Бүгінгі күннің жырауы еді...

Бүгінгі күннің жырауы еді...

Табылды Досымовтың есімі мектепте оқып жүрген кезінде-ақ біздің Индер ауданы көлемінде кеңінен танылып үлгерген болатын. Аудандық газетке өзінің өлеңдерін жариялап жүрген Табылды сол кезде бізге кәдімгі үлкен ақындай болып көрінетін.
Ол уақыттары еліміздегі барлық жастардың арманы – ҚазГУ. Табылдының да мақсаты – ҚазГУ-дың журналистика факультетінің студенті атану еді. Оның үстіне, журналистика факультеті бір жерде ғана болатын. Сондықтан, журналист болуды қалаған талапкерлердің оқуға түсуі қиынның қиыны блғаны жасырын емес. Оған тек жүздің ішінен жүйрігі ғана оқуға қабылданатын.
Шалғайдағы Атырау өңірінен Индер аудандық газетінің жолдамасын алып барған Табылды Досымовтың сол ҚазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсуі оның бірегей таланты мен қарымды қабілетінің арқасында еді. 1-курсты аяқтаған соң, ол өндірістік тәжірибеден өту мақсатында аудандық газетке келіпті. Сол өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген кезінде ол Елтай селосына іссапармен келді.
Бұл кезде менің мектеп бітіріп, оқуға түсуге даярланып жүрген шағым. Мен де ол уақытта аудандық газетпен қарым-қатынас жасап, өлеңдерімді, мақалаларымды жариялап жүрген болатынмын.
Аудандық газетпен осындай шығармашылық қатынаста болып, өзі секілді журналист болуды жоспарлап жүргенімді естіп, Табылды менімен жолықты. Ол маған жоғары оқу орнына түсуге қалай дайындалу керектігін түсіндірді.
«Ештеңеден қорықпа. Өз біліміңе сеніп, уайымдамай, табанды болсаң, оқуға түсіп кетесің», - деп маған күш-қайрат беріп еді. Табылдының сол әңгімесі шынымен маған рухани демеу болып, іштей оқуға түсетініме сенімім артып, сол жылы мен де Алматыға аттандым. Бұл 1983 жылдың шілде айы болса, келесі тамыз айында ҚазГдің студенті атанып шыға келдім.
Кейін оқу басталып, Табылды Алматыға келгенде мені көріп: «Сенімді ақтадың», - деп қатты қуанып еді. «Біздікілер осындай» деп, мені мұғалімдерімен, дос-құрбыларымен таныстырып, ауылдас деп өзіне жақын тартып жүретін.
Сонда менің байқағаным – Табылдының өз ортасында, студенттер арасында абырой-беделінің өте жоғары болғандығы. Өйткені, оның сол кездің өзінде таланты ерекше еді. Салыстырып айтқанда, Табылды бүгінгі заманның жырауы болатын. Әннің сөзін өзі жазып, әуенін өзі шығарып, әрі соны өзі орындайтын. Музыкалық аспапта да өзі ойнайтын. Мұндай бесаспап дарындыларды бұрынғы заманда жырау деп зор құрмет көрсеткен. Осындай талантымен ол кейін көптеген халық арасына кеңінен тараған әндер шығарып, оны үлкен сахналарда өзі де орындады. «Тамашаның тарландарымен» бірге халық алдына шықты.
Осындай біртуар талантты азамат Табылдының елге бергенінен әлі берері көп еді. Оның Индер ауданының мәдени-әдеби жағынан өркендеуіне үлес қосып, халыққа кеңінен танымал әндерді өмірге келтіргені өз алдына дербес әңгіме. Табылдының бар жемісті қызметін, шығармашылық жолын бір үзік естелікте толық қамтып шығу мүмкін емес.Ең өкініштісі – осындай атпал азаматтың мезгілсіз қазаға ұшырауы және көзі тірісінде өз бағасын ала алмай кетуі.
Ел үшін әлі де талай игі істерді жасауы тиіс дарын иесінің кенеттен қаза тапқанын естігенде Астанадағы тамыр-таныс, дос-жарандары қатты қиналдық. Дегенмен, оның сыр мен жырға толы лирикалық әндерінің, әдеби туындыларының мәңгі өлмейтіні шындық. Сондықтан, Табылдыдай азаматты кейінгі ұрпақтың жадынан өшірмей, еске алып отыруы ләзім. Осы орайда Табылды Досымовты еске алу кештерін ұйымдастырып, көшелерге атын беріп, еңбектері жарық көріп жатса құба-құп дер едім. Өйткені, ол осыған лайықты тұлға.
Гүлсім Еңсепова,
Астана қаласы.


