Жазылар естеліктер мен туралы...

Жазылар естеліктер мен туралы...

ДОСЫМОВ ТАБЫЛДЫ АЯШҰЛЫ
Қазақ өнері мен әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. Белгілі бард ақын, сазгер Табылды Аяшұлы Досымов кенеттен дүниеден өтті.

         Табылды Досымов 1965 жылы 15 шілдеде Индербор кентінде дүниеге келді.
            Индердегі Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті бітірген соң 1990 жылы Қазақтың Әл-Фараби атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмәмдады. Табылдының әншілік, сазгерлік, ақындық(бард) таланты осы оқу орны қабырғасында қалыптасып, қалың жұртшылыққа жарқырай көрініп, әні құлақ құрышын қандырып, өлеңі өмір тынысын танытып, өзі сахнаның сәніне айналып еді. Атақты желтоқсан көтерілісі Табылдыны да шарпып өтті. Оқудан шығып қалып, кейін жалғастырды. Бард ақынның кейінгі өмірі тікелей телерадиокомитетте, облыстық филармонияда редактор, әнші бола жүріп «Желтоқсан жебесі» жас дарындар тобының жетекшісі қызметін атқарды. Индер ауданындағы Махамбет қорығын, тіл басқармасын басқарды, соңғы сегіз жыл шамасында Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жетекшілік етті.
            Т.А.Досымовтың «Жанарымның жарқылы», «Ұнатамын мен сені» атты жауһар жыр кітаптары, «Тәтті мұң» атты асыл әуезді үнтаспалары, «Биіктік», «Мен қазақпын», «Табылдың әні», «Қазақ елім», «Сәйгүлік», «Аманғалидың әні» тағы басқа да биік кәсіби деңгейдегі тамаша туындылары ел жүрегінен ұмытылмастай орын алды, көңілдер мен көкіректерге берік орнықты.
            Қазақстан Жазушылар Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Табылды Аяшұлы Досымовтың аяулы бейнесі жүрегімізді мәңгі сақталады.
Атырау облыстық мәдениет басқармасы
                                               Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау филиалы
                                               Қазақстан Журналистер Одағының Атырау филиалы


Индер ауданының қадірлі халқы!

            Аса талантты перзенттерің Табылдының дүниеден өтіп кеткені жүрегімізді ауыртып отыр.
            Біз тірісінде адамды бағалай білмейтін халықпыз, ал Табылды өзінің ақындығы, композиторлығы, әншілігімен бүкіл елімізге белгілі, үлкен өнер иесі еді.
            Ел азаматтары оның кәрі ата-анасына, шиеттей сәбилеріне қамқор болар деп үміттенеміз.
            Ініміздің жатқан жері жарық, иманы жолдас болғай.

                                                                                              Әбіш Кекілбайұлы,
                                                                                              Фариза Оңғарсынова.




Құрметті Қарлығаш Басарқызы!
            Аяулы да, асыл жарыңыз, танымал ақын, әнші әрі сазгер Табылды Аяшұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты қайғыңызға ортақтасып, көңіл айтамын.
            Табылды қазақ дәстүріндегі сал-серілік өнердің сорабын жаңғыртып, оны бүгінгі заманға өзінше лайықтап, ерекше өнерімен жалпақ жұртқа кеңінен танылған сегіз қырлы, бір сырлы жан еді.
            Өзі туып-өскен топырақтың мәдениеті мен руханиятына адал қызмет ете жүріп, айрықша талантының арқасында қалың елдің ерекше ықыласына бөленді, құрметін арқалады.
            Ғұмыры қысқа болғанымен, соңында қалған көркемдік мұрасы, ықыласқа кенелген әні өнер сүйер қауымның жадында мәңгіге сақталады. Жасамаған жасын, көрмеген қызығын ұрпақтарына берсін.
            Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқығай.

Иманғали Тасмағамбетов



Табылдымен қоштасу
Табылды-ай, айналайын, ай, Табылды,
Қалайша тастап кеттің байтағыңды,
Аңызға айналдың да,
Құдыреттен
Қарызға алған өмір қайтарылды...

