнайы шақырып, ұйымдастыру жұмыстарын
жүргізіп отырмаса, өзім екіжақты бәрін қатар алып жүре алмаймын. Кішкене
ауданға қарап отырған адаммын, қолымда үлкен қаржы да жоқ. Шалғайдағы бүкіл
әншілерді жинап, Атыраудан Алматыға жету дегенің өзі қыруар жұмыс.
Мәдениет
бөлімінің бастығы ретінде басқа облыстарға өнерпаздармен сапарға шығып тұрамыз.
Сонда халық мені танып, құрметтеп жатады. Өнер адамына халықтың ықыласынан
асқан сый жоқ.