Толағай мінез жігіт ең

1980-90 жылдары Алматы қаласында, соның ішінде КазГУ-деоқыған индерлік студенттердің арасында Табылдыны танымайтындар кемде-кем еді.
Өзінің қарапайымдылығы мен ақкөңілдігінің арқасында Алматыда тұратын индерліктермен Табылды үнемі аралас-құралас жүретін. Солардың ішінде Табылды менімен де жақын араласып, студенттік кезде екеуміз достасып кеттік.
ҚазГУ-дегі оқуымызды аяқтағаннан кейін, әрі соңғы 8 жылдың ішінде мен шетелдегі Елшіліктерде қызмет еткендіктен арамыз үзіліп кеткені болмаса, Табылдының өлеңдерін үнемі оқып жүруге, хабардар болуға тырыстым.
Менің Табылдымен соңғы тілдесуім – оның аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болып тұрған кезінде болған еді. Маған Вена қаласындағы Елшілікке өзі телефон шалып, Индер ауданы туралы энциклопедия дайындап жатқанын айтып, соған енгізу үшін менің өмірбаяным мен фотомды сұраған болатын. Алғашында жіберемін деп уәде етіп, Табылды әлденеше рет звондап қоймағаннан кейін, мен өзімше ойланып, ақырында өмірбаянымды жолдамауға шешім байладым.
Табылдыға өзімнің ақырғы шешімімді білдіріп, «Индер ауданының тарихы мен дамуына ойдағыдай үлес қоса алмағанымды» айтқанымда, Табылды маған қатты ренжіп: - «Осындай мен сияқты кертартпа қазақтардан шаршағанын (бұлай ойнап сөйлеуге оның құқы бар, себебі екеуміз құрдаспыз), әрі ауданның бай тарихын жергілікті халыққа танытуға жұртты қанша тырыссаң да, кейбіреулердің түсінбейтіндігі» туралы өкпесін айтып еді. Бірақ, кейінірек осы Табылды дайындаған Индер ауданының энциклопедиясын көргенде, оның айтқан сөздерінің мағынасына кезінде мән бермегенімді есіме алып, өзім өкініп қалдым.
Бұл Табылдының өміріндегі кішкентай эпизодтан алынған көрініс. Индердің атын ардақтап, өзін Толағайға теңеп, ауданымыздың атын шығаруға, талантты жастарды бауырына тартып, олардың өсуіне ықпалын тигізген Табылдыны ұмыту мүмкін емес. Жүрген жерінде біздің жақтың тарихын, жерінің байлығын, адамдарының мейірімділігін жырға қосқан Табылдымыз бүгін арамызда болса 46 жасқа толар еді...
Бүгінгі күні Табылдыны жоқтап, талантты бард-ақынды уақытында қадірлей алмадық деген белгілі адамдардың сөзін естігенде таң қаласыз. Табылды Алматыға келіп, өзінің шығармашылық кешін өткізіп, қоныс аударғысы келгенін жұрттың көбі естіген, тіпті кей кезде жұмыссыз қалып, түрлі басқа жұмыстармен айналысқанын да осы жұрттың көбі біледі, «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы шығар... Осыны біле тұра адамның қадірі өмірден кеткен кезде ғана белгілі болады-ау деген ойға қаласыз...
Әттең, қазақтың осындай талантты азаматының халқына берер туындылары әлі де көп еді. Өкінішке орай, сұм ажал арамыздан ерте алып кетті. Енді оның артында қалған әдеби мұраларын, әндерін, музыкалық туындыларын жинақтап, кітап етіп шығаруды қолға алсақ деген ұсыныс білді

Жалғас Әділбаев,
ҚР Сыртқы Істер министрлігінің қызметкері


Боздала сағынады бозбаласын

Күні кеше ғана баяғының үлкендерінше бір топ жырсүйер жан Табылдының басына барып, білгенімізді оқып, бет сипап оралдық. Оған негізгі себепкер болған Мақаттан келген ақын жігіт Асан Темір. Содан шығармашылық мұхитында шиырлап жүрген бәріміз жиналып Табылдының әр кездегі, әр сәттегі мінезін, болмыс-тұрқын еске алып, ұзақ таңды көзбен атырғандай күй кештік. Бәрі де сол Табылды бар кезіндегі сияқты.
Жалпы Махамбет пен Мұрат ақындарды іздеп кәрі Дендер бойына қарай әрі-беріден жосылатын сөзге тоқтаған қалың жұрт осы күні сол топқа Мұқағали ағасындай 50-ге бір түкіріп, 45 жасында-ақ келместің қайығына отырып кете барған Табылдыны да іздей бастағандай күй танытуда. Асылын аңдаусызда жоғалтып алып, аңырап іздейтін ата жұрттан қалған осы дәстүрдің қоңыр қылы ботадай боздамай қашан үзілер екен шіркін. Қаралы Қарой мен Қарағаштың қатарына, сол беткейде, сан асылды үнсіз бесігінде тербетіп жатқан Қаракейдің де қосылып кете барғанын осы жұрт біле ме деп жауабы жоқ сауалымызды арқалап қала береміз...
Жалауы болған жанымның,
Сағындым бәрін сағындым.
Самал желге жон тосып,
Жатыр ма екен Нарын құм,
-деп Табылдының сонау Алман жерінде әскерде жүрген кезінде жазған сағынышқа толы жыр шумақтары ойға орала кетеді осындайда. Ақынның өзі көріпкел десе, үнсіз бас изейтін көппен бірге осы өлеңін оқып, сол шындыққа тағы бір көз жеткізгендейміз.
Қараңызшы:
Шалғайдан болып несібім,
Шығандап кетсем несі мін?
Бозбала көңіл іздейді,
Боздала деген бесігін, - деген жолдарды сол қару ұстап, КСРО деген белгісіз елдің шекарасын күзетіп жүрген шағында жазып кетіпті қайран ақын.
Елкезбе көңілімен Шығыстың шайырларындай гөзалын төгіп, әр сәт сайын аңырап жететін Ақтауынан келген ақ мәрмәр кесенеден түр-тұлғасы нақ өзіндей болып көрінетін қоңыр граниттегі:
Бір құдірет тұла бойда тасқанда,
Құлаш ұрып тауға, шыңға, асқарға.
Қыр баласы тауға қарап өспейді,
Қыр баласы қол созады аспанға (Биіктік), - деген таныс жолдарды әрбір мұңлы жанар ащы өксікпен ұқсын дегендейсің.
Біз үшін сен туралы естелік жазу өте қиын. Боздаласын іздеген бозбала күйіңде қала бересің, қайран Табыл!


Cүйеу Халықов