Табылды-ай, айналайын, ай, Табылды,
Артыңда арман қалды жайқалулы.
Артыңда Абыл қалды абыржыған,
Сен айтып кетсең-дағы айтарыңды.

Табылды-ай, айналайын, ай, Табылды,
Өзіңе тең келеді қай дарынды.
Қазақтың құшағына сыймап едің,
Ажалдың құндағынан жай табылды.

Қайтеміз! Қайтеміз деп өткен бабаң,
Көгімде жырың қалды көпке арнаған.
Қарлығаш, Ақбаян мен Айнамкөзге,
Қосылып, мәңгі сені жоқтар ғалам.

Жырлайды енді ақындар тау туралы,
Жырдағы маң-маң басқан нар тұлғаны.
Қоштасу ақынменен бақұл деген –
Алқынған алтынбұлақ сарқылғаны.
...Табылды-ай, айналайын, ай, Табылды,
Арқа сүйер інім ең артымдағы...
                                                                     
Қойшығұл Жылқышиев

Намысты еді ұстатпайтын жалынан
Беу, дүние, жаратқаным, Ой, Алла-ай,
Қара жер обыр жақсыға жатыр тоя алмай.
Ел еркесі, өнердің өршіл серкесі,
Түнгі ұйқыдан қалды таңда оянбай,
Талант еді мойындатқан барлығын,
Жүрекке түйіп әсем әсер, ар-мұңын.
Осындай да байқаймыз біз баянсыз,
Тірнектеген тіршіліктің тарлығын.
Поэзияға көрсетіп бар ізетін,
Бард ақын боп сөз маржанын тізетін.
Жүрегінің нәрін құйып, жазып ән,
Сазбен өрді ізгі арманын, өз ниетін,
Шебер үнмен шертетұғын сезімді,
Гитарың да жоқтап тұрар өзіңді.
Аңсап жүрер көңіліміз егіліп,
Болсақтағы бар қайғыға төзімді.
Қырық бес жыл бәйтеректей көктедің,
Әттең, бірақ бес ондыққа жетпедің.
Анаң менен бауырыңа да жыл толмай,
Батты бізге мәңгілікке кеткенің.
Байқасақ біз, сөз қалған ғой атадан,
Өмір деген бір тұтам деп атаған.
Шыр-шыр етіп дүниеге келгенмен,
Жер бесігің құндаққа алар қайтадан.
Көк аспанда сөнгенменен жұлдызың,
Қалды артыңда Қарлығаш пен ұл-қызың.
Енді рухың жебеп жүрсін оларды,
Тіршіліктің татсын еркін дәм-тұзын.
Атың өшпес артыңа қарап бір аңғар,
Өйткені, қалған өнер деген мұраң бар.
О, әлеумет, арыстай ұлмен қоштасып,
Тек қайырын жаратқаннан сұраңдар.
Достары көп шын көңілден жинаған,
Тіпті Әбіш, Фариза ақын сыйлаған.
Бірі келіп, бірі кетіп жататын,
Штаб сынды ол тұратын үй маған.
Көзі жоқты найқалумен налыған,
Намысты еді ұстатпайтын жалынан.
Туысындай сәлемдесіп жататын,
Жас пен кәрі өте қалса жанынан.
Бағалады кезінде отан ұлын,
Қайраткерлік атақ беріп мұнан бұрын.
Қос бірдей алған еді билетін де,
Жазушы, Журналистер Одағының.
Өмір ағыс аға берер тоқтамай.
Өлу деген қандай шіркін оп-оңай.
Бізде енді еш дәрмен жоқ, қош, қош, қош,
Жайлы жатсын топырағы боп торқадай.
Ей, дүние, жаратқаным, Ой-Алла-ай,
Бар құдыретін жасай берер аянбай.
Жер астының патшалығына кеттің сен,
Қош бол дейік кәдімгі тірі адамдай.
                                                                                              Сансызбай Базарбаев
                                                                                              Атырау. – 2010 . - 19 қазан (№119)